АҚМОЛА ШІРКЕУЛЕРІ

0 163

Константин-Елена шіркеуі

Ақмола шіркеулерінің ішіндегі ең көнесі – Константин-Елена шіркеуі аталатын құрылыс. Совет заманын­да ғайыптан аман қалған бұл тарихи ғимарат қазіргі уақытта Республика даңғылына жақын орналасқан. «Астананың тарихи-мәдени мұрасы» атты 2011 жылы шыққан және ескерткіштер жинағы делінетін дабырайған аты бар әдемі кітапта Константин-Елена шіркеуі Қорқыт көшесі, 12-үй деп көрсетілген, ал шіркеу шарбағында Республика, 9 деген тақтайша тұр. Іздеген адам Республика даңғылымен жүріп отырып Есіл дүкенінің сыртына өтсе, аса қиналмай табады.

Орыс православ шіркеуі әулие қатарына енгізген Константин Рим империясының соңғы падишаһтарының бірі. Оның билігі кезінде (306-337 жылдар) христи­ан дініне еркіндік берілді, қудалау тоқтатылды. Елена Константиннің шешесі, 326 жылы Иерусалим па­триархы Макариймен бірге Иисус Христосты керіп, шегелеген кресті тауып алып, империяның барлық жерінде пұтқа табынушылық храм­дарды қиратып, оның орнына христиандық шіркеулер салуға уағыз айтып, бар өмірін арнаған.

Константин-Елена шіркеуі Қараөткелдің бұрынғы «Казачья слабодка (станица)» аталатын бөлігінің дәл ортасында. Орыс- казактарының әскери қызметті сылтауратып, өзінің қара шаруасын атқармайтыны белгілі, сол себепті қара шаруаға жалданып Казачья станица маңында қазақ кедейлері де қоныстана бастаған. Қазақтың Ақмоладағы алғашқы жатақ ауылдарының тарихы осы жерден басталады. Патша заманында Ста­ничная аталған шіркеу орналасқан бұл алаң мен көше Совет заманын­да Сталиннің тұсында «халық мар­шалы» аталып, тым дәріптелген Буденныйдың атына берілді. Бу­денный азамат соғысы кезінде көзге түскен әскер басылардың бірі, одан кейін халыққа үлкен еңбек сіңірді деп айту қиын. Білетіндер Буденный Сталиннің алдында жүз грамды ішіп алып, гопакты жақсы билеуші еді дейді.

«Казачья слабодка» атанған қаланың ескі бөліктерінің бірінің координаттарын бере кетейік. Бұл слабодканың орналасқан жері қазіргі – бір жағы Республика даңғылы, екінші жағы Жәнібек Тархан көшесі, үшінші жағы М.Ғабдуллин көшесі, төртінші жағы Интернациональная (бүгінгі күні М.Мақатаев атында) көшесі.

Шіркеу құрылысы туралы алғашқы ақпарат 1849 жылы Ақмола священнигі Михаилдың Сібір шекара басшыларына шіркеу салу туралы өтінішінен басталады. Ағаштан салынатын бұл шіркеудің жобасы 1850 жылы дайын болып 1854-1856 жылдары Сібір казак- орыс әскерінің қазына қаражаты есебінен ескі бекініс-қорғанының ішінде жүргізілді. Бір қабатты, крест тәрізді іргетасқа салынған құрылысқа Ақмола бекінісі гарнизонының инженері, инженер- порудчик Г.А.Воротников жетекшілік жасады деген мәлімет бар. Біздің қолымыздағы дерек­тер бойынша Константин-Еле­на шіркеуінің құрылысын татар азаматы А.Абдулманов өзінің бір жолдасымен бірге подряд алып жүргізді дейді. Бір ескеретін мәселе шіркеу қамалдың ішінде үлкен алаңның ортасына, биік жерге салынды. Құрылыс ағаштан жүргізілді. Шіркеу өз жұмысын 1856 жылы бастап кеткенімен құрылыстың іші-сыртын әрлеу, шарбақтарын салу, т.б. жұмыстары 1858 жылға дейін жүргізілді. 1860 жылдары Ақмола әскери бекініс есебінде өмір сүруін тоқтатты, қалаға айнала бастады. 1876 жылы Ақмолада қамал-бекіністің ресми жабылуына байланысты Ақмола казак-орыстары шіркеуді өздеріне қайтаруды талап етті. 1893 жылы ғана Тобыл рухани консистори­ясы шіркеуі Казачья станицаға көшіруге рұқсат береді. Осыған байланысты храмды қайта бұзып, 1900 жылы 14 мамырдан бастап қазіргі тұрған орнына көшіру басталды. 1902 жылы шіркеудің бөренелері түгел алынып, толық көшіріліп бітті. Шіркеудің сыр­тына, басына қаңылтыр қалпақ кигізілген қызыл кірпіш бағаналар орнатылып, тігінен қойылған қалың тақтаймен қоршалды. Бұл жолы да шіркеу құрылысына жер таңдау аса мұқият жүргізілді. Ка­зачья слабодканың орталығындағы алаң ел жиналуға да, слабодкаға көрік беруге де қолайлы бола­тын. Бекіністе Константин-Елена шіркеуінің орнында часовня ғана қалды.

Шіркеудің қашан жабылғаны туралы дерек жоқ. Ақмоланың ескі тұрғындарының бірі Н.И.Второв 1930 жылдардың басында дейді. 1938 жылдары шіркеудің үстіндегі кресті, қоңыраулары алынып, тарихи-өлкетану мұражайына берілгені ақиқат. Біз өткен жолғы әңгімелеріміздің бірінде мұражайдың алдымен қазақтың ескі мешітінде орналасқанын жазғанбыз. Совет үкіметі мұражайды Ескі мешіттен көшіріп, оны Казпивоға берді. Енді Кон­стантин-Елена шіркеуіне көшкен мұражай 1941 жылы соғыс кезіндегі қиыншылықтарға байла­нысты жабылып, шіркеу жаңа құрылып жатқан әскери бөлімдерге берілді. Осы жерде 1941-1942 жылдың қысында 29 атқыштар дивизиясының байланыс бата­льоны орналасты. Дәл осы ала­сапыран кезде Константин-Еле­на шіркеуінде сақталып тұрған тарихи-өлкетану мұражайының заттары толық тоналды. Осы ту­ралы А.Ф.Дубицкий ашына жазып еді: «После войны вдруг обнару­жилось, что музейное имущество подчистую разворовано какими-то мерзавцами. Исчезли даже пять каменных баб, некогда стоящих на древних руганах области… Види­мо злоумышленники отправили в металлолом все что могло пойти на переплавку (чугунные пушки, старинные оружья, доспехи и т.д.), деревянных вещей сожгли, а ковры, халаты, убранство богатой байской юрты и прочие ценно­сти присвоили». Өлкетанушы 1946-1947 жылдары мұражайға қатысты кейбір қымбат заттардың облыс шенеуніктерінің қолында болғанын жазады: «отдельные музейные предметы находили у некоторых ответственных работ­ников области. Попытки привлечь виновных к ответственности ни к чему не привели» (А.Ф.Дубицкий. Пройдемся по улицам Целиногра­да… Целиноград,1900. с.73).

Біз Ақмола тарихи-өлкетану мұражайының тағдырына әлі де сан айналып келеміз. Оның фонд­тарында болған Сәмеке мен Әбілмәмбет хандардың заманынан сақталған құжаттар, қару-жарақ, әртүрлі әшекейлер, кітапхана қайта түгендеуді қажет етеді. Констан­тин-Елена шіркеуінде жоғалып кеткен бес балбал тас қаншалықты алыс жерге баруы мүмкін?!

1941-1945 жылдардағы соғыстың соңына қарай Совет үкіметі дінді қудалауды азайтты. Еркек кіндіктің бәрі соғыста қырылған, жұтап, азып-тозып кеткен халыққа большевиктер шіркеуге баруға рұқсат берді. Мұсылман мешіті қайта ашылған жоқ, пивзавод болып қала берді. Бұл да Совет үкіметі ең алдымен орыс халқының мүддесін ойлайтынын, қазақ қаншалықты қырылып-жойылса да, Ресей империясындағы бұратана ұлт болып қала беретінінің дәлелі. Дінге сенуге жеңілдіктер ашылғанына байланысты Константин-Елена шіркеуі 1942 жылы христиан-православтарға қайтарылды, бірақ өзінің әуел бастағы әдемі көркінен айрылған қалпында. Шіркеудің қоңырау бөлмесі қиратылған, шарбағын бұзып алып кеткен, жан-жағынан жер кепелер қаптап салынған, сәнді іргесі шту­катуркамен сыланған, т.б.

Бүгінгі күні Константин-Елена шіркеуіне қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді, бірақ ол өзінің байырғы қалпына келді деп айту қиын.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ, Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры

(Жалғасы бар)  

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 4 =