Ақпараттың ақ-қарасын ажырата біліңіз

Дәрігер кеңесі

0 38

Коронавирус инфекциясы кезінде, әрине, тазалық сақтау өте маңызды. Біріншіден, қолды күніне 5 рет жуу керек. Әсіресе, даладан келгенде алдымен қолды жақсылап сабынмен жуып, сосын құрамында спирті бар антисептикалық құрал пайдалану керек. Екіншіден, ауруға шалдыққан науқастардан алшақ жүрген абзал. Адам көп жиналатын орындарға бармай, дүкен, дәріханада арақашықтықты сақтаңыз. Масканы әр 3 сағат сайын жаңасына ауыстырыңыз. Үйді күніне екі рет желдетіңіз.
Тұмау белгілерін сезсеңіз, өзіңіздің учаскелік дәрігеріңізге хабарласыңыз. Жеңіл түрде ауыра бастағанда учаскелік дәрігерге айтып, тиісті медициналық көмек алыңыз. Әр науқас өз жағдайының нашарлауына жол бермеуі керек. Ғаламторда небір емдік шаралар толып жатыр. Мұндай ақпаратқа алданып, адаспаңыздар дегім келеді. Не болса соны ішіп, қолдана бермеген жөн. Өзі қорқып, шошып отырған адамдарды одан сайын әлекке салып, адастырып отырғандар да бар. Сонымен қатар күні бойы сарымсақ жеу немесе оның суын ішу басқа ағзаларға кері әсер етуі мүмкін. Сол үшін барлық ем-шараларды тек учаскелік дәрігермен ақылдаса отырып жасау керек. Біз онлайн режимде жұмыс істеп, телефон арқылы науқастың жағдайын қадағалап отырамыз. Барлық науқастар тиісті емді кешенді түрде алу керек. Өйткені бұл вирусқа тікелей әсер ететін дәрі әлі жоқ. Аурумен күресте бүкіл әлем тек бекітілген алгоритмдерге сүйене отырып ем жүргізуде.
Ауру белгі берген бірінші күннен вирусқа қарсы дәрі-дәрмектер қолдану арқылы тез жазылып жатқан науқастар бар. Бірақ иіс, дәм сезбейтін жеңіл түрімен ауырғандар арасында да өкпесі қабынғандар бар. Сол үшін иіс, дәм сезбей ауырғандар рентгенге түсуі керек. Өкпеңіз таза болса жақсы, ал қабыну байқалса, оны медициналық жолмен емдету қажет. Ең бастысы, ағзаның ауруға өздігімен төтеп беруіне, ауруды жеңуіне көмектесу керек. Ол үшін шай, су, морс сынды сұйықтық пен майлы сорпаны көп мөлшерде ішу керек. Вирусты халық емі, өзін-өзі емдеу шараларымен жоя алмайсыз. Ондай жолмен емделемін деп жүріп уақытты текке өткізіп, ауруды өршітіп алмау жағын ойлаған абзал.
Аурумен күресте иммунитетті көтеру үшін қымыз ішу туралы айтылады. Әрине, қымыздың құрамында С дәрумені сиырдың сүтіне қарағанда 10 есе көп болады екен. Ол сонымен қатар қан аздық, әлсіздік ауруларына өте пайдалы. Шипалы сусын ауырған адамның қайта қалпына келуіне жақсы әсер етеді, қан тамырын зиянды заттардан тазалайды, ағзадағы зат алмасу процесін, адамның физикалық жағдайын жақсартып, ас қорытуды реттейді, иммунитетті күшейтеді. Ал иммунитеті күшті адамның ағзасы әртүрлі вирустарға қарсы тұруға қабілетті болады. Сондай-ақ иммунитетті көтеру үшін етті молынан жеу керек. Қуырып жегеннен гөрі, асып, булап жеген пайдалы. Өзіңіз білесіз, етте ақуыз көп. Мына вирусқа қарсы күресте ақуызды көп пайдалануымыз керек. Сондай-ақ жеміс-жидекті молынан жеп, таза ауада көбірек серуендеңіз. Терең дем алып, тыныс алу жаттығуларын жасаған дұрыс.

 

Камила БАЛТАБАЙҚЫЗЫ,
дәрігер

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − six =