Ақпарат ағыны

0 96

Жемқорлықпен күрес жөнінде кеңесті

«Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалында жергілікті мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйым өкілдері бас қосып, 2020 жылға дейін жоспарланған сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі тапсырмаларды кезекті рет бір пысықтап алды.

«Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы Рамазан Сарпеков бастаған партиялық бақылау комиссиясының мүшелері, мәслихат депутаттары, құқық қорғау органдарының және қоғамдық ұйымдар мен БАҚ басшылары, т.б. бастамашыл топ баяндама жасап, азаматтық қоғамдық институттары мен мемлекеттiк органдар қызметінің өзара әрекеттесуiн тереңдету төңірегінде пікір алмаса отырды.
Қызу пікірталас тудырған үкіметтік емес ұйымдардың төрағалары тек мыңдық межелерге құрылған ресми баяндама оқи бергеннен гөрі, әділ атқарылған жұмыстың нақты нәтижесін көргілері келетіндігін жасырмады. Мәслихат депутаттары да кейбір асыра сілтенгенге ұқсайтын фактілерге көңілдері толмайтындығын ашып айтты. Бәрі бір ауыздан сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті қарқынды жүргізіп жатқан шенді шенеуніктерге сапалы бағыттан сәл ауытқуға болмайтындығын баса ескертті.
Шынымен де Қазақстан даму жолының сапалық жаңа кезеңінде саяси және ауқымды әлеуметтік жаңғыртуды іске асырудың сәтті болуы көбіне-көп мемлекеттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті тиімді жүргізуіне байланысты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Жаңғыртудың ең маңызды мәселелерінің бірі – сыбайлас жемқорлықпен кесімді күрес. Бізге сыбайлас жемқорлықпен күрестің жаңа стратегиясын жасау қажет» деген болатын. Сонымен қатар, ол партия iшiндегi тәртіпті нығайту, партиялық ұйымдардың белсенділігін арттыру, сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша құқық қорғау органдарының жұмысына байланысты бірқатар шарттар қойды. Енді соны тиімді жүзеге асырып, сала мамандарының дұрыс деректер ғана түзуі үшін осындай басқосулардың жиі болып тұрғаны ләзім.

Еркеғали БЕЙСЕНОВ

Алатақтада – ардагерлер

«Алау» мұзайдыны сарайында Есіл ауданының зейнеткерлері, соғыс және тыл ардагерлері арасында шахмат пен дойбыдан жарыс өтті.

Жарысқа 60-қа жуық қарт қатысты. Соның 30-ы – дойбы, қалған 30-ы шахмат тобына бөлініп, бақ сынады.
Шахматшылар ішінен Николай Комаров топ жарды. Ырысмат Күзембаев екінші орынды иеленсе, Шакен Әлібеков есімді қария үшінші орынды қанжығалады.
Дойбышылар арасынан Қуат Рақымжанов қарсылас шыдатпады. Ал, екінші орынды Болат Әмірбеков алды. Үшінші орын Есболат Дүйсеновтың еншісінде.
Шараны ұйымдастырушы Есіл ауданы ардагерлер Кеңесінің төрайымы Ырысты Атығаева аудан ардагерлерінің мұндай додаларға белсенді түрде атсалысып тұратынын атап өтті. Мәселен, жуырда ғана жасы алпыстан асқан тұрғындар арасында суға жүзуден «Динамо» стадионында өткен қалалық жарыста аудан командасы бірінші орын алған. Төрайым астаналық зейнеткерлер арасында өткен шаңғы жарысында да командалық есепте үшінші орын алғанын мақтанышпен жеткізді.

Ербол ЖАНАТ

Кеңейтілген отырыс өтті

Бұрнағы күні «Нұр Отан» ХДП Астана қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Сапар Ахметов, Астана қаласы мәслихатының хатшысы Сансызбай Есілов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Аида Балаева және партияның аймақтық филиалдары төрағаларының қатысуымен
депутаттық фракцияның кеңейтілген отырысы өтті.

Отырыс Сапар Ахметовтың сөзімен басталды. Артынша басқарма басшылары кезекпен мінберге көтеріліп, өз жұмыстары жөнінде баяндады. Баяндамаларда жеткен жетістіктер мен атқарылған жұмыстар сөз болды. Әр басшы өзінің уақытылы бітірген істері мен мерзімді тәмамдаған тапсырмаларын алға тартты. Бірақ, сын айтылмай қалған жоқ. Мәселен, Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы басшысы Малика Бектұрованың баяндамасынан кейін Аида Балаева мынадай ұсыныс білдірді: «Бүгінгі таңда жеке меншік балабақшалар көбейді. Бұл балабақшаға деген сұраныстың белгілі мөлшерін қанағаттандырып отыр. Бірақ, осындай балабақшалардың қызмет көрсетуі алдағы уақытта тек жақсара түссе екен деген тілегіміз бар. Өздеріңіз білесіздер, қазіргі таңда бизнес толық қорғауға алынған. Сондықтан мемлекеттік органдар ондай нысандарға орынсыз тексеріс жүргізе алмайды. Ал, кейбір жекеменшік балабақшаларда санитарлық норма бұзылып жатады. Оның үстіне біз балаларымызды кімдердің қалай тәрбиелеп жатқанын да толық біле алмаймыз. Осы тұста бір жаңа механизм ойлап табу қажеттілігі сезіледі. Осыны қолға алсаңыздар!» Сонымен қатар әкім орынбасары шағын кәсіпкерлер қоластында қызмет істейтін жұмысшылар тарапынан жалақының уақытылы берілмейтіні жайлы шағымның көбейгенін де айтып өтті.

Одан кейін «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағы әкімшілігінің басшысы Медер Мәселовтың баяндамасы тыңдалды. Оған сұрақты Сапар Ахметов қойды.

– Партияның Сайлауалды тұғырнамасында инвесторларға қызмет көрсететін желі орталықтарын құру туралы бөлім бар. Соның ішінде, Астана қаласында ондай орталық болуы міндетті. Қазіргі таңда елордада сондай орталық бар ма?

Баяндамашы бұл сұрақ төңірегінде жауап бере бастасымен оның сөзін бөлген С.Ахметов орталық нақты қанша инвесторды тартқаны, қаншасына қызмет көрсеткені жөнінде дерек алдағы баяндамаларда орын алуы керектігін ескертті.

Сонымен қатар, отырыс барысында кәсіп­кер­лікті қолдау, индустриалдық-инновациялық даму, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту һәм модернизациялау, «Халықтық IPO» бағдарламасы мәселелері талқыланды. Өз кезегінде сөз алған С.Есілов басқарма басшыларына қаладағы өзекті мәселелерді баяндап, оларды шешу жөнінде пікір білдірді.

АСТАНАДА – ДЭВИС КУБОГЫ

Диас Досқараев, Қазақстанның теннистен ерлер құрамасының капитаны

Қазақстан-Чехия әлемдік тобының ширек финалы өтіп жатыр. Ойын барысы туралы құрама капитанымен әңгімелестік.

– Біздің команда сапында кімдер ойын көрсетіп жатыр?
– Михаил Кукушкин, Евгений Королев, Андрей Голубев, Юрий Щукин бар. Жеңіске жеткен құрама халықаралық доданың жартылай финалына жолдама алады.
– Қарсылас команданың ойыншылары туралы не айтасыз?
– Әлемдік рейтингтің жүздігіне кіретін 3 бірдей спортшы бар. Кеше қазақстандық Михаил Кукушкин мен чехиялық Ян Хайек кездесті. Екінші ойында жерлестерімізден Андрей Голубев қонақтар сапындағы Лукаш Росолмен сынға түсті. Өкінішке қарай, отандас­тарымыз қарсыластарына жол беріп қойды. Жарыстың жұптық бәсекелері бүгін өтеді. Ертең жоғарыдағы спортшылар арасында тағы да жекелей сындар өткізілмек. Барымызды саламыз.
– Жалпы біздің команданың дайындығы қалай?
–Команданың дайындығы жоғары. Ойыншыларымыз бір апта бұрын Астанада жиналып, алдын ала дайындық жұмыстарын жүргізді. Ойын өте қиын болғалы тұр. Дегенмен, бар күшімізді саламыз. Қазақстандықтар әлемдегі үздік жүздікке кірмесе де, қонақтарға тегеурінді қарсылық білдіруге дайын. Себебі осыдан 2 жыл бұрын Чехия жеріндегі қос құрама арасындағы кездесуде жерлестеріміз жеңіске жеткен болатын. Дегенмен, олар бізге есе қайтару үшін тас-түйін дайындалып келіпті.

Әскери білімнің жай-күйі

Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде әскери білімнің бүгінгі жай-күйі мен келешекте даму мәселелері бойынша халықаралық ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Жиынға Қорғаныс министрлігінің, Ұлттық қорғаныс университетінің, Кадет корпусының және басқа оқу орындары әскери кафедраларының өкілдері қатысты. 

Шетелден Беларусь Респуб­ли­касы Әскери Академиясы мен Бе­ларусь ұлт­тық техникалық уни­­вер­­ситеті Әс­ке­­ри-техникалық фа­­куль­­тетінің де­­ле­­га­­ция­­сы қатысты. Конференцияға қа­­тысу­­шылар әскери білімге иннова­ция­­лық педагогикалық техноло­гияны ен­­­­гізудің өзектілігін, оқу орында­ры­ның студенттері мен курсанттарын дайындаудың, сондай-ақ, оқы­­ту­­шы­­лар­­дың педагогикалық әдістемелік ше­­берлігін арттырудың жолдарын талқылады. «Тақырыптың өзектілігі ортақ күшті жұмылдыру арқылы тәжірибе алмасу, ҚР ҚК әскер білім және ғылымның келешегі туралы тапсырмаларды айқындау арқылы бар проблемаларды шешуде» деді ЕҰУ әскери кафедрасының бастығы, генерал-майор Уәли Еламанов. Конференция жұмысының соңында аталған бағыт бойынша тығыз үйлестіру жұмыстарын жүзеге асыруға және кадрлар дайындау жүйесінде тәжірибе алмасуға шешім қабылданды.

«Халықтық IPO» бағдарламасын талқылады

Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының «Халықтық IPO» бағдарламасы бойынша Республикалық қоғамдық комиссиясы мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ бірлесе отырып, «Халықтық IPO» нәтижелері мен келешегі» бағдарламасының I кезеңі» атты тақырып аясында дөңгелек үстел өткізді.

Мақсат – «Халықтық IPO» бағ­дарламасы дамуының стра­­тегиялық мәселелерін үш жақты: мемлекет – бизнес – қоғам фор­­матында талқылау. Шара барысында «Халықтық IPO» бағдарламасының I кезеңін жүзеге асырудың қорытындысы шығарылып, бағдарламаны одан әрі жүзеге асыруға арналған ұсыныстарды әзірлеу мәселелері қаралды.
Жиынға ҚХА Төрағасының орынбасары – ҚХА Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев, ҚР Парламентінің депутаттары, ұлттық компаниялардың, мемлекеттік құрылымдардың, брокерлік ұйымдардың өкілдері, ЭМБ жетекшілері, ҮЕҰ, акционерлер және ҚХА Республикалық қоғамдық комиссиясының мүшелері қатысты.

Бақытсыз жағдайларды тіркеу Бюросы

Қалалық Ішкі істер департа­мен­ті жанында «Бақытсыз жағ­­дайларды тіркеу бюросы» ма­­ман­­­­­дандырылған анықтамалық-ақ­па­­рат­­тық қызметі жұмыс істейді. Бюроға өтініш түсірген әрбір қала тұрғыны өзінің жақыны мен туысының қандай жағдайға тап болғанын білу мүмкіндігі бар. Бюроға республика мен қаланың кез келген тұрғыны телефон шалуына болады. Қызмет тегін. Түскен әрбір өтінім міндетті түрде қаралады. Мекен-жайы: 010000 Астана қ, Бейбітшілік к-сі, 19. Байланыс телефондары: 8-(7172) 71-60-32, 32-69-68 (тәулік бойы).

Еркежан СӘТІМБЕК

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × 1 =