АҚПАРАТТАНДЫРУ АПАТТЫҢ АЛДЫН АЛАДЫ

0 199

kzcsto2

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жыл сайын Қазақстан халқына арнайтын Жолдауларында төтенше жағдай мәселесі назардан тыс қалған емес.

«Қазақстан – 2050» стратегиясының кіріспесінде айтылғандай: «Қазақстан әлемнің кез келген елі сияқты ішкі және сыртқы сын-қатерлермен бетпе-бет келетін болады, оларды ел дамуының басым бағыттарын дайындау кезінде ескеру қажет».

Бұл ретте осы стратегияда айтылған климаттың өзгеру жағдайына баса назар аудару керек. «Атмосферада және жерге жақын қабатта парниктік газдар шоғырлануының артуы жаһандық климаттың жай-күйіне мейлінше ықпал ететін болады, 2050 жылға қарай мұндай шоғырлану әлемдегі орташа жылдық температураның 3-4оС-қа жоғарлауына алып келеді. Осының салдарынан жердің құрғап кетуі, ауа райының күрт құбылуы және су ресурстарының сарқылуына апарып соғады. Климаттың жаһандық өзгеруі су басу, өрт, көшкін, қар көшкіні, мұздықтардың опырылуы, күшті сел жүруі сияқты дүлей апаттар қаупін күшейтеді» деген болжам айтылады.

Қазіргі қоғам қауіп-қатерге толы. Кейінгі кездері табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар көбейіп кетті. Көбейіп қана қойған жоқ, сонымен қатар олардың түрлері құбылып, жаңарып, жаппай қырып-жою құралдары да пайда болды. Соған сәйкес, Қазақстан Республикасында халықты және аумақты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау, елдің азаматтық қорғанысын қамтамасыз ету мақсатында арнайы заңдар қабылданып, сол қауіпсіздікті қамтамасыз ететін органдар құрылғаны мәлім. Қазіргі таңда азаматтық қорғауды қамтамасыз ететін, халықты табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғайтын уәкілетті орган – Ішкі істер министрлігінің Төтенше жағдайлар комитеті болып табылады. Қазақстан Республикасының «Дүлей нәубеттерді, апаттар мен катастрофалардың алдын алуға және жоюға бағытталған шараларды жүзеге асыру» мемлекеттік бағдарламасының, «Азаматтық қорғау туралы» заңы елдегі азаматтық қорғаныс пен төтенше жағдай саласындағы барлық мәселелерді реттейді.

Елбасы Н.Назарбаевтың «ЭКСПО-2017  Халықаралық мамандан­ды­рылған көрмесін даярлау және өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссиясын құру туралы» Жарлығында да қауіпсіздік мәселесі назардан тыс қалмады. Себебі, еліміздің абыройына тікелей қатысты аталған шараны жоғары деңгейде өткізу Қазақстан халқы үшін сын болмақ.

Технология дамыған сайын адамзат баласына төнетін қауіп те күшейе бермек. Сондықтан халықты түрлі төтенше жағдайлардан сақтандыру, ол үшін бұқаралық ақпарат құралдары арқылы елдің санасына төтенше жағдай кезінде дұрыс әрекет ету, зардап шеккендерге алғашқы көмекті көрсету тәсілдерін үйретудің маңызы өте зор. Сондай-ақ, қазіргі қолданысқа енгізілген СМС-хабарламалар мен телеарналарға тікелей қосылу арқылы халыққа ақпарат таратудың ықпалы зор екенін уақыт көрсетіп отыр.

Адамзатқа бағынбайтын табиғи күштер, дүлей апаттар мен нәубеттерден сақтану жолдарын насихаттау, халықтың қауіпсіздік саласындағы білімдерін жетілдіру арқы­лы адам шығыны мен материалдық шығынды мейілінше азайту, сол мақсатта бұқаралық ақпарат құралдарының мүмкіндігін тиімді пайдалану, дамыған мемлекеттердің халықтың азаматтық қор­ғанысын қамтамасыз етудегі, сондай-ақ табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардан қорғау бойынша озық үлгілерін, соның ішінде халықты ақпараттандырудағы әдіс-тәсілдерін игере отырып, оны отандық бұқаралық ақпарат құралдарының тәжірибесіне енгізуге талпынатын уақыт жеткен сияқты.

Айтылғандарды негізге ала отырып, төтенше жағдай несімен маңызды деген сұраққа жауап іздейтін болсақ, ол  айдан анық. Себебі, төтенше жағдай – тікелей адам өміріне қатысты. Ал, өмір адам баласына бір-ақ рет берілетінін естен шығармау керек. Ең басты құндылық осында болса керек. Адам өзінің және жақындарының өмірін түрлі төтенше жағдайлардан сақтауы үшін жылдам әрі дұрыс шешім қабылдай білуі керек. Кез келген төтенше жағдайдан хабары болуы шарт. Алғашқы дәрігерге дейінгі көмекті де білгені жөн. Сол кезде ғана ол өзіне және өзгелерге қол ұшын бере алады.

Қазақстан тарихына көз жүгіртсек, талай адамның өмірін жалмаған түрлі табиғи және техногендік апаттар болғанын жоққа шығара алмаймыз. Соның салдарынан қаншама адам ажал құшты. Аталған төтенше жағдайлардан келген материалдық шығын қисапсыз. Қазақстанда болған ірі табиғи апаттардың басым көпшілігі жер сілкінісі, су басу, қар көшкіні сынды табиғи құбылыстармен байланысты. Соның су тасқынына байланысты ең ірісі – Алматы облысы Ақсу ауданы Қызылағаш ауылында болған табиғи апат. Аталған нәубеттен 45 адам көз жұмған болатын. Толқыны 5 метрге дейін шапшып, ені 1,6 шақырымды қамтып, тау-тасты қопарып, бүкіл ауылды жермен-жексен етіп шайып кеткен дүлей су тасқыны қазақ елі үшін ұмытылмас сабақ болды. Жыл сайын көктем басталғанда осы қауіптен күдіктенеміз. Осы оқиғадан кейін халықты төтенше жағдай туралы ақпараттандыру мен құлақтандырудың қаншалықты маңызды әрі өзекті екеніне көз жеткізгендейміз. Себебі, Қызылағаштағы табиғи апат пен адам шығынына жеке меншік иесі мен бірқатар лауазымды тұлғалар кінәлі. Бұл туралы Елбасы: «Бұл – табиғи апат емес, жауапсыздықтан болған жағдай, сондықтан кінәлі адамдар заң алдында жауап беруге тиіс» деп қадап айтқан болатын.

Ақпараттандыру – құлақтандыру, ал құлақтандыру «қаруландыру» деген сөз. Халық кез келген төтенше жағдай бойынша қажетті ақпаратты алу арқылы білімі толығып, дағдысы беки түседі.

Қазақстан Республикасы Президентінің «Қазақстан – 2050» стратегиясы: қа­лып­­тасқан мемлекеттің жаңа саяси ба­ғыты» атты  Жолдауын­да айтылған, әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына кіруі жөніндегі жаңа стратегиялық мақсатқа жету үшін еліміздегі төтенше жағдайлардан халықты және аумақты қорғау жүйесін де әлемдік стандарттарға сай жасау қажет. Ол үшін, заман талап етіп отырғандай, бүкіл Қазақ­стан азаматтарын Азаматтық қорғау саласы бойынша оқытып, бұқаралық ақ­парат құралдары арқылы үгіт-насихат жұмыстарын жүйелі түрде жүргізген жөн.

 

 

Кенжегүл ТЕРГЕМБАЕВА,

Л.Н. Гумилев атындағы ЕҰУ магистранты

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

thirteen + two =