Ақмоладан Сталинградқа дейін…

0 120

Біз үшін Жеңіс күні – өте маңызды, өте қас­терлі мереке. Миллиондаған жауынгерлердің және бейбіт тұрғындардың өмірін қиған сұрапыл соғыстың әрбір әулетке қатысы болды десек артық емес.Бұл мерекені біздің отбасымыз­да ерекше құрмет тұтады. Осы өзіміздің Ақмолада дүниеге келіп, барлық саналы ғұмырын осы қалада өткізген ардақты атамыз Оралбек Байжиенұлы Кенетаев 1916 жылы 9 мамырда туған еді. Өкінішке қарай, бүгінде майдангер атамыз ортамызда болмағанмен, оның естеліктері, суреттері, марапаттары біздің көңілімізде сайрап тұр. Атамыздың өткен жолы, әсіресе соғыс туралы тебіреніспен айтқан әңгімелерін қызыға тыңдайтын едік. Қазір сол күндер сағынышқа айналды.
Атамыз жастық шағын әкесі Байжиенмен және анасы Әниламен, апа-қарындастарымен Ақмола қаласында өткізді. 1939 жылы Ақмола облыс орталығы болды. Ұлы Отан соғысы басталған кезде бұл қала өнеркәсібі дамыған қала болатын. Біздің атамыз еңбек жолын әкесімен өнеркәсіп кәсіпорындарында жұмысшы болып бастаған екен. Алайда әкесі ерте қайтып, әулеттің барлық міндетін атамыз көтерген. 1934 жылы атамыз, оны өз ортасы Оралбек Кенетайұлы деп атаған екен, Украинаның Киев қаласына сауда институтына түсіп, 1939 жылы үздік бітіреді. Мамандығына қарай әртүрлі қызметтер істеп, Ақмола ет комбинатының директоры қызметін атқарған.
Орынбек атамыз 1941 жылдың қысында Кеңес Армиясы қатарына шақырылып, Ақмолада құрылған 29-атқыштар дивизиясының құрамына қабылданады. 1942 жылғы шілдеде дивизия Сталинград бағытына көшіріледі де, нағыз соғыстың қайнауына түседі. Сталинградты қорғау кезінде қазақстандық жауынгерлердің көрсеткен ерліктері үшін 29-атқыштар дивизиясы 72-гвардиялық атқыштар дивизия­сы болып қайта құрылады. 1943 жылы жазда ол дивизия құрамында Белгород түбіндегі Курск доғасы шайқасына қатысады, Харьков, Мерефа, Красноград, Кировоград қалалары үшін ауыр шайқастар арқылы өтті. Сталинград түбіндегі шайқастар кезіндегі ерлігі үшін
І дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған. Өкінішке қарай, атамыз Сталинград түбінде ауыр әскери жарақат алып қалады. Гос­питальдан кейін тыл майданына, қамтамасыз ету армиясы құрамына ауыстырылады. 1945 жылы соғыс аяқталысымен елге қайтып оралады.
Майдангер атамыз соғыстан ке­йінгі 1945-1961 жылдар аралығында Ақмола қалалық кеңесі атқару комитетінің хатшысы болып қыз­мет атқарған. 1961-1980 жылдары әртүрлі лауазымдарда қызмет атқарған, содан Ақмола облысы Тұтынушылар одағының төрағасы болып қызмет атқарған.
Оралбек Байжиенұлы 1980 жылы құрметті демалысқа шығады, бірақ өмірінің соңғы күніне дейін жерлес­терінің игілігі үшін жұмыс істеді. Облыстық, қалалық Ардагерлер кеңесінің қоғамдық өміріне белсене араласты. Біздің атамыз, оның көптеген құрдастары сияқты, көп сөйлемейтін, еңбекқор, өте шыншыл адам болды. Әжеміз Қазиза Сүлейменқызымен бірге қиындыққа мойымай, берекелі өмір сүрді. Алты баланы өсірді. Атамыз­дың тәрбиесімен балалары білімді, спортшы болды. Ұлдары, немерелері Қазақстан чемпионатында ойнаған белгілі футболшылар болды.
Сталинград шайқасына қатысқан майдангер атамыз Жеңістің 60 жылдық мерейтойына аз ғана уақыт қалғанда қайтыс болды. Оның соғыстағы және бейбіт еңбектегі ерліктері – біз үшін зор мақтаныш. Бүгінгідей мереке күні атамыздың барлық балалары мен немерелері атынан әкеміздей болған барлық майдангерлерді, олардың ұрпақтарын Жеңіс күнімен құттықтаймыз. Ерлікке тағзым ету біздің мәңгілік парызымыз болып қала бермек.

Сәкен БЕЙСЕНБАЕВ,
майдангер немересі

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nineteen − 18 =