АҚШ соғысқа дайындалып жатыр ма?

0 247

Бұрнағы күні АҚШ президенті тағы да күллі әлемнің назарын өзіне аударды. Ол 14 тамызда Құрама Штаттардың 2019 жылға арналған, жалпы көлемі 717 млрд долларды құрайтын қорғаныс заңына қол қойды. Бұл – Пентагон тарихындағы ең көп мөлшерлі, рекордтық деңгейдегі әскери бюджет. Сөйтіп Дональд Трамп өзінің Американы «бұрын-соңды болмаған дәрежеде күшейту» жөніндегі уәдесін орындауға кіріскенін байқатты. Мұның өзі әлемде жаппай қарулану үдерісінің қайта басталып кеткелі тұрғанын да білдіреді.

Жаңа әскери бюджетке қол қою рәсімі Нью-Йорк штатындағы Форт-Драм әскери базасында өтті. Ақ үйдің қожайыны әскери қызметкерлермен сол жерде өткен жиында бұл қадамның, негізінен, Ресейдің қорғаныс қуатына қарсы тұра алатын қару-жарақ жасауға және әскерилердің айлық жалақыларын күрт көтеруге бағытталатынын жасырмай айтты. Ол сонымен бірге АҚШ армиясы қатарына алынатындар саны күрт көбейіп қана қоймай, ескірген танктердің, ұшақтардың, кемелер мен тікұшақтардың мейлінше жаңа, қазіргі заманғы модельдермен шұғыл алмастырылатынын жеткізді.
Қол қойылып отырған құжат Вашингтонның қорғаныс мақсатына келесі жылы жұмсайтын қаржысының 2018 жылғыдан 20 млрд долларға асып кетіп отырғанын көрсетеді. Трамп биылғы қаңтар айында АҚШ-тың 2019 жылғы әскери бюджеті 716 млрд доллар болатынын мәлімдеп еді. Бұл 2017 жылғы әскери бюджеттен 13 пайызға, 2018 жылғы мөлшерден 2 па­йызға артық болатын.
«Мен осыдан кейін қатты күшейіп кететініміз сондай, бізге оны [жаңа қару-жарақты] ешқашан пайдаланбайтын күн туатын шығар деп үміттенемін. Бірақ мұны жасауға тура келсе, бізге ешкім қарсы тұра алмайтын болады» деп атап көрсетті Трамп әскерилер алдында.
Бір қызығы, АҚШ президенті бұл заң жобасын республикашыл сенатор Джон Маккейн­нің есімімен атапты. Алайда Трамп әскерилер алдында сөйлеп тұрған кезінде оның атын бір рет аузына алған жоқ. Оны кездесуге қатысқан журналис­тер мен саясаткерлер де байқап қалыпты. Ал Маккейннің өзі болса «Твиттерге» аталмыш заңның қабылданғанын мақтан тұтатынын жаза келіп, оған өзінің ныспысы берілгеніне қысылатынын баяндапты.
АҚШ-тың жаңа қорғаныс бюджеті туралы заң өзінің негізгі саласы бойынша қаржы жаратуды көздейді екен. Бұлардың біріншісі – 616,9 млрд доллар Пентагонның базалық бюджеті болып табылады, 69 млрд долларлық екінші дүрмегі шет елдерде жүргізілетін әскери операцияларға жұмсалады, ал 21,9 млрд долларды құрайтын үшінші бөлігі ядролық қаруды дамыту бағдарламасын жүзеге асырады. Сол сияқты әскери бюджеттің негізгі тармақтары болып саналатын әскери қызметкерлердің жалақыларын көтеру мәселесі келесі жылы бұған бөлінетін бюджеттің 2,6 пайызға артуы арқылы қолға алынады. Бұл жалақының соңғы он жылдағы өсуінің ең көп мөлшері болғалы тұр. Бұдан бөлек, АҚШ Қарулы күштерінің қатары алдағы жылы тағы 15 мың адамға ұлғаймақшы.
Саясаткерлер Пентагон бюджетінің айтарлықтай көп мөлшері әскери техникалар сатып алуды, жаңғыртуды және құрылысын жүргізуді қарас­тыратынын алға тартады. Соның ішінде 24,1 млрд долларға 13 соғыс кемесі жасалады, 7,6 млрд долларға бесінші кезеңдегі F-35 маркалы 77 истребитель, 452 млн долларға АҚШ Ұлттық гвардиясы үшін AH-64E Apache маркалы 6 екпінді тікұшақ сатып алынады, 225 млн долларға Stryker A1 әскери бронды машиналарын, ескі ББМ мен танкілерді жаңғырту жүргізіледі.
Заңда сондай-ақ әскери техникаларды экспортқа шығаруға да біршама тежеулер салынады. Атап айтқанда, құжатта Анкараның Мәскеуден С-400 жүйелі зенитті ракеталар сатып алу жөнінде жүргізген келісіміне сәйкес АҚШ-тың Түркияға енді F-35 истребительдерін ұсына алмайтыны қарастырылған. Аталмыш құжатта бұдан әрі сондай-ақ Ресеймен және Қытаймен әріптестік қарым-қатынасқа шектеу қойылатыны атап көрсетілген. Себебі бұл елдер «әлемді өздерінің қалау­лары бойынша қайта құруға әрекеттер жасап, АҚШ пен оның одақтастарына қауіп-қатер төндіріп отыр». Осы заңның тармағына сай Америка әкімшілігі мен оның мердігерлеріне Қытайдың ZTE Corporation және Huawei Technologies компания­ларымен істес болуға тыйым салыныпты. Бұлар да АҚШ-тың «ұлттық қауіпсіздігіне қатер төндіретін» болып шықты. Бұған қоса, Пентагон қоры Америка университеттерінде қытай тілдерін үйрену бағдарламасы үшін бөліп келген қаржысын да біраз шектейтін болыпты.
АҚШ қорғаныс заңы мұндай шектеулерді Ресейге де келтіріпті. Мәселен, екі ел әскери ұшақтарының екі жақтағы территорияның үстінен бақылау ұйымдастыру үшін жасалған «Ашық аспан» келісімі шеңберіндегі ұшуларға енді тыйым салынады. Ресей мен АҚШ-тың әскери саладағы ынтымақтастығы төңірегіндегі шектеулер көбейеді. Ресей агрессиясына тоқтау салу үшін АҚШ-тың Еуропадағы әріптестерінің қорғаныс әлеуеттері күшейтіледі. Сол сияқты Ресей, Қытай, КХДР және Иран тарапынан болатын кибершабуылдар ұдайы бақылауда ұсталып, оларға тосқауыл қойылып тұрады.
Құрама Штаттардың жаңа қор­ғаныс бюджетіне қатысты қазір әлемнің әр түкпірінде ­алуа­н түрлі пікірлер мен болжамдар айтылып жатыр. Айталық, Ресей Сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков АҚШ-тың қорғаныс саласындағы шығынын бұлайша күрт арттырып отырғанына алаңдаушылық бар екенін ашып айтты. «Бір жылда салаға 720 миллиард долларға жуық қаржы жарату – әскери мақсаттағы тірліктерде бұрын-соңды болмаған көрсеткіш. Тіпті соғыс жылдарында да мұндай қаржы жаратылмайды. Мына құбылыстың өзі адамды қатты ойландырады» деді ол. Оның пікірінше, құжатта «қару-жараққа бақылау жасау саласындағы бұрыннан белгілі проблемаларды қайта таңу» әрекеті бар. Ал Қытай билігі бұл заңды тәуелсіз елдің ішкі істеріне қол сұғу ретінде айыптады. Бұл елдің сыртқы істер ведомствосының мәлімдеуінше, Қытайдың тарапына жасалған шектеулер «қырғи-қабақ соғыс дәуіріндегі ойларға суырып алынған», ол тек «Қытай–Америка қарым-қатынасын бұрынғыдан бетер ушықтыра түсетін болады».
Енді сөз соңында әлемдегі қуат­ты деген бірнеше елдің биылғы жылғы әскери бюджеттерін келтіре кетейік. Ол Қытайда – 228 млрд, Сауд Арабиясында – 69,6 млрд, Ресейде – 66,3 млрд, Үндістанда – 63,9, Францияда – 57,8, Ұлыбританияда – 47,2 млрд, Жапонияда – 45,4 млрд, ал Германия­да 44,3 млрд долларды құрайды. Байқап тұрғаныңыздай, бұлардың бәрінің бюджетін қосқанда да, ол АҚШ-тың деңгейіне жетпейді. Сонда Вашингтонның көздегені не?

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды