©2020 Астана Ақшамы
Ақпан келер ақырып
Күнді «қарға адым ұзартқан» қаңтар жайлы басталды, арагідік арқасы қозғаны болмаса. Кеше де қытымырлана келіп, бүйірден қыса қалды. «Ақпан ақырып келеді» дейтін еді апам. Келіп қалған екен ғой. «Ақпан – алдамшы» деп те айтатын ауыл көнекөздері. Бір бетіңнен қыздырса, екінші бетіңді мұздатады. Бір қолымен маңдайдан сипап, екінші қолымен шерте салады. «Жақсылығына барса – құт, жамандығына барса – жұт» айы екен.
Ақпан – тұрақсыз: кейде аяздың беті қайтып, сынады, кейде аспан түнеріп, жапалақтай қар жауады. Бұрқасынды да, ашық та күндері көп… Ақпанда қыс пен көктем белдеседі. Қаңтарда бұрқасын, боран тәулік бойы соқса, ақпанда түнде, таң алдында соғады… Ақпан борандайды, келер наурыз – жылауық. Ақпан аяғында аяз айылын жиып, қыс қаһарынан айырылады.
Бұл – өлара шақтағы ойға орала қалған орамдар. Енді қос айға кеңірек тоқталып, халық берген «мінездемеге» көз жүгіртелік. Ақпанның бел ортасында қыс пен көктем ұшырасады екен. Бұл күні ауа райы қандай болса, көктем райы сол тақылеттес болмақ. Қар жауса, көктем – жаңбырлы.
…«Амал ақпаннан басталады», «Ақпан ақырып келеді, жан-жағын шақырып келеді», «Ақпанның ақ түтегі» деген тіркестерді ел ішінен жиі құлақ шалады. Сарыарқаның шығыс жағы қаңтардың аяғындағы ақпанға ұласқан боранды «Қаңтар ақпанға тапсырып жатыр» дейді екен. «Сен айыра алмаған атан өгіздің маңдайын мен қарс айырайын. Маған бер!» деп, ақпан қаңтардан алып жатыр» деп те әңгіме қылады. Ал, Сарыарқаның батысы бұл уақытты «Қаңтар: «боз тоқтыда құйрық қалды, бойжеткенде бұғақ қалды. Ақыр ақпан, ақыр» деп, ақпанға тапсырады екен» деп әсерлей айтады. Сарыарқада осы айдың орта шенінде өтетін «Ақпанның ақ шелегі» деген бар. Бұл уақытта бура шөгіп, інген қайиды екен.
Ақпанның қосымша атауларының бірі – Екі ағайынды. Жетісу өңіріндегі халық әлі күнге ақпанды осылай атайды. Басқа өңірлерде «Күн қаңтарда қарға адым ұзайды, ақпанда ат адым ұзайды» десе, Жетісу халқы «Күн қаңтарда қарға адым ұзайды, екі ағайындыда елік адым ұзайды» дейді. Ақпанның бір аязында ағайынды екі жігіт тоңып өліпті-міс, содан осылай аталыпты. Мұнда «Қытайдың жуы» деген мезгіл де бар. Қытайдың жуы желтоқсанның 22-сінен басталады да, тоғыз күннен тоғыз рет қайталанады. Яғни, ақпан айының аяғына дейінгі уақыт. Бұл – қыстың аяздатып, суытатын мезгілі. Алғашқы бес жуы қатты болатын көрінеді. Өйткені, халық арасында «Бесінші жуда бел шешеді» деген мәтел бар. Соған қарағанда, бесінші жудан кейін ғана аяз бәсеңситін болуы керек. «Тоғызыншы жудан кейін тобықтай жер қалмайды». Үшінші жуды «сән жусан» дейді. Бұл уақытта «желіп бара жатқан ит қатып қалады», жолаушы далада үсіп қалмасын деп үйдің есігін ілмей жатады жұрт.
Атырау, Маңғыстау өңірлерінде қаңтар-ақпан айларында орын алатын аязды мезгілді «Итбалықтың кіндік қатырмасы» деп атайды. Ықылым заманнан Каспий теңізін мекен ететін итбалық қаңтар-ақпан айларында күшіктейді екен. Міне, дәл осы кез – «итбалықтың кіндік қатырмасы». Олай дейтін себебі, ақкүшіктердің кіндігі мұзға жабысып үзіледі.
Батыс өңірде бұл суық мезгілді «Қазыбек наурыз» деп те атап жатады. «Қазыбек наурыз» – ақпан айының дәл ортасы. Бұл жөнінде мынадай аңыз бар: «Қазыбек бай болған адам. Қыстың күні бір көлдің ортасында отырады екен. Бірде «Ал, мына көлді су алып кетеді, көшіңдер» деп, көршілеріне хабар береді. Содан соң балаларына «Жазғы отыратын жерге қардан аққала соғып, соған көшейік» дейді. Қар тізеден тұрған уақыт екен. «Құттың қары ериді» дейді. Өзі киізден ықтырма жасап, қара жерге көшіп барады. Айтқанындай, ақпанның ортасында қар еріп, мұз жүріп кетіпті. Сөзіне құлақ салмай, қалып қойғандар суға кетіпті. Содан бастап осы уақыт «Қазыбек наурыз» деп аталған».
Қыстаудан ойы да, тірлігі де қашық біз үшін ақпан жай ғана ай аты. Кешегі көшпелі бабамыз ақпанмен арпалысып өтетін, қойшы көңілі күдік пен алаңға толы уақыт кезеңі еді. Сол себепті халық «Ақпан ақырып келеді, жан-жағын шақырып келеді», «Ақпанның ақ түтегі» деп, қыстың бұл мезгілін сақтықпен өткізіпті…
Асхат РАЙҚҰЛ