Ақмоладағы алғашқы автокөлік

Шаһар шежіресі

0 85

Ақмолаға алғашқы автокөліктің келуін өлкетанушылар жергілікті көпес Василий Кубриннің есімімен байланыстырады. Осы өңір тарихын зерттеген жазушы-публицист Андрей Дубицкий Ақмолада Кубринмен қатар алғашқы автокөлікті фотограф К.Шахов мінген деп жазады. Ал журналист Ерлан Күзекбаев Кубриннің автокөлігін көпестер әулетінен шыққан Құрманғали Қосшығұлов әкелген деген мәлімет ұсынады.

Бұл туралы тарихшы Жамбыл Артықбаевтың «Қараөткелді көтерген Қосшығұловтар» атты мақаласында айтылады. Ғалымның дерегінше, Құрманғали Санкт-Петербургтегі есеп-кооператив институтында оқыған. Оның бауыры Бекмұхамбеттің естелігінде «Құрманғали 1900 жылдардың басында Қараөткелге Санкт-Петербургтен автомобильге мініп келді» деп жазған. Бұл оқиға сол уақытта үлкен жаңалық болды. Жұртқа таңсық техникаға қызығушылардың қатарынан Василий Кубрин де табылды. Ол Құрманғалидан автокөлікті сатып алады. Қаншаға бағаланғаны өкінішке қарай, еш мәлімет жоқ.
Мына суретте Германияның ағайынды Лейлер фирмасынан шыққан «Лорелей» көлігі бейнеленген. ХІХ ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басында осы маркалы көлік Ресейде өте танымал болды. Көліктің артқы жағына Василий Кубрин мен оның зайыбы Елизавета Кубрина (Векшина) жайғасқан. Жүргізушінің есімі белгісіз. Бұл сурет көпестің үйінің ауласында түсірілді.
Ал Құрманғали Қосшығұлов автомобиль сатумен шектелген жоқ. Ол 1913 жылы қазақ жерінде тұңғыш автомобиль шығаратын зауыт салу ісіне кірісті. Осы жылы оның шақыруымен Германиядан бір топ инженер мен құрылысшы келіп, болашақ зауыттың құрылысына қатысты мәселелер талқыға түсті.
Қосшығұловтар әулетінің бір өкілі – Бекмұхамбет өзінің естеліктерінде неміс инженерлері толып жатқан сызбалармен келгенін, олардың кейбіреуінің ұзындығы – 1,5 метр, ені – 1 метр, қалыңдығы 30 сантиметр кітапша түрінде болғанын, осыны көріп өзінің таң қалғанын айтады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − nine =