Тұрғындар тілегі жаңа міндеттерге жұмылдырады

0 17

Кеше Абай атындағы №87 мектеп-гимназиясында тағайындалғанына екі-ақ күн болған Байқоңыр ауданының әкімі Нұрбол Нұрсағатовтың халық алдындағы есебі тыңдалды. Кездесуге қала әкімі Алтай Көлгінов, әкім орынбасарлары, атқарушы биліктің басқа да өкілдері қатысты.Астана басшысы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығына сәйкес әкімдердің есеп беруі жылына бір рет өткізілуі тиіс екенін, биылдыққа алғаш рет ұйымдастырылып отырғанын жеткізді. Сондай-ақ жаңа әкімді жұртшылықпен таныстырып, жұмысына сәттілік тіледі.
– Нұрбол Төлегенұлы еңбек жолын Индустрия және сауда министрлігінен бастап, бірталай салада еңбек еткен. Құрылыс, шаруашылық саласын жақсы біледі. Қала әкімдігінде 2004 жылдан бері істейді. Іскер, халықпен сөйлесе біледі, енді өзіне сеніп тапсырған ауданның шаруашылығын ілгерлетіп әкетеді деп сенеміз, – деп әңгіменің басын бір қайырды Алтай Көлгінов.
Әкімнің айтуынша, өткен жылғы есеп беруде тұрғындар айтқан өтініш-тілектер, арыз-шағымдар түгел ескерілген. Кейбіреулері шешімін тапқан, енді біреулер өз кезегін күтіп жатыр. Әлбетте, оның бәріне уақыт керек екені түсінікті.
– Атқарушы биліктің басты міндеті – халықтың хал-ахуалын жақсарту. Тұрғындардың күнделікті және ұзақ мерзімді проблемаларын шешіп беруге тиіспіз. Үйлердің қасбетін жаңарту, аулаларды абаттандыру, жол жөндеу, жарықтандыру, әлеуметтік-медициналық, спорттық-мәдени нысандарды салу – мұның бәрі – үлкен қажыр-қайратты қажет ететін қат-қабат жұмыстар. Былтыр көп жылдардан бері оң шешімін таппай келе жатқан үлескерлер жағдайын бірталай жақсарттық, – деді А.Көлгінов.
Мұнан кейін сөз кезегін Нұрбол Нұрсағатовқа ұстатты. Аудан әкімі былтыр аумақта атқарылған жалпы жағдаймен таныс­тырып өтті. Ол кісінің айтуынша, ауданда 234 аула бар, соның 67-сін абаттандыру қажет. Мұның бәрі бір жылда атқарылатын жұмыстар емес. Биыл 39 аулаға жөндеу жүргізіледі деп жоспарланған. Былтыр 23 аула жасалып, көгалдандырылған екен.
Аудан әкімі саябақтар мен гүлзарлар мәселесіне де тоқталды. «Аудан аумағында 1 саябақ және 23 гүлбақ орналасқан, олардың да іші реттеліп, кемшін тұстары қалпына келтірілді. Өткен жылы «Қаламгерлер аллеясы» ашылды. Алдағы уақытта тағы 3 гүлзар салынбақшы. Сондай-ақ Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіровтің 125 жылдығына орай «Үш арыс» ескерткіші орнатылды.
2019 жылы кәсіпорындардың, ұйымдардың, шағын және орта бизнес субъектілерінің, коммуналдық шаруашылық, пәтер иелері кооперативтерінің, сондай-ақ тұрғындардың қатысуы­мен аудан аумағында 3200 ағаш егіліп (2018 жылы – 1200 тал), 10400 шаршы метр гүлзарлар жасалды, 12600 бұталар (тал-шілік) отырғызылды.
Сонымен қатар Жастар сарайы­ның алды және Республика даңғы­лының жерасты өтпе жолы қалпына келтірілді. 18 ауланың төсемесі ауыстырылды, көлік тұрақтары мен жаяу жүргінші жолдарын жөндеу жұмыстары жүргізілді.
– Биыл қар ерекше жауды, ол көшелерді санитарлық тазалауға көп қиындық туғызды. Былтыр қыста 500 мың текше метр қар шығарылды. Сондай-ақ көктем мен күз мезгілдерінде экологиялық айлықтар өткізіліп, 5 жалпықалалық және коммуналдық сенбілік ұйымдас­тырылды. Бұл жұмыстарға 15 мыңнан астам тұрғын мен 1600-дей кәсіпорын қатысты. Мұнымен қоса, 80 қоқыс үйіндісі жойылып, 2300 тоннадан астам қоқыс шығарылды, – деді Нұрбол Нұрсағатов.
«Нұрлы жер» бағдарламасына сәйкес, апатты үйлерді сүру жұмыстары жалғасуда. Жоспар бо­йынша ауданда 13 көпқабатты үй сүрілуі тиіс, 2020 жылы олардың 9-ы сүріліп, тұрғындар басқа қонысқа көшіріледі. 2019 жылы көппәтерлі 4 тұрғын үйдің адамдары жаңа пәтерлерге кірді.
Тұрғындардың талап-тілектері бойынша Байқоңыр ауданында өткен жылы 284 жаңа контейнер алаңы жабдықталып, 68 қоқыс орны жөнделген. Ағымдағы жылы тағы 90 контейнер алаңы орнатылып, 150 қоқыс орны жөнделмекші. 246 арнайы техника күнделікті аумақты санитарлық тазалау жұмыстарын жүргізеді.
Нұрбол Нұрсағатов сондай-ақ денсаулық сақтау, білім беру, кәсіпкерлік, қауіпсіздік, тағы бірқатар мәселелер жайында әңгімеледі. Байқоңыр ауданы әкімінің есебінен кейін тұрғындардың өтініш-тілектері тыңдалды. Алғаш болып сөз алған қала тұрғыны Жанна Жиенқұлова өз күшімен құдық салғанын, бірақ коммуналдық қызмет оны жекеден ажыратып, қаланың орталықтандырған жүйесіне қосқанын айта келіп:
– Былтыр қар тазалау кезінде құдықтың қақпағын зақымдап кетті, содан оның іші шүпілдеп суға толып тұр. «Қалалық су арнасы» МКК-ға құдығымды тазалап, қақпағын жөндеп беріңдер деп алты рет бардым, еш нәтиже жоқ, – деп шағымданды.
Шаһар басшысы Алтай Көлгінов «Қалалық су арнасы» МКК өкілін орнынан көтеріп, «мына кісінің жағдайын міндетті түрде бүгін шешіңіздер!» деген тапсырма берді.
«Өндіріс» тұрғын үй алабының өкілі Мейрамхан Төлегенов суға, жарыққа, жолға, сондай-ақ үйін заңдастыруға қатысты бірнеше мәселені көтерді.
– Кезінде үй салу үшін жер сатып алғанымызда оның құжаттары қате рәсімделіп кеткен. Соның құжатын, міне, 15-16 жылдың жүзі болды, әлі дұрыстай алмай келеміз. Алапта 122 үй бар. Су жоқ, балалар бидонмен, кәткемен оны Лесозаводттан тасиды. Электр желісін де әркім өзінше тартып алған, сонда олар қауіпсіздік ережесін ескермеген. Сымдар салбырап жатыр. Боранды, дауылды күндері ол бір-біріне тиіп, қысқа тұйықталса, өрт шығады ма деп қорқамыз. Жол жоқ. Балалар мектепке қыста қарды омбылап, жазда батпаққа батып барады. Жағдайымыз қиын. Осыны айтып ашпаған есігім, бармаған мекемем жоқ, – деп күйзелді ол.
АРЭК-ке электр бағанын орнатып беріңдер деп өтініш айтқан екен, ондағылар әр баған үшін 180 мың теңге сұрапты.
Алтай Көлгінов АРЭК-тің өкіліне: «Бұл қайдан алынған баға?» деп бір шүйлігіп алып, «Өндіріс» тұрғын үй алабының проблемасымен таныспыз. Оны алдағы жылдары біртіндеп шешуге тырысамыз. Бұл бір жылда атқарыла қоятын мәселе емес. Сәл шыдаңыздар!» деді арызданушының сөзін тыңдап болып.
«Өндірістің» енді бір тұрғыны Жүнісбек Әміреев көшесінде нөсерсу арнасы жоқтығын, соның салдарынан еріген су жертөлесіне толып қалатынын айтып шағымданды.
– Өңірде қар дұрыс тазаланбайды. Қазір үйіміздің жанында тау болып үйіліп жатыр, ертең көктемде ерігенде қызылсуға бататын шығармыз?! – дейді ол.
– Биыл қардың ерекше қалың түскенін білесіздер. Қазір орталық көшелердің бәрін тазалап біттік, енді шеткі аймақтарды аршуға кірісеміз. «Казгидрометтен» 7 ақпанда қар аралас алапат жауын келе жатыр деген хабар алдық. Ол өткеннен кейін көктемгі селдің алдын алу шараларына кірісеміз, – деді Алтай Көлгінов.
Сондай-ақ санитарлық тазалау жұмыстарымен «Астана тазалық» АҚ айналысатынын, сондай-ақ тағы 70-80 компания осы салада жұмыс істейтінін жеткізді. Олардың бірқатары өз міндеттеріне селқос қарамайтынын, кейбіреуімен шартты үзгендігін тілге тиек етті.
Қоянды ауылынан қатынап жұмыс істейтін Болат Садықов жылы аялдаманы көптеп орнатуды сұрады.
Оған әкім былай деп жауап берді:
– Ауданда 189 аялдама пунктері, 144 аялдама павильондары бар, олардың 13-і – жабық типтегі павильондар. 2019 жылы 6 аялдама кешені орнатылды, «Өндіріс» тұрғын үй алабындағы 2 павильонға жасалды.
2020 жылы жеке инвесторлардың қаражаты есебінен 13 жабық типтегі аялдама кешені жоспарланған. Көлікті және қаланың жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы есебінен 17 жабық типтегі аялдама салынбақшы.
Аудан әкімі Нұрбол Нұрсағатов жаңадан сайланғандықтан ба, әлде Алтай Көлгіновтің қаланың жағдайын жақсы білетіндігінен бе, тұрғындардың сауалдарына астананың басшысы өзі жауап беріп отырды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды