Ақшам – менің өмір мектебім

0 51

Өткен ғасырдың 90-шы жылдары күллі Қазақстанды «қысқарту» деген «дерт» жайлады. Бұл науқан аудандық газеттің тілшісі мені де қырқып кетті. 1997 жылдың тамыз айында жұмыс іздеп Ақмолаға келдім. Әлі есімде, «Комсомольская 13/1» атты көшеде қалалық газеттің редакциясы орналасыпты. Бардым. Орын жоқ екен. Бірақ жаңа жылдан кейін штат кеңейеді деді. Кешікпей, яғни 1998 жылдың қаңтар айының 5-күні газет редакторы Жұмагүл Саухаттың арқасында «Ақмола ақиқатына» тілші болып жұмысқа орналастым.Бар-жоғы белгісіз былқылдық шымның астында көзге көрінбей ағып жатқан тұма бұлақ сияқты кішкентай газет уақыт өткен сайын арнасы кеңіп, ағыны екпіндеп, дария­ға айналды. Сол дарияның арнасын кеңітіп, ағынын түзеген азаматтар қатарында жүрдім. Қазір сол күндерді сағынамын. Бірде бастықтар «Бекен қарағым, жағасы ми батпақ Есілдің арнасын түзеп, табанындағы балдырын тазалау жұмысы жүріп жатыр екен, барып шолып келші» деп жіберді. Есілді бойлап бес шақырым жаяу жүрдім. Қаптаған адам дарияның жағасын бетондап, ернеуін гүлге көмкеріп жатыр… Арсыл-гүрсіл жұмыс. Осыған қарап тұрып, Қазақияның жаңа таңы атып, жаңа дәурені басталғанын жан жүрегіммен сезіндім…
1998 жылдың көктемінде жан-жақтан жақсы журналшылар ағылды. Жетісудан Талғат Батырхан, Жезқазғаннан Айтқадыр Тілеуов, Оралдан Таңатар Төлеуғалиев, Атыраудан Рамазан Темірхан… Бұлардан басқа Алматыдан Жанболат Аупбаев пен Ерғазы Әсембеков келді. Бірі – бірінші орынбасар, екіншісі – жауапты хатшы.
Бәріміз бір үйдің баласындай жарты нанды бөліп жеп, жұлқынып жұмыс жасадық. Кәдімгідей шығармашылық жарыс өрістеді. Бұрын кәсіби журналистиканың қазан-ошағына араласып көрмеген маған бәрі таңсық. Жазған дүниемді салбыратып орынбасар Талғатқа алып бардым. Ол кісі менің мақаламды бір көзін қысып оқиды да, сайбақ еткізіп қол қояды. Сосын айтады: «Журналистиканы оқымаған көлденеңдерден бірдеңе шығады».
Қайсыбірін айтайын. 1998 жылы күзге салым Астанада орын тепкен ақпарат мекемелері арасында футболдан жарыс ұйымдастырылды. Соған байланысты жұмыстан кейін «ақшамдықтар» доп теуіп жаттығу жасаймыз. Бапкеріміз – Ғалым ­Қожабеков. Ғалекең алдына келген допты екі көзі алайып сүзе қарап тебеді. Мен алдыма доп келсе, Ғалым құрдасым сияқты алдымен көзімді алайтып оған сүзе қараймын… сөйтіп тұрғанда доп лып етіп жайына кетеді. Алаңның жиегінде тұрған Тәкең (Талғат Батырхан) айғайлайды: «Әне бір адамды қай таудан ұстап әкелгенсіңдер, құртыңдар». Мен Тәкеңе дауыс көтермеймін жай ғана «сіз келген тауданмын» деймін сыпайы.
Содан жарыс болатын күні «Ақшам» командасы сапына менің орныма, менің аты-жөнім бойынша мықты футболшы ойнады. Оны әкелген баяғы Ғалым. Жігіттер допқа, мен үйге кеттім. Кешке теледидарға қарап отырсам, журналшылардың аяқдоп жарысы жайлы хабар беріліп жатыр. Тілші айтады: «Астана ақшамы» командасының сапында өнер көрсеткен журналист Бекен Қайрат хет-трик жасады». Мен бейбақ «хет-трик» дегеннің не екенін білсемші. Ертеңінде барлық ақпаратта бір матч­та қатарынан үш гол соққан менің «ерлігім» алаулады кеп. Осындайда болады екен…
2000 жылдың қысында Жанболат ағамыз «Егемен Қазақстанға» ауыс­ты. Оның орнына Дидахмет Әшімханұлы келді. Өткір адам еді. Газетті де қайрап жіберді. Бірде «демеушілер жетім балаларға шай-пұл береді соны жаз» деп мені жіберді. Бардым, жаздым. Бар-жоғы – 100 жол. «Жетімнің маңдайын сипа, жүрегің жұмсарады» деп тақырып қойдым. Дидакең тақырыпты көріп селк етті. Бірден «Бекен сен неше жастасың?» дегені, мен: «35-темін». Басын шайқады. Әлі ойлаймын басын неге шайқады екен…
Мына бір оқиға есімнен кетпейді. Газеттің «ақпарат» бөліміне Аманкелді Қияс келе қалды. Армиядан оралған беті. Ол заманда ақпарат табу қиямет. Әужекең жаңалық іздеп орыс газеттерін ақтарады. Аса танымал кәсіпкерді атып кеткені жайлы хабарды көреді. Соны пайдаланып кәсіпкерге оқ атылғанын және оның қаза болғанын «қайғыра» отырып жазбасы бар ма. Шын мәнінде кәсіпкерге оқ атылғаны рас, бірақ ол өлмей тірі қалыпты. Әбекең сөйтіп бір мықтыны өлтірді де жіберді. Ертеңіне газетті ұстап сап-сары кемпір келіп тұр. «Мынау не?» дейді. Аманкелді жыпылықтап кетті. Ақыры сол мекеме жайлы көлемді мақала жазып Әбекең әрең құтылғаны бар. Айта берсе, «Ақшамның» қызықтары таусылмайды…
Мен үшін «Астана ақшамы» өмір мектебім есебінде! Осы газеттің қабыр­ғасында жүріп, еңсе көтердім, оң-солымды таныдым. Тумаса да, туғандай ағайын-достар таптым. Қазірдің өзінде сол күндерді аңсап тұрамын…

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,
журналист

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

2 × three =