АҚШ-тағы дүрбелеңнің соңы немен тынады?

0 161

АҚШ-та осыдан бір апта бұрын басталған тәртіпсіздіктің басылар түрі жоқ. Наразылық акция елдің 20-дан астам штатына лезде тарады. Ашуға бой алдырған жұрттың ереуілі тәртіп сақшыларымен қақтығысқа ұласып, көшелердің астаң-кестеңі шықты. Наразылар жолдағының бәрін жайпап, қиратып жатыр. Сауда орталықтары мен кеңселер өртенген. Тонаушылық та асқына түскен. Ал биліктің пікіріне келсек, АҚШ президенті бұл оқиғаларды бейбіт шеру емес, ішкі лаңкестік деп санайды.

Бір азаматтың өлімінен тұтанған наразылық

Миннеаполис қаласында бастау алған ереуілге полицияның Джордж Флойдты тұтқындау кезінде қатыгездік көрсеткені себеп болған. Дәлірек айтқанда, 47 жастағы афроамерикалық азамат полицейдің қолынан қайтыс болды. Оқиғаға қатысқан 4 тәртіп сақшысының біреуі тұтқындалып, қалған үшеуі қызметінен босатылды. Алайда наразы жұрт бұған тоқтаған жоқ, елдегі нәсілдік кемсітушіліктің күшейіп, заң атқару қызметкерлерінің қара нәсілді азаматтарына зорлықты күш қолдануының жиілеп бара жатқанын алға тартып, Құрама Штаттардың жер-жерінде шеруге шықты. Осы жағдайға байланыс­ты Нью-Йорк шаһарынан өзге 40-тан астам қалада коменданттық сағат енгізілді. Оның ішінде Лос-Анджелес, Филадельфия мен Миннеаполис те бар. Бірақ халық биліктің талабына құлақ асатын түрі жоқ. Кейбіреулері қаруланып көшеге шығып жатыр.
Үкімет өңірде тәртіпсіздіктің алдын алу үшін полиция өкілдерінің санын екі есеге арттырды. Миннеаполис билігі өңірге ұлттық гвардия сарбаздарын тартуда. Басқа штаттардан қосымша күш те келді. Сонымен қатар қосымша күш Манхэттен мен Бруклинге де жөнелтілді. Ақ үй басшысы Дональд Трамп тәртіпсіздікті тыю мақсатында Нью-Йорк қаласына әскер жіберді. Мұндай жағдай АҚШ-та Екінші дүниежүзілік соғыс кезінен бері болмаған.
Жаппай шерулер басталғалы 11 адам қаза тапты. Чикагодағы тәртіпсіздіктер кезінде екі адамның өмірі қиылса, Лас-Вегаста ереуілшілер полиция қызметкеріне оқ атқан. Жергілікті БАҚ-тың хабарлауынша, қайғылы оқиға Федералды сот ғимаратының маңында болған. Атылған оқ офицердің басына тиген. Ізінше атыс болып, оқ атқан күдікті де жараланған. Бруклин ауданында да атыс болып, бір адам көз жұмды, екі полицей жарақат алды. Наразы жұртты тарату үшін полицейлер көз жасаурататын газ қолдануда. Қойдай тізіп, түрмеге әкетіліп жатқан адамдар да көп. Толық емес мәліметке қарағанда, соңғы бірнеше күнде 4 мыңнан аса адам қамауға алынған. Бірнеше жүз тәртіп сақшысы жараланған.

Трамп қарулы күштерді қолдана ма?

Өткен жұма күні ереуіл ел астанасы Вашингтонда да өтті. Ақ үйге қарай бет алған жұртты полицейлер бөгеп, мұның соңы бүлікке ұласты. Жағдайдың ушыққаны соншалық, Дональд Трамп отбасымен бірге бункерге жасырынған. Бұл туралы The New York Times газеті жазды. Ал CCN-нің хабарлауынша, Трамп бункерде бір сағаттай болған. Қасында бірінші ханым Мелания Трамп пен Беррон есімді ұлы болған көрінеді. Десе де, бұл ақпаратты президент әкімшілігі әзірге растаған жоқ.
Америка президенті бункерге ақ үйге қауіп төнген жағдайда ғана жасырынады. Соңғы рет АҚШ басшысы мұндай қадамға 2001 жылғы террорлық шабуыл кезінде барған. Сол кезде бункерге Құрама Штаттардың 43-президенті Джордж Буш пен вице-президент Дик Чейни түсіпті.
Вашингтондағы ереуілден кейін «менің әкімшілігім зорлық-зомбылықты тоқтатады. Америкаға құлдырау емес, өрлеу қажет. Қастық емес, достық керек. Бүліктің орнына тәртіп орнауы керек» деп мәлімдеме жасаған Трамп «ахуал тұрақталмаса, ереуілдерге қарулы күшті жұмылдырамыз» деп сес көрсетті. Негізі, 1878 жылы қабылданған заң бойынша қарулы күштер ел ішінде әрекет етуі үшін ең алдымен конгрестің рұқсатын алу керек. Алайда BBC агенттігінің хабарлауынша, Дональд Трамп 1807 жылы қабылданған «Бүлік әрекеттеріне қарсы әрекет ету туралы» заңды қолданамын деп отыр. Оған сәйкес, штат губернаторлары жаппай тәртіпсіздіктер кезінде федералдық үкіметтен әскер жіберуін сұрай алады. Алайда бірде-бір губернатор әлі ондай өтініш білдірмеген.
Демократиялық партия атынан президенттікке үміткер Джо Байден дүйсенбі күні Делавэр қаласына барып, жергілікті қара нәсілді тұрғындармен кездесті. Басқосуда бұрынғы вице-президент алдағы сайлауда жеңіске жетіп, билік басына келетін болса, полицияны қадағалау кеңесін құратынын мәлімдеді. Сонымен қатар жуық арада өзінің экономикалық бағдарламасын жария­лап, афроамерикалықтардың жағдайын жақсартуға күш салатынын жеткізді. «Біз елдің экономикасын қалпына келтіруді инс­титуционалдық құрылымдарды өзгерту арқылы жүзеге асыратын боламыз. Нәсілшілдікті жоюға күш саламыз. Біздің елде көп нәрсені өзгерту қажет» деді ол кездесуде.

Ереуіл қашан тоқтайды?

Қазір АҚШ-тағы ереуілге Еуропа жұртшылығы да үн қоса бастады. Мәселен, Грекияда 300-ге жуық адам Афинадағы АҚШ елшілігінің алдына жиналып, өз наразылықтарын білдірді. Жиналғандардың қолында «мен тұншығып барамын» деген жазуы бар плакаттар бар. Дәл осындай жағдай Франция, Германия, Нидерланд, Жаңа Зеландия елінде де болып жатыр. Батыс Австралия халқы да қозғалыстан тыс қалмады. Мұнда жүздеген адам қолдарына әртүрлі ұрандар жазылған плакаттар алып, АҚШ елшілігінің алдына жиналды. Көпшілігі қара бетперде киіп алған. Олар Джордж Флойдтың қатыгездікпен өлтірілгенін айтып, бұл өзекті мәселені жаһан болып, бірге шешу керек дейді. Ал ереуілге қыбы қанған Қытай билігі болса, АҚШ-ты нәсілшілдік кемсітушілікті тоқтатуға және аз санды ұлттардың мүддесін қорғау­ға шақырып мәлімдеме жасады.
Жалпы АҚШ-та мұндай ереуіл бірінші рет туып отырған жоқ. 1965 жылдан бері бұл елде 12 рет тәртіпсіздік туындып, соңы тәртіп сақшылары мен қара нәсілділердің қақтығысына ұласқан. Мәселен, 1965 жылы Лос-Анджелесте сақшылардың көлікпен келе жатқан екі қара нәсілді азаматын көліктен түсіріп, өне-бойын тінткеніне наразылық танытқан жұрттың айқайы тәртіпсіздікке ұласып, бір аптаға созылған бүлікте 34 адам мерт болса, 1967 жылы шілде айында қатынас қағидасына жеңіл дәрежеде қайшылық жасаған қара нәсілді жігітін ақ тәнді екі сақшының сабағанынан тұтанған наразылықтан 26 адам мерт болып, 1500 адам жараланды. Сол жылы 23 шілдеде Мичиган штатындағы нәсілдік кемсітушіліктен тұтанған наразы­лықтан 43 адам өліп, 2000 адам жараланған болатын. Осыдан кейінгі жылдарда да қара нәсілділер мен ақ тәнділер арасында дүркін-дүркін қақтығыстар туып, талай адам мерт болған.
Алайда, биылғы дүрбелеңнің зардабы өте ауыр болатын секілді. Сарапшылар алдағы уақытта жағдай бұдан да бетер ушығып кете ме деп алаңдаулы. Өйткені ереуілшілер карантиннен кейін енді ғана ашыла бастаған дүкендер мен мейрамханаларды қиратып жатыр. Сондықтан шағын және орта бизнес иелері өз кәсібін қорғап қалу үшін полицейлерді қолдайды. Кейбіреулер тіптен көшеге қолына қару алып шықпақ ниетте. «Алғашында ереуіл бейбіт түрде өткен. Алайда артынша тәртіпсіздіктер белең алды. Көбі бұған алдын ала дайындалған секілді. Мәселен, дүкендердің терезе-есігін сындыру үшін арнайы құралдар алып келген. Сондықтан бүлікке ұйымдасқан топтардың қатысы бар ма деген ой келеді» деді Вашингтон қаласының мэрі Мюриел ­Баузер.
Сарапшыларды алаңдатып отырған тағы бір мәселе – індет қайта өршіп кете ме деген қауіп. Өйткені көшеге шыққан жұрттың біреуі беттұмша тақса, біреуі тақпайды. Ал арақашықтық сақтау деген атымен жоқ. Сондықтан тәр­тіпсіздіктерге байланысты төтенше жағдай жарияланған Атланта қаласының мэрі ереуілшілердің барлығын тест тапсыруға шақырды. Айта кететін бір жағдай, АҚШ-та ереуілшілердің қатарына полиция қызметкерлері де қосылған. Ал тәртіп сақшысының қолынан қаза тап­қан Флойдтың ағасы болса, наразы жұртты сабырға шақырып әлек.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − 3 =