АҚМОЛАЛЫҚ ДИВИЗИЯ ТУЫ ЭСТАФЕТАҒА ШЫҚТЫ

0 138

IMG_2994

Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық ұйымының бастамасымен Сталинград шайқасында ерлік көрсеткен 72-ші Ақмола гвардиялық атқыштар дивизиясының жауынгерлік туының көшірмесі өткен жылы елордамыз Астанаға жеткізілген болатын. Жақында сол тарихи ту салтанатты жағдайда Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы әскери бөлімшесіне сақтауға берілген еді.

Сейсенбі күні Ұлттық ұлан офицерлері мен сарбаздары Ұлы Жеңістің 70 жылдығына орай Отан үшін алапат шайқасқа түскен ақмолалық дивизия майдангерлерінің рухын көтерген тарихи туды ел аймақтарындағы әскери бөлімшелерде қызмет атқарып жүрген жауынгерлерге көрсету мақсатында эстафетаға шығарып салу шарасы өтті. «Біз – Жеңістің мұрагерлеріміз!» атты акция аясында соғыста желбіреген туды ұстаған жас сарбаздар алдымен Қарағанды қаласына жол тартты.

– Ұлттық ұланға сақтауға берілген тарихи ту еліміздің аймақтарындағы әскери бөлімшелерге жіберілді. Бұл туды қазіргі Астанамызда жасақталып, Сталинград шайқасында өшпес ерлік танытқан 72-ші гвардиялық дивизия сапында болған жерлестеріміздің рухын бізге жеткізіп отырған  жәдігер десек те болады. Тарихи деректерге сүйенсек, Сталинград шайқасы жалпы Ұлы Отан соғысында бетбұрыс жасаған майдан болғанын білеміз. Демек, біздің майдангер аталарымыз қиян-кескі ұрыстарға қатысып, фашизмнің бетін қайтаруға, бүгінгі ұрпаққа бейбіт өмір әкелуге шексіз үлес қосқан жауынгерлер болып саналады. Сондықтан біз қай уақытта да жеңімпаздар ұрпағымыз деп марқайып жүруге тиіспіз. Осы рухты өзімізден кейінгі жастарға да сіңіре білсек, нұр үстіне нұр болмақ. Ұлы Жеңіске орасан үлес қосқан дивизияның туын эстафетаға шығару акциясы да осы мақсаттан туындаған игілікті шара деп білемін. Осындай ерлікті асқақтатқан шараға жауынгер-интернационалистердің де өзіндік үлес қосып жүргенін мақтан етемін, – дейді Астана қаласының «Ауғанстан соғысы мүгедектері мен ардагерлері одағы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Серік Кенжебеков.

Сонымен, Ұлы Отан соғысында айрықша ерлік танытқан 72-ші Ақмола гвардиялық атқыштар ди­визиясының тарихи туы ел аралап кетті. Ол енді Жеңіс күні қарсаңында Астанаға қайта оралып, елорда төрінде өтетін шеруде де желбірейтін болады.

Ғалым ҚОЖАБЕКОВ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − 6 =