АҚШ пен Қытай: неге қырғиқабақ?

0 59

Қытай мен АҚШ арасындағы араздық күн өткен сайын асқынып барады. Екі алпауыт елдің арасындағы бұл текетіресті «екінші қырғиқабақ соғысы» деп сипаттап жатқан сарапшылар да бар. Жақында Чехияға сапарлай барған АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео «Қытай мен АҚШ арасында екінші кезекті қырғиқабақ соғысы жүріп жатқан жоқ. Алайда қазір Қытай ­қауіп-қатеріне қарсы тұруда біз ойламаған қиыншылықтарға дөп келдік» деп атап көрсетті.

Дипломатиялық ­қатынасты үзуге шақ қалды

Шілденің соңында АҚШ Бейжіңге Қытайдың Хьюстондағы (Техас штаты) консулдығын жабуды бұ­йырып, консул қызметкерлерінің 3 күн ішінде шығып кетуін талап етті. АҚШ-тың аяқ­астынан шығарған бұл шешімі бүкіл дүниені дүрліктірген тосын оқиға болды. Себебі 1979 жылы ашылған Хьюстон консулдығы Қытайдың АҚШ жерінен ең алдымен ашқан консулдығы болатын. Ол Техас, Оклахома, Арканзас, Миссисипи, Алабама, Джорджия, Флорида және ­Пуэрто-Рико секілді сегіз штаттың консулдық мәселелерін шешеді. Консулдықтың не себепті жабылғанына түсінік берген АҚШ мемлекеттік департаментінің өкілі Морган америкалық зияткерлік меншік пен жеке ақпаратты қорғау мақсатында осындай қадам жасалғанын айтып, дипломаттардың өздері орналасқан елдің ішкі ісіне араласуына құқығы жоқ екенін еске салды. Департамент өкілінің бұл сөзіне қарағанда, Қытай консулдығы АҚШ-та тыңшылық жасап, Техастағы ірі емханалардың коронавирус жайлы зерттеу нәтижелерін ұрлауға тырысқан болуы мүмкін.
АҚШ-тың әрекетіне жа­уап ретінде Қытай билігі де АҚШ-тың Чэнду қаласындағы консулдығын жауып, «АҚШ-тың аталған қаладағы консулдықты басқару құқығы жойылғанын» ресми түрде хабарлады. Сол күні кеште АҚШ дипломаттары еліне қайтты. Бірнеше күннен кейін АҚШ-тың Бейжіңдегі консулдығы да өз мүліктерін арзан бағада сататыны жөнінде хабарлама шығарды. Бұл жағдайға алаңдаған сарапшылар «екі ел қатынасы ушыға берсе, Бейжің мен Вашингтон дипломатиялық қатынасты үзуі де мүмкін» деп қауіптенді. Оның үстіне, АҚШ президенті Дональд Трамптың бұл жағдайға байланысты «бәрі де мүмкін» деген емеурін танытуы, шынымен де, АҚШ-Қытай қатынасы қыл үстінде тұрғанын анық аңғартты.
Консулдықтар жабылған соң, АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео Вашингтондағы Никсон президенттік кітапханасында «коммунистік Қытай және еркін әлемнің болашағы» деген тақырыпта сөз сөйлеп, Американың одақтас елдерін Қытай коммунистік партиясының ғаламдық «гегемония­лық» екпініне бірігіп қарсы тұруға шақырды. АҚШ-тың ондаған жылдар бойы Бейжіңмен ынтымақтастығынан ойдағыдай нәтиже шықпағанын, Қытайдың демократия­ға қарай бет бұрмағанын, керісінше, әлемдік кісілік құқық еркіндігіне зор қатер төндіргенін ашып айтқан ол сөзінің соңын «Қытайды өзгерту керек» деп түйіндеді.

Қарсылық санкцияға ұласты

АҚШ президенті Трамп Шыңжаңдағы қысым үшін Қытайға санкция салатын заңға қол қоюы да бықсып жатқан отқа май құйғанмен бірдей болды. Сонымен қатар, АҚШ Қытай коммунис­теріне виза беруді тоқтатты, Шыңжаңдағы ұйғыр, қазақ және өзге де мұсылмандарды қудалауға атсалысқан 11 қытайлық компанияға санкция салып, Гонконгты АҚШ-пен сауда қатынасындағы ерекше мәртебесінен айырды. Трамп АҚШ-тың мұндай қадамға Қытайды жазалау мақсатында барғанын айтып, Бейжің Британияның бұрынғы колониясы – Гонконгта «басып-жаншу әрекеттерін» жасады деп айыптады.
Reuters агенттігінің жазуынша, АҚШ-тың бұл қадамы өзіне де соққы болып тиюі мүмкін. Себебі АҚШ-тың ең үлкен оң сальдосы Гонконгпен сау­да қатынасында байқалып отыр. АҚШ Census Bureau-дың мәліметінше, өткен жылы Гонконгпен сауда қатынасындағы сальдо 26,1 миллиард долларды құраған. Сондай-ақ Гонконгта АҚШ-тың 85 мың азаматы тұрады және 1300 компаниясы жұмыс істейді.
АҚШ-тың Гонконг мәселесіне шүйлігуіне Қытайдың «қауіпсіздік туралы жаңа заңын» қабылдауы себеп болды. Аталған заңды сынаушылар «бұл заң Гонконг 1997 жылы Қытайға өткенде Бейжің уәде еткен еркіндіктерді жояды» деп алаңдаса, заңды жақтаушылар үкіметке қарсы наразылық шаралары бір жылға жалғасқан Гонконгта тұрақтылық орнатуға мүмкіндік береді деп есептейді.

Телекоммуникация қызметтері де құрсауланды

АҚШ президенті Дональд Трамп 7 тамызда қытайлық Tiktok және WeChat қосымшаларының иелерімен кез келген дәрежеде келісім жасау­ға тыйым салатын жарлыққа қол қойды. Құжат 45 күннен кейін күшіне енеді. Жарлықта Tiktok-тың Қытай коммунис­тік партиясының мүддесі үшін жалған ақпарат тарату компанияларын жүргізетін құрал ретінде қолданылуы мүмкін екені жазылған. Осыдан бұрын, яғни 5 тамыз күні АҚШ мемлекеттік хатшысы Майк Помпео АҚШ-тың қытайлық мобильді қосымшалар мен телекоммуникациялық қызметтерді тыюға, оларды қолдануды шектеуге талпыныс жасайтынын мәлімдеген болатын.
Tiktok Бейжіңдегі Bytedance компаниясына тиесілі. Түрлі эффектілермен әрленген 15-60 секундтық шағын видеоны бөлісуге арналған Tiktok әлеуметтік желісі алғаш 2016 жылы Douyin деген атаумен Қытайда таралған. Кейіннен сыртқы нарыққа шықты. 2018 жылы Muscial.ly компаниясымен қосылған соң әлемде жылдам тарала бастады. Қазір оның 1,5 миллиардқа жуық қолданушысы бар.
Алайда интернет қолданушысы Tiktok желісіне тіркелерде жеке басының мәліметін енгізуі керек. АҚШ-тың мәліметінше, Қытай осы ақпараттарды пайдаланып, шетелде тыңшылық жұмыс­тарымен айналысқан. Осы жағдайға байланысты Трамп шілде айының соңында танымалдығы күн сайын артып бара жатқан Tiktok қосымшасына тыйым салуға шақырды.
Сонымен қатар, АҚШ қытайлық WeChat ­мессенджерін қолданушылар туралы көп мәліметті автоматты түрде жинақтады деп айыптап отыр. Бұл дерек қоры Қытай коммунистік партиясына америкалықтардың жеке деректері мен меншік құқығымен қорғалған мәліметтерге қол жеткізуіне мүмкіндік беруі ықтимал. Сарапшылар АҚШ-тың Tiktok пен WeChat-қа болған шектеуі күшейсе, америкалық компаниялар теле байланыс құралдары қосымшасынан Tiktok, WeChat, Weibo-ларды толық алып тастауы мүмкін.
Америка Құрама Штаттары қытайлық мобильді қосымшаларды бұғаттаған алғашқы ел емес. Соңғы екі айда Қытай мен Үндістан арасындағы шекарадағы қақтығыстарға жауап ретінде Үнді үкіметі 106 қытай қосымшасын, соның ішінде Tiktok, WeChat, Weibo, Baidu Maps және QQ қосымшаларын жауып, Үнді­станда қолдануды бүкілдей шектеген болатын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen + 8 =