«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақпараттық саясат: Жетістіктер мен кемшіліктер

0 427

Қазір мемлекеттік органдар көбінесе мәселе ушығып бара жатқан­­нан ­кейін, басқаша айтқанда, «болары болған соң» барып қимыл­дайды. Мәселенің алдын алу үшін тиісті түсіндірме жұмыстарын жүргізу жоқ­тың қасы. Жа­уапты мекемелер осы жағын ойлай қоймайды. Сондықтан халыққа қажет ақпарат уақытында жетпейді. Астана қаласы мәслихатының мемлекеттік ақпараттық саясатты іске асыруға арналған қоғамдық тыңдауында мәслихат депутаты Мирас Шекенов осындай орынды пікір айтты.

Мысал үшін ол көмірге, қоғам­дық көліктегі жаңа жолақы жүйе­сіне қатысты халықтың түсі­ніспеушілігін келтірді. Бұл тұрғыдан тиісті басқармалар ақ­паратты тарату жағынан олқы­лық жіберіп алғанын жеткізді. Ақ­параттық саясат талқыланған жиында өзге депутаттар да назар аударатын жағдайларды атап көр­сетті. Негізгі баяндаманы жа­саған қалалық Қоғамдық даму іс­тері басқармасының басшысы Данияр Есин осы бағытта атқарылып отыр­ған жұмыстармен таныстырды.
Оның айтуынша, мемлекеттік ақпараттық саясатты үйлестіру және оны тиімді түрде іске асыру үшін қаладағы барлық басқарма басшыларының бірінші орынбасарларынан құралған жұмыс тобы құрылды. Қалалық басқармаларда БАҚ-пен жұмыс істейтін жауапты қызметкерлер бекітілді. Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын насихаттау бойынша 18 жеке медиа-жоспар әзірленді. Резонансты жағдайлар туындағанда үш сағаттың ішін­де әрекет ету механизмі енгі­зілді. Жедел ақпарат алмасу мақ­са­тында чат-мессенджерлер құ­рылды. Әлеуметтік мәселелер негізінен iKomek орталығына ке­ліп түскен өтініштер мен хабар­ламалар арқылы шешіледі. Радио­лар халыққа қажет, пайдалы ақ­паратты жедел таратуға сеп болуда.
«Зерттеу нәтижелеріне жүгінсек, Қазақстан халқының 70 пайызы әлеуметтік желілерді қолданып, 30 пайызы оларға немқұрайлы қарайды. Бұл жағынан Астана көш бастап тұр, астаналықтардың 88 пайызы желіні қолданады. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдарының жаңалықтарын танымал әлеуметтік желілерде тарату жұмысын жүргізіп отырмыз» деді Д.Есин.
Қазір Астанада 367 бұқаралық ақпарат құралы тіркелгенін, оның 259-ы тұрақты түрде жұмыс істеп тұрғанын (баспа құралдары – 208, электронды құралдар – 51), 18 телеарна мен 12 радио ақпарат таратып отырғанын жеткізген баяндамашы маңызды мемлекеттік бағдарламалардан астаналықтарды ақпараттандыру деңгейі жоғары екенін айтты. Атап айтқанда, Президенттің бес әлеуметтік бас­тамасы бойынша ақпараттандыру деңгейі 78,4 %, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары бойынша 72,8 %, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша 71%, «Нұрлы жол» мемлекеттік инфрақұрылымды дамыту бағдарламасы бойынша 70,9 % құрайды.
Бірқатар басқарма басшысы халықты ақпараттандыру жұмысы бойынша есеп бергеннен кейін құрамына «Астана ақшамы» және «Вечерняя Астана» газеттері мен «Elorda.info» сайты кіретін «Elorda Aqparat» ЖШС директоры Қайсар Жұмабайұлы қос газет материалдары негізінде Астананың 20 жылдығына тарту ретінде қазақ және орыс тілдерінде шығатын кітаптар әзірленіп жатқанын, онда елорданың бас­тауынан осы күндерге дейінгі ше­жіресі қамтылатынын айта келе, басылымдардың бағыт­та­рымен таныстырды. Газеттердегі «Депутат дауысы» және «Вестник депутата» беттерін қазіргідей екі айда бір емес, айына бір немесе екі реттен шығару ұсынысын айтты.
Мәслихат депутаты Қарақат Абден өзінің зерттеуінше, әлеуметтік желіде көбінесе тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, көлік, білім мәселелері бойынша арыз-шағымдар түсетінін жеткізді. Басқармалар тиісті жұмыстарды жүргізгенімен, халықтың бұл жұмыстардан хабары аз болып жатқанын, жастар әртүрлі мәселелер бойынша ақпарат таба алмаған соң өзіне көп сұрақ қоятынын айтты. «Википедияда» Астана туралы мәлімет беретін ресми парақша жоқтығын, бар болса орыс тілінде ғана екенін және әртүрлі, бір-біріне сәйкес келмейтін ақпараттарды ғана қамтығанын айтқан депутат елорданы әлемдік деңгейде насихаттау, бас қалаға туристерді тарту мақсатында осы олқылықты толтыру керектігіне назар аударды. Оның пікірінше, тиісті парақша орыс тілімен қатар қазақ, ағылшын, түрік және өзге тілдерде де болуы керек.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды