Ақша бұлттарды тербеткен пианист

0 128

Жақында ғаламтордан белгілі музыкант Ернар Нұр (Ернар Нұртазин) Ұлы Абай атамыздың «Желсіз түнде жарық ай» әнін фортепианода өзі орындаған бейнеролигін көріп, ерекше әсерге бөлендім. Биік шатырдың үстінде түсірілген бейнероликте ұлы ақынның сөзі мен сазы үйлескен туындысына астананың аспанында қалықтаған ақша бұлттар тербеліп тұрғандай болды.

Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің Мемлекеттік академиялық филармониясы әртістерінің еңбегін айрықша айтқан жөн. Олар карантин уақытында бір күн дамыл таппастан, халыққа өнерлерін көрсетіп, түрлі мазмұнды мәдени іс-шаралар өткізді. Біз сөз етіп отырған Ернар дарынды пианист қана емес, елорда филармониясы Симфониялық оркестрінің бас дирижері. Осы екі өнердің жетегін қатар ұстап жүрген музыкант бірқатар рес­публикалық, халықаралық байқауларда топ жарған.
Жалпы, екінші дүниежүзілік соғыс туралы жазылған музыкалық туындылар өте көп. Соның арасынан композитор Ян Френкельдің әйгілі «Тырналар» деген шығармасын таңдап алып, оны фортепианода орындап, бейнеролик түсірдім. Бұл әнді тыңдағанда көз алдыңызға сол бір қанды қырғын жылдардың қасіреті келеді. Кезінде оны Иосиф Кобзон, Муслим Магомаев секілді әйгілі әншілер нақышына келтіре орындаған. Бейнеролик сәтті шыққандай болды. Оны ғаламтордан көрген көрермендер жылы қабылдап, тілектерін жазып, жоба тағы жалғасса деген ойларын айтты. Өнер адамы ретінде бұл маған қанат бітірді. Осылай жаңа жобаны қолға алдым, – дейді Ернар Нұр.
Қазір оның орындауындағы түсірілген музыкалық бейнероликтер үлкен танымалдылыққа ие. Өйткені ондағы әрбір ойналатын музыкалық шығарма мен түсірілетін алаңдар сәтті үйлесім тапқан. Мәселен, ақын Қайрат Жұмағалиевтің сөзіне жазылған, сазгер Марат Омаровтың «Анашым» әніне түсірілген бейнероликте табиғат пен музыка арасындағы байланыс­ты орындаушы шебер жеткізе білген. Біздің кейіпкеріміз өз сөзінде әрбір туындыға ерекше мән беріп, талғампаздықпен қарайтындығын айтып қалды.
Дарынды музыканттың аз уақытта өнер жолындағы осын­дай жетістікке жетуіне, тек таланты, фортепианоның құлағында ойнайтын шеберлігі немесе ол ойнаған туындылардың танымалдылығы ғана емес, осы жобаны бірлесіп атқарып жүрген шағын топтың, яғни оператор-қоюшы Дархан Хасенов, музыкант, дыбыс режиссері Арман Мұқашев және зайыбы Назымның үлесі зор екендігін айта кетейік.
Қазір де Ернар Нұр жаңа жобаны одан әрі дамытып, тағы бір әсем шығармаға бейнеролик түсіруде. Оны да көп ұзамай тамашалаймыз.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 1 =