АҚШ пен Қытай араздығы соғысқа ұласа ма ?

0 38

«Біреу тойға айналғанда, біреу қойға айналады» дегендей, әлем елдері коронавируспен алысып жатқанда, АҚШ пен Қытайдың арасы шиеленісіп барады. Ресми мәлімет бойынша АҚШ-та 3 миллион 400 мыңға жуық адам індет жұқтырып, 140 мыңға жуық адам қайтыс болды. АҚШ билігі індеттің Құрама Штаттар көлемінде бұлайша ауа жайылуын Қытайдың коронавирус жайлы шын сырды жасырып, нақты жағдайды дер кезінде мәлімдемегендігінің кесірі деп санайды. Сонымен қатар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қытайға бүйрегі бұрылып, әлем елдерін дер кезінде сақтыққа шақырмауы да індеттің ырық бермей кетуіне себеп болды деп қараған АҚШ «Қытайдың итаршы ұйымына айналған» ДДҰ-дан шығатынын да ресми түрде мәлімдеп үлгерді.

Әрине, «Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды» дегендей, соңғы жылдары әлем­дік көшбасшылыққа таласқан АҚШ пен Қытай арасында COVID кеселінен басқа да келіспеушіліктер көп. Мұның ең басты себебі Қытайдың жыл сайын күшейіп, әлемдік аренадағы ықпалының артуы болса, енді бір жағынан Бейжіңнің АҚШ-тың жауларымен ауыз жаласып, олардың қолтығына су бүркіп отыруы да Ақ үйдің шамына тиді. Оның үстіне, Бейжіңнің қаржы салу, қарыз беру жолымен әлемнің түкпір-түкпіріндегі елдерді өз ықпалына енгізуі де АҚШ-қа жақпай қалғаны анық. Міне, осындай жағдайда «Құлақтың қасуына масаның басуы» тура келгендей, Қытайдан тараған індеттің бүкіл әлемге ауа жайлауы, одан АҚШ азаматтарының үлкен зардап шегуі шыққалы тұрған көзді түртіп алғанмен бірдей болды.
АҚШ президенті Дональд Трамптың COVID-19 індетін «Қытай вирусы» деп атап, найза ұшын тіке Қытайға қаратуы, сондай-ақ АҚШ-тың адамдық құқық, Гонконг, Шыңжаң, Тибет халқының қазіргі жағдайы жөніндегі мәселелерді желеу етіп «Гонконг автономия заңын», «Тайвань туралы заң жобасын», «Ұйғырларға қатысты адамдық құқық саласындағы саясат туралы заңын» мақұлдауы және Тайваньға бірнеше дүркін қару-жарақ сатып беруі, Шыңжаңдағы адам құқығын аяқасты еткен шенеуніктерге санкция салуы да Қытайдың қитығына тиді. Қытай-Үндістан арасындағы шекара дауы мәселесінде АҚШ-тың Үндістанға қолдау көрсетуі әрі Үндістанмен бірлесіп Қытайға қарсы тұру жобасын жасағаны да АҚШ-тың Қытайға ашық қарсы тұра бастағанын аңғартты. Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» стратегиялық жобасы мен телебайланыс саласындағы ең ірі компания – HUAWEI-дің 5G технологиясын әлемге жалпыластыру мақсатына АҚШ-тың кесе-көлденең болуы да жаһандық экономиканың жан тамыры мен әлемдік информацияны ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауға тырысқан Бейжіңнің кегін қозғады.
3 шілдеден бастап Қытай Оңтүстік Қытай теңізі айма­ғындағы даулы аралда ірі көлемді оқу-жаттығуын бастады. Бұған Вьетнам мен Филиппин қатаң наразылық танытса, АҚШ Оңтүстік теңіз аймағының территориялық мәртебесіне қатысты дау күшейген тұста Қытайдың әскери жаттығу өткізуі өңірлік қауіпсіздікке үлкен нұқсан жеткізеді деп мәлімдеме жасады. Сондай-ақ Бейжің әскери күштерінің даулы аймақта жаттығу өткізуіне жауап ретінде соғыс ұшақтарын тасымалдайтын ірі кемелерін, ядролық бомбалаушы ұшақтарын Оңтүстік Қытай теңізіне жіберді. Бұл – АҚШ әскери-теңіз күштерінің 2014 жылдан бері тұңғыш рет Оңтүстік Қытай теңізіне соғыс ұшақтарын тасымалдаушы кемелерін жіберуі. Бұл жөнінде АҚШ теңіз күштері «Еркін және ашық Үнді-
Тынық мұхиты аймағын қолдау үшін «USS Nimitz» және «USS Ronald Reygan» соғыс ұшақтарын таситын әскери кемелер Оңтүстік Қытай теңізінде Жапониямен бірлесіп қосарлы тасымалдаушы операциялар мен жаттығулар өткізеді» деп мәлімдеме жасады. Осылайша екі державаның бір өңірде бір уақытта әскери жаттығу өткізуі Оңтүстік теңізде соғыс болу қатерін күшейтті. Өйткені бұл оқиға, түптеп келгенде, екі державаның Азия-Тынық мұхитына үстемдік жасау үшін күрес екені бесенеден белгілі.
Оңтүстік теңіздің территориялық иелік құқығы мәселесі – Қытай, Вьетнам, Филиппин елдері арасында ұзақ уақыттан бері шешілмей келе жатқан даулы тақырып. Осыдан бірнеше жыл бұрын Гаагадағы халықаралық сот Қытай Оңтүстік Қытай теңізіндегі өзіне тиесілі деп санайтын даулы аралдарға ие болуға тарихи құқығы жоқ деген шешім шығарған. Бірақ Бейжің Гаага сотының бұл шешімін мойындамаған. Бұған АҚШ бастаған Батыс елдері қатаң наразылық танытса, ал Ресей Бейжіңнің бұл мәселеге қатысты Филиппинмен және басқа да көршілес елдермен болған дауында Қытайды қолдап шыққан. Осыдан кейін АҚШ мемлекеттік департаменті Қытай мен Ресейді халықаралық заңмен санасуға шақырды. Алайда Қытай мұны құлағына қыстырған жоқ.
Вашингтон дүйсенбі күні (13 шілде) Бейжіңнің Оңтүстік Қытай теңізінің көп бөлігін қамтитын теңіз ресурстарына болған иелігін «Мүлдем заңсыз» деп мәлімдеді. АҚШ-тың бұл мәлімдемесі Қытай мен АҚШ қатынасының тұйыққа тірелгенін аңғартып қана қал­май, екі елдің Азия-Тынық мұхит аймағындағы қақтығысып қалу қаупін арттырады. АҚШ-тың Азия-Тынық мұхиты аймағы істері жөніндегі кеңесшісі Дэвид Стилвелл де сейсенбі күні АҚШ-тың ендігәрі Оңтүстік Қытай теңізінде бейтараптықты сақтап тұра алмайтынын ашық айтты. Демек, АҚШ-тың Оңтүстік Қытай теңіз аймағына соғыс кемелерін жіберіп, оқу-жаттығу өткізуі, оған Ұлыбританияның да қолдау көрсетуі әсте тегін емес.
Ұлыбритания демекші, 13 шілде күні Ұлыбритания Қытаймен болған шиеленістің күшеюіне байланысты Оңтүстік Теңізде өтіп жатқан АҚШ-Жапония бірлескен әскери жаттығуларын қолдау үшін соғыс кемелерін жіберетінін мәлімдеді. The Times басылымының хабарлауынша, Ұлыбритания билігі құны 3 миллиард фунт стерлинг тұратын жаңа соғыс кемесін және жойғыш ұшақтарын Оңтүстік Қытай теңізіне жіберу жөнінде шешім қабылдаған. Халықаралық сарапшылар Ұлыбританияның «Ұлттық қауіпсіздік үшін қытайлық компания HUAWEI-дің 5G технологиясын пайдаланбау жөнінде батыл шешім жасап», АҚШ-пен тізе қоса Қытайға қарсы тұру бекіміне келуіне Гонконг жағдайы мұрындық болды деп отыр. Себебі 30 маусым күні Қытайдың жоғарғы заң шығару органы бірауыздан Гонконгтегі ұлттық қауіпсіздік заңын қабылдады. Ұлыбритания бұл заңның қабылдануы Қытай мен Ұлыбританияның 1997 жылғы келісіміне бүкілдей қайшы деп санайды.
Оңтүстік теңіздегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты әскери сарапшылар АҚШ пен Қытай үшін ең қауіпті сәт келді деп мәлімдеді. Daily Express газетінің жазуынша, Оңтүстік Қытай теңізінде Бейжің мен Вашингтон әскери жаттығуларды бір уақытта өткізуі аймақтағы қақтығыс қатерін арттырған. Екі жақтың да соғыс кемелері бір-біріне жақындап, қақтығыс болу мүмкіндігі күшейген.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

4 + 12 =