«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақмола өңіріне күштеп көшірілген

0 15

Архив құжаттарымен жұмыс жасау барысында біздің алдымызда тұрған міндет – ең алдымен, жер аударылған халық өкілдерінен ақтауды қажет ететін тұлғаларға назар аударып, соларға қатысты мәселенің қайта қойылуы тұрғысынан талдау болды. Алайда КСРО сияқты отыз жыл бұрын әлем картасынан жойылып кеткен мемлекеттің құқықтық шешімдерін ақтау, немесе реабилитация жасау ісін өзге мемлекеттің өз құзырына алуының қаншалықты құқықтық шынайылығы бар деген мәселе де шығуы мүмкін. Өйткені тарих бетінен өшіп кеткен мемлекеттің шығарылған заңсыз немесе тіпті заңды да шешімдерін қайта қарауда да белгілі бір ұстанымдар жасалуы қажет.

article_61318

 

Еліміздің қазіргі елордасы – Нұр-Сұлтан қаласы өткен ХХ ғасырдың 1930-1940-жылдары Ақмола қаласы және Ақмола облысы орталығы болып тұрған кезде, бұл өлкеге көптеп жер аударылған, депортацияға ұшыраған халықтар қатарынан алдымен поляктар, немістер, шешен-ингуштер мен балқарлар мен қарашайлар, қырым-татарлары болды. Депортацияланған халықтар этноцидтік қысым көрген этностар ретінде қарастырылуы тиіс. Олардың тағдырына жауаптылық тікелей тоталитарлық жүйе мойнында.

КСРО-ның халықтарды жер аудару саясаты Қ.Алдажұманов, Ю.Романов, М.Хасанаевтың зерттеулерінде тоталитарлық режимнің ауыр қылмысы ретінде бағалаған. Қазақстанның этникалық топ өкілдерін қатарынан шыққан зерттеушілер Г.Хан, Г.Ким, Г.Кан, К.Эрлих, Л.В.Кригер, А.Фризен және т.б. жазды. Бұл зерттеулер көбіне архив құжаттарының көпшілікке қолжетімді болып, архивтік қорлардың ашылуымен ғана дәйектеле жазылады. 1990-жылдардың ортасынан бастап архивтік құжаттар құпиясын кеңінен мәлім болуынан, Қазақстан Республикасы Президенті архиві немістер мен поляктардың жер аударылу тарихы туралы құжаттардың екі жинақтары жарыққа шықты.

Нұр-Сұлтан, бұрынғы Ақмолаға күштеп жер аударылған халықтар: 1) немістер, отбасымен; 2) шешендер, отбасымен – (50 481 адам Ақмола обл – 17.03.1944 г.); 3) балкарлар, отбасымен; 4) ингуштар, отбасымен; 5) поляктар бар. Архив мұрағаттарында депортацияланған этникалық топтардың жер аударылуына қатысты құжаттар көп болғанымен, олардың қорлары ашық немесе құпия деп танылған қоймаларда сақталуы мүмкін. Көптеген құжаттар өзінің құпиялылық статусынан шыққан болса да, олардың көпшілігі ғылыми айналымға түспеген. Күштеп жер аудару процесіне ұшыраған, депортацияланған халықтардың мәселесі бір жағынан тарихи контексте ғана қаралса, екінші жағынан оның құқықтық аспектілері де бар. Бірақ теория-методологиялық тұрғыда оны халықаралық құқық және мемлекеттің құқықтық-нормативтік құжаттары негізінде қарастыруға болатыны анық мәселе.

Архив құжаттарының мазмұны әрқилы. Солардың ішінде жиі кездесетіні – Ақмола облыстық кеңесі атқару комитетінің арнайы қоныстандырылғандарға қатысты деректер сақтайтын ресми құжаттар. Мысалы, 1944 жылдың 3 қарашасындағы №25/2 шешімде «арнайы қоныстандырылғандар қатарынан біліктілігі жоқтарды фабрика-зауыт оқытуына  жіберу» туралы, және с.с.т.б. Архивтік құжаттарда «жер аудару» сөзі мүлде кездеспейді. «Көшіру», «еңбек қонысы», «арнайы қоныстандыру» сөздерімен қатар науқандардың тізбегі сияқты өтіп жатқан оқиғалардың мәнін дәл беретін «операция» сөзі қолданылады.

Біздің зерттеу тобы тарапынан арнайы орналастырылғандар (спецпоселение) саны жайында мәліметтер әлі нақтылануда. Олардың жер аударылуы қылмыстық тәртіппен іске асырылған. Айыптаулар көбіне РСФРС ҚК 58-бабының тарауларына сәйкес болған. Бұл мәселе де әлі зерттелу үстінде. Архив құжаттарымен жұмыс жасаған тұлғалардың зерттеу нысанына объективті көзқарас тұрғысынан келу талаптары да аса маңызды. Мысалы, депортациялау саясатын жүргізген КСРО мемлекет ретінде халықаралық саяси-құқықтық кеңістікте қазір жоқ. КСРО жойылумен бірге оның тарапынан жасалған құжаттарында да ешқандай құпиялылық статусы сақталмауы тиіс еді. Өйткені құқық сақтаушы субъектінің өзі де жоқ. Ендеше жер аударылғандарға қатысты құжаттардың өзі де бірден архивтің ашық қорларына ауысуы тиіс еді деп ойлаймыз. Оның құпиялылық сыр ретінде қорғап ұстаудың өзі, тарих сахнасынан кеткен совет мемлекеті өмірін жалғас­тыру ісіне ұқсайды. Сонымен бірге, архивтік құжаттар, оның жазылудағы айыптау стилінің өзі зерттеушілерді өз ыңғайына түсіріп алуы да байқалуы мүмкін.

Біздің жұмыс тобымыз Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архив қорымен жұмыс жасау барысында Қазақстан аумағына халықтарды күштеп қоныс аудару мәселелері, негізінен, ұлттық-мәдени орталықтар жұмысы барысында да хатталатынын байқатты. Неміс, ингуш, шешен, балкар, қарашай және т.б. бұрынғы совет халықтарын Қазақстанға жер аударып депортациялау тарихын ғалымдар жақсы қарастырған. Қазіргі таңда да бұл көзқарастар ұлттық мүдде ұстанымда болуы тиіс. 1930 жж. соңынан бастап Қазақстан «сталиндік халықтар абақтысына» айналды (М.Қ.Қозыбаев). Қазақстанның әрбір бесінші тұрғыны әлеуметтік, сондай-ақ саяси себептермен жер аударылған арнайы қоныстандырылған адам болды. Күштеп қоныс аудартуды НКВД басшылығы жүргізді.

Әкімшілік тәртіппен депортацияланған саяси баптар» бойынша сотталғандардың саны  нақтылау үшін зерттелуде. Қылмыстық тәртіппен арнайы қоныстанушылардың «саяси баптары» бойынша сотталғандардың санын анықтау үшін тиісті құжаттарға талдау жасалынатын болады. Әкімшілік тәртіппен қоныстанушылардың «саяси баптары» бойынша сотталғандардың саны анықталған деректер жоқ, сотталғандар санын толық анықтау үшін қорлармен жұмыс жүргізу қажет. Қазақстанға күшпен қоныс аударылған халықтар мен арнайы қоныс аударушылар өлімінің динамикасы жайында мәліметтер бар. Мысалы, 471 мың 971 арнайы жер аударылған шешен-ингуш халық өкілдерінен 646 адам жолда қайтыс болғандарға жатады.

Депортацияланған халық және арнайы қоныс аударылғандардың сақталып қалған ғимараттары, аумақтары, болу (жерлеу) естелік орындары туралы мәліметтерге келетін болсақ, қазіргі Нұр-Сұлтан қаласының «Бейбітшілік пен келісім сарайы төңірегінде» арнайы қоныс аударылғандардың кішігірім қорымдары қайта жерленіп, ол жерге кейін қалалық құрылыс салынып кеткен, және 40-разъезд төңірегінде қорымдар болуы тиіс. Осыған байланысты естеліктер жинастырып, архивке өткізу қажет.

Соғыс қарсаңында және соғыс жылдары жер аударылған халықтарды Қазақстанда орналастыру, күштеп қоныс аударту себептерінің құқықтық мәртебесі, жайғастыру және жұмысқа пайдалану мәселелері қарастыруды қажет етеді. Күштеп көшіру, жер аудару тарихын соғыс тарихымен байланыстырса да, бұл мәселенің мән-жайын ашпайды. Себебі әлеуметтік, таптық және ұлттық азшылық пен этностық топ белгілері бойынша көшіру соғысқа дейін де болды. Оқиғаның себептері одан тереңде жатыр. Жаппай жер аудару туралы шешімнің негізінде бізге әлі белгісіз болып келе жатқан аса терең себептер бар.

Қазақстанға жер аударылып әкелінген халықтарды, арнайы қоныс аударушыларды оңалту мәселелері жөніндегі өтініштер туралы мәліметтер туралы архив қорларының материалдарына ғылыми талдау жасалуда. Бұлардың қатарында күшпен қоныс аударылған, арнайы қоныстандырылған, саяси негізде жер аударылған халықтарды ақтау мәселесі – жеке тұлғаға қатысты мәселе емес, тұтас бір этникалық топқа қатысты іс. Жеке тұлға істері болса, сол күштеп көшірілген этностардың өкілдеріне қатысты болған күннің өзінде олардың барлығы совет халқы өкілдері санатында, совет азаматтары ретінде танылды. Сондықтан, бұл мәселенің жеке құқықтық аспектілері бар. Ақталған халықтарға құқықтары бірден толық қайтарылған жоқ. Халықтарды жер аударумен қатар құжаттарда ұнамсыз элементтерден тазарту шаралары қатар жүргізілген.

Қуғын-сүргін құрбандары – Қазақстанға күштеп жер аударылған халықтар мен арнайы қоныс аударылғандар туралы жұмысты жетілдіру үшін архив материалдарын талдау жасау кеңестік органдар Қазақстан аумағына арнайы қоныстандырылғандарды қабылдау мен орналастыруға дайындық алдын ала бастағанын көрсетеді. Сталиндік саясат оларды еңбек әлеуетін жетіспеуі, яғни жұмыс істейтін тегін жұмысшы қажет мақсаттарға бағыттады деп бағалаған болса, сонымен қатар қазақ халқын өз жерінде азшылық қатарына ұшыратып, еліміздің тарихи қалыптасқан унитарлы сипатын жоюға бағыттады. Алдағы уақытта қуғын-сүргін құрбандарын – Қазақстанға күштеп жер аударылған халықтар мен арнайы қоныс аударушылардың Нұр-Сұлтан (Ақмола) өңірі деректерін кеңінен жариялау қажет. Нұр-Сұлтан (Ақмола қаласы) өңіріне күштеп жер аударылған халықтар мен арнайы қоныс аударылғандар құжаттарынан музей ұйымдас­тыруды қолға алуға болады. Қазақ жеріне күштеп жер аударылған этностар мен арнайы қоныс аударылғандар мәселесін зерттеу үшін тарихшы-архивист ғылыми кадрларды даярлау ісін де қолға алу қажет.

М.А.АЛПЫСБЕС,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ профессоры, т.ғ.д..,

С.А.ЕСҚАЛИЕВ,

Ы.Алтынсарин атындағы ҰБА «Қазақстан тарихы» зертхана меңгерушісі, т.ғ.к.

Ғ.ИСАХАН,

Нұр-Сұлтан қаласы мемлекеттік архиві ғылыми-зерттеу бөлімінің басшысы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды