АҚСЕЛЕУ АМАНАТЫ

0 139

Осыдан тура он жыл бұрын «Конгресс-холда» Ақселеу ағамыздың 60-қа толғанын атап өткеніміз бар еді. Бір жылда туған үш жазушы – Төлен Әбдік, Дулат Исабеков және Ақселеу аға бір құрсақтан туған үшемдей болып сахнада отырған. Ал, біз сол кездері қызмет ететін «Қазақ әдебиеті» газеті үш тұлғаны мерейтойымен құттықтап, «Қазақ әдебиетінің үш нояны» деген тақырыппен мақалалар топтамасын жариялады.

Содан бері де, міне, он жыл өтіпті… Бүгінде көзі тірі болса, қазақтың аяулы перзенті Ақселеу ағамыз 70-ке толар еді…

* * *

Тұлғаны сыртынан тану бір бөлек, ал, жақыннан көре бастағанда жас адам қалай десек те, оны «зерттей» бастайды. Кім біледі, бұл тұлғаға де­ген сүйіспеншіліктен туатын нәрсе шығар. Әйтеуір, әрбір сөйлеген сөзі, істеген әрекеті тасқа қашап жазғандай, көкірегіңе басылып, санаңда сақталып қала береді.

Мен Ақселеу ағаны алғаш рет 2002 жылдың наурыз айында көргенмін. «Жас Алаш» газеті бас редакторының орынбасары, белгілі журналист-жазушы Қали Сәрсенбай ағамыз Ұлыстың ұлы күніне арналар мерекелік нөмірге этнограф ретінде Ақселеу ағамен әңгімелесіп, матери­ал дайындауды тапсырған еді.

Келісілген уақытта ЕҰУ-дегі кабинетіне барғанмын. Ағамыз жұбы жазылмай өткен жан серігі Қойшығара Салғараұлымен бірге шәй ішіп отыр екен.

Есікті қағып, ішке көз жүгіртіп:

– Кіруге болады ма? – деп сұрадым.

Қазақтың тарихы, тұрмыс-тіршілігі түгілі бір ауыз сөзінің өзі дұрыс қолданылуын қалт жібермей, қадағалап отыратын Ақселеу ағам күлімсіреп орнынан тұрды:

– Кел, қызым, кел! – Сөйтіп, жа­ныма таяды да, ағам әңгімесін былай жалғады:

– Сен өзің түрікше оқығансың ба?

Тосыннан қойылған сұрақ, әрине, мені таң қалдырды. Ағаның нені меңзеп, неге бұлай сұрап тұрғанын түсінбесем де:

– Түркістанда Қазақ-түрік университетінде оқығанмын. Түрік тілін сабақ барысында үйренгенім бар, – дедім.

Ол сұрақ неге қойылғаны кейін белгілі болды:

– Бәсе! «Кіруге болады ма?» дейсің. «Болады ма» емес, «бола ма»! «Болады ма?» деп түріктер айтады, – деді ағам салмақты үнмен…

Қызарақтап қалдым. «Қазақшылығының қаймағы бұзылмаған жерден шыққан адаммын» деп, іштей масаттанушы едім. Сөзден сүрінгеніме, шынында да, қатты қысылдым.

Содан кейін «бола ма» деген сөзге, әрине, абайлап қарайтын болдым. Бірақ, Ақселеу ағамен алғаш кездескен күні-ақ түсінгенім, ол кісі, расында да, қазақтың барлық асыл мұраларын, тіпті, бір ауыз сөзін де өз жөнімен қолданылып, өз қалпында сақталуын қадағалап, ұлтқа қызмет етуді мұрат еткен адам екен. Ол кісі бейне ұлт руханиятының қарауылы сияқты…

* * *

Журналистік қызметтің арқасында талай адаммен жүздесіп, елдің игі жақсыларын көруге, олардың тағылымы мол әңгімесін тыңдауға мүмкіндік алдық.

Бірақ, Ақселеу аға туралы ой­ласам бәрібір санамды сан сұрақ торлап шыға келеді.

Өз басым ағадан ең соңғы рет баспасөзге 2007 жылдың күзінде сұхбат алыппын. «Қазақтар Астанаға «тарихи астанамды жасақтасам» деп келеді» деп аталған сұхбат өзіміз қызмет ететін «Астана ақшамы» (Ол кезде «Астана хабары» болатын) газетіне басылған еді.

Сол сұхбат барысында Ақселеу ағаның өткен-кеткеннен біраз сыр шертіп, ақтарылғаны есімде.

1999 жылы сол кезде елімізде тұңғыш құрылған Білім академиясының президенті ретінде қызмет етіп жүргенін, аяқ астынан: «Аста­нада Президенттік мәдениет орталығы құрылғалы жатыр, соның тұжырымдамасын жасап, әрі ғылым саласы бойынша директордың орынбасары болып келсеңіз, Тұжырымдама жасалған күні төрт бөлмелі үй береміз», – деп ұсыныс жасалғанын, сөйтіп, Астанаға қуана-қуана көшіп келгенін Ақаң былай баяндады:

«Ол кезде шешем марқұм тірі еді. Мен өзім осы өңірдің тума­сымын ғой. Мына Астанадан 170 шақырымдық жердегі Қарағанды облысына қарасты Жаңаарқа деген ауданда туғам. Жасым да алпысқа кеп қалған еді. «Бұдан кейін маған үй берем деп қызмет ұсынбас. Есім барда шешемнің қасына жақындайын. Қалған аз ғана ғұмырымда перзенттік пары­зымды өтеп, ықылас көрсетейін» деген оймен, бір сәтте сол кездегі Білім министрі Қырымбек Көшербаевтың атына «қызметтен өз еркіммен босатуыңызды сұраймын» деп факспен өтініш жібердім. Ол кезде вице-министр Ерлан Арын еді… Бес минөттен кейін телефон соқты. «Ақа, біреу «шантаж» жасаған жоқ па, мынау рас па?», – деді. «Рас», – дедім. Жаңағыдай жағдайымды айттым. Содан кешікпей Астанаға көшіп келдік».

Шеше демекші, осы тұста Ақселеу ағаның анасы туралы мына бір әңгімені де айта кеткім келеді.

2003 жыл ғой деймін, ағамен өз шаңырағында Орал жеңгеміздің шәйін ішіп отырып әңгімелесу бұйырған. Оған дейін қаламгердің жұмыс бөлмесінде болатын әңгіме бұл жолы асүйде жалғасын тапқан еді.

Бала күнімнен қалған ет жемейтін жаман әдетім бар болатын. Ақселеу аға алдымызға келген етті турап-турап алдыма ысырып қойды да:

– Тамақ ал, – деп ұсынды.

– Аға, мен ет жемейтін едім.

– Неге?

– Бала күнімнен солаймын.

– Қой, шырағым! Астанада ет жемесең өлесің!

Дауысы әлі күнге құлағымда. Өзіне ғана тән бір әуез, наз, еркелік, бұйрық, әйтеуір бір өзіне лайық бояу бар еді Ақселеу ағаның үнінде…

Шәй үстінде жастық шағын еске алып отырып, қаламгер ағам өзінің «Жас Алаш» газетінің меншікті тілшісі болып солтүстік облыстарға барған кезін әңгімеледі. Жас шағында өзі «Монолиза» портретін керемет жақсы көреді екен. Тіпті, кейде көз алмай сағаттап сол суретке қарап отыра беретінге ұқсайды. Жұмысбасты болып, ха­бар-ошарсыз кетсе керек, бірде анасы Ақселеу ағаны соңынан іздеп келеді. Сөйтіп, үйіне келіп, жайғасқан соң, қабағын түйіп, тіс жармай отырып алады.

– Шеше, саған не болды? – дейді Ақаң алаңдап.

Сөйтсе, шешесі еңіреп жылап жібереді.

– Ау, не болды, айтсаңызшы!

– Сені неге үйленбей жүр десем… Қайдағы бір үлкен әйелге ғашық болып, айналып жүр екенсің ғой.

– Неге бұлай дейсіз?

– Онда мына сурет не?..

Шынында да, ұлының кереуетінің бас жағында ілулі тұрған «Моноли­за» портретін көрген анасы байғұс баласын әлгі әйелге ғашық болып, басы айналып жүр деп санапты. Тіпті, сол әйел өмірде бар адам деп ойлаған көрінеді, «сені айналды­рып алған» деп, оны да кінәлап, сыртынан кейіп жатыр екен. Содан кейін ғана Ақселеу аға шешесінің көз алдында әлгі портрет басылған плакатты жұлып алып, қақ айырып, қоқысқа тастайды. Анасы да содан кейін ғана тынышталады…

Бұл оқиға белгілі жазушы Әлібек Асқаровтың «Монолиза» атты әңгімесінде керемет баяндалған…

* * *

Сонымен, сұхбат, соңғы сұхбат қандай сырға толы болды? Ақселеу ағаның тағдыры неге сонша санаға салмақ салды?

Бұның жауабы 2007 жылғы 11 желтоқсан күні «Астана ақшамы» («Астана хабары») газетінде жарияланған сұхбаттың мына тұстарында жатыр.

Әңгіме үстінде мен ағадан «сту­денттерге дәріс бересіз бе?» деп сұрағам.

– Иә. Бірақ биыл лекцияны саябырсыттым. Өйткені, бір кітап жазып жатырмын. Өмірімдегі ең бір ауыр кітап болып отыр. Бәлкім, бұдан кейін қалам ұстамаспын да… – деді аға күрсінгендей болып.

Ағам жүзін терезенің сыртына бұрды. Бұл көрініс жүрегімді дір еткізді.

– Неге? – дедім мен ағаға «бұлай айтпаңызшы» дегендей жалыныш­ты көзбен қарап.

Бірақ, ағам төмен қарап, бір қағаздарды шұқылаған болды:

– Тауым шағылыңқырап жүр…

Сол жолы Ақселеу аға өзінің ауыл­дан қалаға көшіп жатқан қазақтың тағдырына алаңдайтынын айтқан. Әдеттегі күрескерлік мінезбен ұлт тағдырына, қазақ тағдырына қатысты біраз мәселеге байланысты ой-пікірін білдірген.

Сөйтсе де, әлгі жауап, «Тауым шағылып жүр» деген сөз мені алаңдата берді. Бұған дейін қай жерде көрсең де ағылшындардың аристократтарындай аппақ жей­де мен қап-қара костюм-шалбар киіп, мұнтаздай таза, жинақы, сәнді киімімен, үлкен талғаммен үйлестірген сақал-шашын тарап қойып, тікірейіп жүретін ағаның бұлай еңсе түсіргені ерсі де көрінген. Сонан соң, әңгіменің соңына қарай шыдай алмадым.

– Осыдан бірнеше жыл бұрын берген сұхбатыңызда «кеңестік дәуірде цензура ойымыздағыны жазғызбады. Енді тәуелсіздік алдық, қанша жылдан бері армандаған, өзім Алладан тілеген тақырыптарды жазам» деген едіңіз… Енді бүгін сізге «осыдан кейін кітап жазбай­мын» деп салды суға салу әсте жа­распайтын секілді, – дедім ойымды жасыра алмай.

Аға бәрібір әлденеге бекінгендей, алдыңғы күндерінде жасайтын тірлігі мен істейтін әрекетін кесіп-пішіп қойғандай нық-нық сөйледі:

– Шынында, бұдан кейін қалам ұстағым келмейді. Әрине, көкіректе жүк, қазына көп. Бірақ қауқар жоқ. Бұрын жастау кезімде мен жазу үстелінің басында он бес-он алты сағат отырғанда он бес-он алты минөт қана отырғандай сезінетінмін. Ал қазір күніне бір-екі сағаттан артық отыра алмаймын. Хал жоқ. Күш жоқ баяғы. «Баяғы күш, баяғы түсің бар ма» деп Абай айтпақшы, уақыт өзінің дегенін алады екен. Енді сол көкіректегі қазыналардың ішінен мен өзім ғана білетін, мен ғана жасай алам осыны дейтін тақырыптарды ғана алып отырмын. Шын мәнінде мұны мақтаныш сөзі деп қабылдамауы керек оқырман қауым. Мен ғана жасай алатын нәрсе, ол – қазақ шежірелеріне сүйеніп, қазақтың ауызша тарихын жазып кету. Бұлай болуының өзінің көптеген себептері бар…

* * *

Ақселеу ағамның өзі айтқан ең соңғы кітабы – «Қазақтың ауызша тарихы (Шежіре деректері мен пайымдаулар)» атты дүние. Оған дейін «Күй-шежіре», «Көшпелілер тарихы», «Қазақ әлемі» секілді зерттеу еңбектерін жазып, әсіресе күй өнерін зерделеуге ұзақ жыл­дарын арнаған ағамыздың бүкіл өмірлік мұраты қазақ рухын көтеру болғанын аңғарасың.

Қазақтың дәстүрлі әнін де қазақтың ұлттық болмысын сақтап қалудың бір құралы деп таныған ол «Сарыарқа», «Дәурен-ай», «Толғау» сияқты әндер де тудырған.

Әлгі кітап жарық көріп, мойнына артылған үлкен аманатты орындап болғаннан кейін қаламгер 2009 жылдың 18 қыркүйегінде дүниеден озды…

Терең ойға қалдыратын тағы бір жәйт, ағамен газет үшін ең соңғы рет үлкен сұхбат алған күні Ақаң менен:

– Сурет керек пе? – деп сұраған.

Редакциямызда біраз суреті бар екенін білсем де, жарияланбаған жаңа түсірілімдер бар ма екен деген оймен:

– Бар болса, көрейік! – дедім.

Ағам өзі отырған үстелдің тартпа­сын ашты да, А4 форматына келетін үлкен конвертті қолыма ұстата сал­ды. Ішінде Ақселеу ағамыздың бала күніндегі суреттерінен бастап, рес­ми, бейресми жағдайда түсірілген бірнеше фото бар екен.

– Мыналардың ішінен қарарсың, – деді ағам.

– Содан кейін әкеп берейін бе?

– Өзіңде бола берсін! Қажет десең, сақтап қой!

* * *

Ақселеу ағамның аузынан шыққан әрбір сөз, оның әрбір қимылы біз үшін бір-бір жұмбақ.

Неге өйтті екен? Сол жолы неге маған суреттерін бере салды? Неге «Тауым шағылып жүр» деді? Неге? Неге?.. Дәйім асқақ көрініп келген ағамның мұншалық мүжілуіне не себеп болды?..

Мазалайтын сұрақтар көп.

Бірақ, жас көңіл сол өзі әңгіме еткен кітапты аяқтаған соң, ағамыздың өмірі де аяқталарын сезбегені рас еді…

Бүгінде кейде әлгі суреттерге қарап отырып ойланам. Менің әппақ Ақселеу ағам өмір бойы қазақ болып қалу үшін күресіп өту үшін туған адам сияқты.

Ал кейінгі толқын – бізге, бүгінгі қолына қалам ұстаған журналистер­ге оның айтқан әрбір сөзі – үлкен аманат. Ақселеу аманаты.

Нәзира БАЙЫРБЕК

 

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

6 − 4 =