АҚСЕЛЕУ АМАНАТЫНА АДАЛДЫҚ

0 377

диск

Сәкентану ілімі жаңа еңбектермен толықты. Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, өнертанушы Серік Оспанов ҚР Ұлттық мұрағатында «Сәкен Сейфуллиннің музыкалық мұрасы» кітабы мен «Сыр сандық» атты Сәкен әндерінің СD үнтаспасының тұсаукесерін өткізіп, үлкен тұлғаның 120 жылдық мерейтойына тамаша тарту жасады.

Жарық көрген туындылар, автор­дың айтуынша, бес жылғы ізде­ністің жемісі. Ұлтымызда «Ама­натқа қиянат жүрмейді» деген сөз бар. Сол ұлтымыздың жоғалып бара жатқан талай ән-күйін қараңғы қапастан жарық күнге алып шыққан, әдебиет, өнер туралы сөйлесе, төгілте жөнелетін қара сөздің жорғасы, марқұм Ақселеу Сейдімбек Серік інісін Сәкеннің музыкалық мұрасын зерттеуге бағыттады. Жазыла бас­таған еңбектің қолжазбаларын өзі оқып, ақыл қосып отырды. Алайда, көпке ұзамай дүниеден өтіп кетті. «Осыдан кейін бастаған жұмысты қалай тастайсың? Оны аяқтау па­рызым деп санадым. Оның үстіне Ақселеу ағамның аманаты ретінде қабылдап, құлшына түстім» дей­ді Серік Оспановтың өзі бұл жөнін­де.

Іргелі істің басында Ақселеу тұрғаннан соң оның баянды аяқ­тал­мауы тиіс емес еді. «Сәкеннің музыкалық мұрасы» кітабының алғы­сөзінде сәкентанудың бастау­ла­рында тұрған әдебиеттанушы ғалым Тұрсынбек Кәкішев бұл туралы: «Жинақ, әсіресе, өнер­сүйер қауым үшін таптырмас олжа және бұл еңбек көптен күткен сәкентану ғылымына қосылған тың, сүбелі үлес деп бағалаймын» дейді. Ал, Қазақстанның Халық әртісі, қазақ ән өнерінің білгірі Қайрат Байбосынов: «Сәкен Сейфуллин туралы жазылған ең­бектер ұшан-теңіз. Алайда, бұл еңбектің ерекшелігі – тың деректерге толы және қа­зақ өнерінде бірінші рет бар­лық әндері нотаға түсіріліп тұрған­дығында» деп баға береді.

Шындығында да Сәкеннің ел арасында «Тау ішінде», «Біз­­дің жақта», «Көкшетау», «Ақсақ киік», «Сыр сандық» сынды көп болса бес-алты әні ғана айтылып жүр. Ал, кітаптың авторы оның өзге де әндерін тауып, оннан асырды. Және айтамын деген музыкалық сауаты бар әншілер лезде үйренуі үшін дәулескер күй­ші, Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің оқытушысы Жан­ғали Жүзбай мен дәстүрлі әнші Қайрат Айтбаевқа нотаға түсіртіп, тайға таңба басқандай етіп кітабына енгізді.

Сәкен өз жанынан ән шығарып қана қоймай, қазақ өнерінің үл­кен жанашыры болды. Мәселен, Ха­лық комиссарлары кеңесінің төр­­ағасы қызметін атқарып жүр­ге­­нінде өнер зерттеуші, этно­граф Александр Затаевичке «Қа­зақтың 1000 әні» жинағын шығару үшін 2480 рубль қара­жат бөлгізді. Жа­рыссөзге шық­қан­дардың: «Он­сыз да жет­кі­ліксіз республика бюд­­жетін Орын­бордағы шебер­ха­наларды жаң­ғыртуға, қызыл әс­керді қар­­жыландыруға бөлінсін» де­ген­­деріне қарамады. Өзі де А.Затае­вичке екі күй, төрт ән орындап беріп, жаздырады.

Осы күндері Серік Оспа­нов­тың өзі, әнімен елді тамсан­дыратын Бекболат Тілеухан және жас ән­ші­лер орындап жүрген «Ақтам­бердінің толғауы» сын­ды озық туынды да Сәкеннің арқасында елге жетті. Өз зама­нында қазақ өнерінің талай марғасқаларымен аралас-құралас болған Сәкен мұны Шашубай Қошқарбайұлынан жа­зып алған екен.

Тәуелсіздігімізді алған тұсы­мыз­­дан атаулы мерекелерде алыс­­­тағы аудан мен шалғайдағы ауыл­­дарға өнер шашу әрі меди­циналық қыз­мет көрсету мақса­тында тоқ­тайтын мәдениет пойыз­дары да жайдан-жай ой­лас­тырған дүние емес екен. Оның «арғы атасы» кезінде Сәкен ұйымдастырған «Қызыл керуен» болып шықты.

«Сәкеннің музыкалық мұ­расы» еңбегінен осындай және өзге де көптеген жаза берсең таусылмас тың деректерді табуға болады.

«Сыр сандық» СD үнтас­пасына келсек, онда тұңғыш рет Сәкеннің елге белгісіз болып кел­ген әндері техникалық өң­деу­ден өтіп, біріз­діленіп үн­тас­паға түсірілді. Және бір құндылығы – аға буын­ға жақсы таныс, алайда, жас ұр­пақ дауыстары түгілі аттарын біл­мейтін Суат Әбусейітов, Майра Жүрсінова, Игілік Омаров, Гүл­баршын Ақпанова сынды әнші­лердің орындауындағы әндер таспаланған. Мұнда тағы Сәкен «ақтардың» қолына  түсті деген­де әкесі Сейфолла күңіреніп шы­ғар­ған «Қосбар» күйі мен анасы Жамал сүйіп орындаған «Кидім камзол» халық әні де енгізілген.

Екі еңбектің де жарық көруіне мемлекет және қоғам қайраткері Оралбай Әбдікәрімов қолдау көр­сетті. «Игі іс дегенде кө­мектерін аямаған осы және өзге де көп­теген азаматтарға Алланың нұры жаусын!» дейді автор.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × five =