Ақмоладағы ашаршылық

Ақтаңдақтар ақиқаты

0 44

Тарихшы ғалымдардың зерттеулерінен белгілі, тоталитарлық билік жылдары Қазақстанда 340 мыңнан аса адам жазықсыз саяси қуғын-сүргінге ұшырады, «үлкен террор» кезінде 120 мыңнан астам адам репрессияланып, 25 мыңдай боздақ оққа байланды. Ал пролетариат диктатурасын желеу еткен «большевиктердің аштық саясаты» (М.Шоқай) науқандарында 1917-18 жж. 1 миллионнан, 1921-23 жж. тағы 1 миллионнан астам көшпенді, ал 1930 жылдардағы тәркілеу, режимге қарсылық көрсеткен көтерілісшілерді әскери күшпен басу, материалдық қолдау көрсетпей отырықшыландыру, зорлықпен ұжымдастыру кезеңдерінде 2 миллионнан астам адам ашаршылық құрбаны болды.
Қырық жыл қырғыннан бетер қазақ халқының үштен екісін жусатып салған алапат аштық трагедиясы туралы тек 1990 жылдары ашық айтылып, жазылып, зерттеле бастады. Көп уақыт «жабулы қазан», «өте құпия», «айтуға тыйым салынған» құжаттар құпиясыздандырылды, төл тарихымыздың ақтаңдақ беттері ашылды. Дар тұзағына өз мойнын өзі ұсынғандай мұндай хал кешуі қазақ халқының момындығы, бейқамдығы ғана ма, әлде басқа бір себептері бар ма? Алаштың арыс азаматтары неғып халқына араша түсе алмады? Ел билеген ел серкелері қайда қарады?
Шетелде жүрген М.Шоқай кеңестік тоталитарлық жүйе ұйымдастырған аштықтың қасіретін еуропалық мерзімді басылымдарда, сөйлеген сөздерінде жария етті, ашаршылықтың алдын алуға шақырды.
М.Шоқай Түркістанды отарлаған большевиктерге сұрақты төтесінен қояды: «Большевик мырзалар, айтыңыздаршы, Сырдария облысындағы қазақтардың аштыққа ұшырауына кім кінәлі? Түркістанда аштықты ұйымдастырған кінәлілер бір рет те болса сотталушының орындығына неге отырғызылған жоқ?». Бұл – шекараның арғы жағында шырылдаған халықтың жанашыр ұлының жан айқайы.
М.Шоқай «Мәскеу билігінен құтылып, өзі қожа болғанда ғана түркістандықтардың тоқшылыққа қолдары жетеді» деп қорытынды жасайды.
М.Шоқай басынан бастап большевиктер Түркістанға ешбір жақсылық жасамайды, бұл террордың басы деді. Расында да, бұл жылдар ұзаққа созылған халық қасіретінің бастамасы болды.
Төменде М.Шоқайдың Париждегі мұрағатында сақталған, 1924 жылы 5 шілдеде «Дни» газетінде жарияланған Ақмоладағы ашаршылық туралы мақаласын беріп отырмыз. Қайраткер өз жарияланымдарында негізгі дереккөзін кеңестік мерзімді басылымдардан алатынын жасырмайды.
Ақмоладан үрейлі хабарлар келуде: бүкіл уезді ашаршылық жайлаған деп жазады Түркістаннан. Ашаршылыққа ұшырағандардың саны, оның көпшілігі қазақтар, 30-40 мыңға жетіп жығылады. Тамақ іздеген мыңдаған адамдар туған жерлерін тастап, жан-жаққа босып кетті. Баласыз ата-аналар, ата-анасыз балалар. Бұдан әрі: «Өздерінің қылмыстық әрекеттерімен ашаршылық өктемдігіне жол берген мемлекеттік биліктен не күтуге болады?».
Шындығында, қазақ жеріндегі және соның ішінде Ақмола облысындағы жағдайды білетіндер үшін 1921 жылдан бері бұл ашаршылық кездейсоқ емес. 1921 жылы облыс ішкі Ресейден ағылған аш босқындармен толды. Оған қоса егін шықпай қалды. Аштықтың шегінде тұрған қазақ халқына кеңес өкіметінің қалай қарағанын Азық-түлік халық комиссариатының (қазақтардан) салық ретінде шошқа талап еткенінен көруге болады. Биліктің жандайшаптары шошқаның орнына қой, ешкілерді ала бастады. Салықты жинап алды. Іле-шала 1922 жылы ашаршылық басталды. «Бостандық туы» мен «Қазақ тілі» газеттері сол кезде ашаршылыққа ұшырағандардың саны 445-450 мың екендігін анықтады. Осы газеттер деректеріне сүйенсек, мемлекеттік көмек жоғарыда келтірілген санның небәрі 6 мың адамына ғана көрсетілген.
1922 жылдың наурызында қазақтың белгілі қоғам қайраткерлері орталық кеңес өкіметіне «Көмек комитетін» құруға рұқсат сұрайды. Өтініш қабылданбады, сондықтан олар ашыққандарға көмекті ұйымдастыру жөніндегі кеңестік комиссиялармен ынтымақтасты. Солардың арқасында ғана көмек көрсету ұйымдары орнықты. Ал «Қазақ» кеңес өкіметінің қызметі ашаршылық жайлаған аудандарға «қазақ халқының өмірін, салт-дәстүрін және тілін зерделеу үшін қызыл ке­руен» жіберумен шектелді («Еңбекшіл қазақ» газеті, 1922 жыл, №23).
1923 жылы Ақмола облысында тағы да қуаңшылық. Әлсіз және онсыз да өткен жылдан егінсіз, аштықтан әбден титықтаған шаруашылыққа ауыр салықтар араласты.
1924 жылы егін науқанын қамтамасыз етіп, тұқыммен, азық-түлікпен және құрал-саймандармен қолдау көрсетудің орнына. Бұл жылы да (1924) егін жарым-жартылай себілді және ашаршылық.
Қазіргі қазақ кеңес өкіметі көмек ұйымдастыруға қажетті уақытты Берлинде кеңестік сыртқы саудадағы тіміскінің ақырын талқылаумен кетірді. Сонан соң «лениндік сайлау» келіп жетті. Сонан соң сырдариялық және жетісулық қазақтарды Қазақ республикасына біріктіру туралы жоба және осы әлемдік маңызды мәселеге қатысты комиссарлық орындарды бөлу. Одан әрі ағылшын жұмысшы үкіметінің саясатын талқылаумен айналысу керек болды: орыс халқының жағдайын жеңілдетуге қаражат іздестіру және қазақ кеңес өкіметінен жедел жауап күтетін әлемдік саясаттың ағымдағы басқа да ондаған мәселелері. Аштық туралы ойлануға мұршасы болмады.
Аштыққа ұшырағандар далада жемтікпен, мысықпен, итпен коректеніп кезіп жүр. Кеңес өкіметі ашыққандарға қажетті мөлшерде көмек көрсететін жағдайда болмаса да, Ресейге астық жіберумен айналысуда.
Бұл – мерзімді басылым беттеріндегі ақпарат көзіне сүйенген Ақмола өңіріндегі 1921-24 жылдардағы аштық көрінісі.
Нұр-Сұлтан қаласының мемлекеттік архивінде қаланың ХХ ғасыр басындағы экономикалық-әлеуметтік тыныс-тіршілігінен көрініс беретін статистикалық деректер ме «тап ретінде кулактарды жою» ресми саясаты, ұжымдастыру, орталық биліктің азық-түлік жоспарын арттыру, 1928-1929 жылдары жүргізілген ірі шаруашылық иелерінің мал-мүлкін жаппай тәркілеу және жер аудару барысын дәйектейтін құжаттар жеткілікті.
Архив деректері арқылы 1920-1930 жылдардың толық суретін көз алдыңызға әкелуге болады.
Ақмола уезіндегі ашаршылықтың көрінісін архив деректері арқылы сөйлетіп көрелік.
Ақмола уездік БКП (б) бюросының 1928 жылғы 24 қаңтардағы хаттамасынан «…егін шықпай қалған уездің оңтүстік бөлігінде 22 пайыз тұрғындар ашығуда, өлексе малдың етін жеу оқиғалары бар.
…Егін шықпағанмен, бұл ауылда халықтың ауқатты бөлігінде нан бар. Самарское селосын алсақ, онда 13 мың пұт, ал Киевкада 2 мың пұтқа дейін астық дайындауға болады, яғни болашақта астық дайындау мүмкіндігі бар, сондықтан бай-кулактардан артық астықты тартып алу керек».
Ақмола уездік комитетінің 1928 жылдың 28 ақпанында Ақмола қалалық БКП (б) комитетіне жолдаған ақпараттық мәліметінде астық өндіру компаниясының өткізілуіне байланысты шаруалардың көңіл күйі туралы «…жекелеген болыс­тықтарда, әсіресе егін шықпаған, мысалы, Қорғалжын, Коммунистік болыстықтарында, сондай-ақ егін салмайтын Сарыарқа, Асан қайғы, Ережеп болыстықтарында нанға мұқтаждық байқалады, мал терілерін жеу, аштықтан ісіну оқиғалары бар».
Ақмола губерниялық БКП (б) комитетіне нан өнімін дайындау жөніндегі төтенше өкілінің баяндау хатында: …жергілікті жерлерде биліктің халықпен, әсіресе, жарлы-жақыбайлармен өзара қарым-қатынас орнатуына дер кезінде шаралар қолданбаған.
Қалада жергілікті қордың кең көлемде жұмсалуы, карточка жүйесін енгізу, қала тіршілігін жабдықтау­ға қала маңындағы селолар мен ауылдардың тартылуы, осының бәрі қалаға күн сайын көп халықты топтастырды. Ұн сататын лавкаларда өте үлкен кезектер болды. Азық-түлік карточкасын алуға қала адамдары мен мещан тобы дүрлікті. Селолық жерлерден, әсіресе азық-түлік қоры таусылатыны туралы қауесеттің жайылуына байланысты ауылдардан жалған құжаттармен азық-түлік алуға адамдар ағылды.
Халық – кеңестік мекемелер – уездік атқару комитеті, қалалық кеңес, болыстық атқару комитетін айыптады. Қалалық кеңеске күніне 200 адамға дейін жүгінеді. Ревкомда, Ақмола атқару комитетінде таңның атысынан күннің батысына дейін толған халық.
Оның үстіне, азаматтардың төзімі таусылды, аштан өлетін түрі бар, 7 сөткеден бері ашығудамыз, күн көретін ештеңеміз жоқ, егер тез арада шұғыл шаралар қолданылмаса, жақын арада жүздеген адамдар көз жұмады, елімізде нан барда, біздердің аштан өлетін қаупіміз бар, егер нан бермесеңіздер, кооперативтердің қоймаларын бұзып, нанды өзіміз аламыз, т. с. с. ондаған ұжымдық өтініштер ағылуда.
Өз тарапымыздан «Ақмолалық оқиғаларға» ұласқан Ақмоладан келген хабарлар осы саяси көңіл күйдің бейнеленуі және азық-түлікке жоғары талап болып табылады, уезде саяси шиеленістердің болу мүмкіндігі туралы мәлімдеуге еш негіз жоқ».
Уәкілетті эмиссарлар саяси ­шиеленістердің деңгейін кішірейтіп, жергілікті басшылардың дүрлігуінің нәтижесі деп айтқанмен, оқиғалар дүмпуі артынша Ақмолада өлкелік БКП (б) комитеті жанындағы Бақылау комиссиясының көшпелі сессиясын өткізуге себеп болады.
Бақылау комиссиясының Ақмола партия ұйымының астық дайындау науқанына байланысты анықталған жекелеген жайсыз көріністер туралы баяндау хатынан «…наурыз айының ортасында ашу кернеген азаматтар уездік атқару комитетінің ғимаратының алдына жиналып, кеңес өкіметі өкілдерінің атына артық астықты бермейміз, «Бір қадақ та астықты уезден шығармау керек» деп ұран тастады.
Құжаттарда жазылып қалған кез келген дерек қазақ халқының тарихын қалай болса солай бұрмалауға жол бермейді.

Ғазиза ИСАХАН,
мұрағат қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 2 =