Ақмола бекiнiсi

0 865

Ресей Қараөткелде дуан ашып, қорған салғаннан кейiн ол ендi орыс деректерiнде Ақмола бекiнiсi деп атала бастады. Қазақтар бұрынғы әдетiнше Қараөткелдi алдымен қорған десе, кейiн қала атандырды.

Қала деген сөздi қазақ отырықшы қонысқа қатысты қолдана бередi. Бүгiнгi күнi Ақмола бекiнiсiнен сақталған еш белгi жоқ. Есiлдiң оң жағасындағы бекiнiс орнында бүгiнгi күнi сәулеттi ғимараттар бой көтерген. Ескi замандағы көше атаулары да өзгерген. Астанаға жиi келетiн туристер жолбасшыларынан Ақмола бекiнiсi қай жерде орналасқан деп сұраса, оған да жауап беретiн адам табыла қоймайды. Осы себептерге байланысты бiз бекiнiске қатысты деректердi жинақтап жариялауды дұ-рыс көрдiк.
Ақмола бекiнiсiнiң дәл қай жылы салына бастағанын анықтау қиын. Шамасы қазақтар Тайтөбе маңына қорған сала бастаған алғашқы құрылысшыларды күшпен қуғаннан кейiн, амал жоқ, Қараөткелдi таңдаған болуы керек. Бiз өткен бiр әңгiмемiзде полковник Ф.К.Шубиннiң бекiнiстi қай жерде саламыз дегенде, әу баста, Қараөткелдi таңдағанын жазған едiк. Қоңырқұлжа сұлтан болмаған соң, Тайтөбенiң маңын таңдаған едi. Ендi келiп Тайжан батыр Қоңырқұлжаның өзiн, оның баласы Бегалыны Тайтөбеден қуған соң 1833 жылы Қараөткелге келдi деп айтуға болады. Құрылысшылармен бiрге Қараөткелге Ақмола атауы да ерiп келдi. Ресей құжаттарында жаңа округтың аты Ақмола болып бекiп қалған едi, ендi оны өзгертудiң қажеттiлiгi болмаған шығар. Дәл осындай оқиға 1824 жылы Көкшетау округiн ашқанда да болған. Подполковник Григоровский округ орталығын Абылайдың ту тiккен Көкшетауынан ашамын деп, оған қарсы ел көтерiлген соң амал жоқ, бекiнiстi Қопа көлiнiң жағасына көшiрген. Бiрақ округтiң аты бекiнiске Көкшетау болып телiнiп кеттi. Қазiргi Көкшетау қаласы Сарыарқаның мәйегi, Абылайдың ордасы болған тарихи Көкшетаудан 60-70 шақырым сырт орналасқан.
Ақмола бекiнiсiнiң алғашқы құрылыстарын салған инженер-подпоручик Попов деген адам екен. Оның жанына Сiбiр әскерiнен 52 солдат бекiтiлген. Осы солдаттардың көмегiмен 1834 жылы Попов Ақмола дуанының басқармасы отыратын үйдi, орыс деректерiнде «приказ» деп атайды, қызметкерлерге арналған бiр-екi үйдi аяқтағанға ұқсайды. Осы кездегi құжаттардың iшiнде аға сұлтан Қоңырқұлжа мен Шубиннiң орнына қалған Чириковтың арасындағы айтыс қызықты. Әуел баста Ресей бекiнiс құрылысын орыс-казактарының күшiмен салмақ болған. Мәселе осы жұмыстарға басшылық жасауға тиiс Чириковтың құрылыс жұмыстарының құнын көтерiп, үстеме ақшаны жей бастауына байланысты. Шамасы қазiргi замандағы «тендер» дегенге жақын шаруашылық ол кезде де болған. Бекiнiстiң басшысы болып тағайындалған Чириков қазынаның өзi құрылыс жаса деп ақша төгiп отырған сәттi қалай жiберсiн, жақсылап пайдаланған. Чириков Қоңырқұлжамен бөлiспедi ме, әлде Қоңырқұлжа қазақтың сол кездегi әдiлет жолымен жүрдi ме, әйтеуiр қала салынбай қалу қаупi болып, жоғарыға арыз берген. Жоғарыдағылар Чириковты орнынан алған жоқ, жебiр чиновник ескертумен құтылды, бiрақ құрылыс жүргiзуге Поповтың командасы келдi.
Қалай болса да дуанмен қатар Чириковтың ағаш үйi де сол 1834 жылы салынды. 1835 жылы округтiк дуанда тiлмаш болып қызмет iстейтiн князь А.Чанышев өзiне үй салып алды. Өзге де қызметкерлердiң iшiнде ағаштан қиып үй сала бастау осы кезеңде басталады. Үй салуға қажеттi құрылысқа жарамды ағашты үй саламын деген ақмолалықтар Көшектен тасып отырды. Барлығына бiрдей ағаш үй салу мүмкiн болмағандықтан, алғашқы қоныстанушылардың көпшiлiгi жер үйлерде тұрды. Әскерилер мекендеген казарма да бiршама уақыт жер үй сияқты жартылай жерден қазып салынған ұзын барақта орналасты. Ресей отаршылдық жүйесi қай жерде болмасын абақтыны (гауптвахта) бiрiншi салатыны белгiлi дерек. Қараөткелде де алғашқы үш бөлмелi абақты 1835 жылы, яғни қаланың алғашқы құрылыстарымен бiрге көтерiлдi. Маңайдағы қазақтың өзi орыс билiгiмен осы абақтыдан бастап танысты деп айтуға да болады. 1836 жылғы құжаттарда басқа да қазыналық құрылыстардың iшiнде әскери лазарет болғаны айтылады. 1822 жылғы Жаңа низам заңы (Устав о Сибирских киргизах) бойынша әр округте емхана ашылып, олар жергiлiктi қазақтарға жәрдем көрсетуi керек едi. Емханаларға арнайы қаржы, екi дәрiгер бөлiнген, бiрақ Қоңырқұлжа сұлтанның жазба есебiне қарағанда Ақмолада лазаретке емделемiн деп келген қазақтар болмаған.
Қараөткел құрылысы осылай жайбарақат жүрiп жатқанда 1838 жылдың мамыр айының соңына қарай Кенесары шабуылына ұшырады. Қазақтардың бекiнiске тiсiн қайрайтын да жөнi бар едi. Бiрiншiден, Ақмола округi ашылып, бекiнiс салына бастаған уақыттан қазақтың көшi-қонынан береке кеттi. Есiлден өтетiн бiр емес үш өткел (Қараөткел, Күйгенжар, Тасөткел), олардың маңындағы шұрайлы жайылым қазақтың қолынан шығып кеттi. Ақмола бекiнiсiне жинақталған әскер мылтықтары шошайып маңайына жолап кеткен көшпелi малшыларды үркiтiп, қорғанға жақындаған малды қамап алып отырды. Екiншiден, Ақмола әскери отряды Қарқаралы казак-орыс жасағының резервi қызметiн атқарып, қазақтың бас көтеруi, қарсылығы болса қоса шапты. Ал жүген-құрыққа үйренбеген қазақ тарапынан Ресейдiң отарлау әрекеттерiне (пикет жүйесiн салу, почта байланысын орнату, елдiң малының санағын алу, алым-салық талап ету т.б.) қарсылық ХIХ ғасырдың ортасына дейiн көп болды.
Кенесары Қараөткелдi 1838 жылдың мамыр айының 25-26-да шапты. Ол кезде бекiнiсте 15 отбасы ғана тұрақты мекен ететiн, негiзгi бөлiгi солдаттар едi. Қазыналық бiрнеше құрылыстан басқа 10 шақты ғана тұрғын үй болды. Жалпы бекiнiс халқының 40-ы – әйел, 324-i еркек делiнедi мәлiметтерде. Оның iшiнде 3 офицер, 10 урядник, 117 казак-орыс бар. Бекiнiс әуел бастан Есiлге арқасын тiреп салынған едi, оң жағынан биiк жар, Шұбардың өзегi, одан әрi Есiлдiң негiзгi арнасы қала тұрғындарына жақсы пана болды. Осы себептерге байланысты Кенесары жасақтары қаланы терiстiк жағынан қоршай шауып, Есiл жағасына орналасқан казармаға дейiн тықсырып алып келдi. Казармаға бiрнеше рет шабуыл жасағанымен, қалың әскер оқпен жасқап, көтерiлiсшiлердi жолатқан жоқ. Оның есесiне қазақтар бекiнiстiң ағаш құрылыстарын өртеп жiбердi. Тек қана Қараөткелдiң өз басы ғана емес, онымен қатарлас жатқан пикеттер мен қала тұрғындарының жағалауда пiшен сақтайтын, балық аулауға орнатқан құрылыстары да жанып кеттi.
Кенесары шабуылынан кейiн Ақмола бекiнiсiнiң қорғанысын күшейту тығыз қолға алынып, бұрынғы бекiнiс iргесiн жағалай қазылған орлар тереңдетiлiп, оның жанына топырақтан қорған соғылды. Бекiнiс алғаш салынған кезде биiк қорған болмаған, оның орнына әр жерден сыртқа қаратып iстiк ағаштарды (рогатина) орнатушы едi, үйлердiң сыртқы қабырғасы да бекiнiстiң қорғаны ретiнде пайдаланылатын. Ендi осы босаң қорғаныс жүйесi Еуропалық фортификацияның нақты тәртiбiмен пентагон (бес бұрышты) болып қайта құрылды. 1850-шi жылдары бекiнiс қақпаларының алдында қосымша мұнаралар, ордың әр тұсынан сырттан шабуыл болса көтерiлетiн ағаш көпiр салынып бекiтiлдi. Қорғанның қабырғаларын шыммен бекiтiп, биiктете түстi. Осы кезеңде бекiнiсте қазыналық 26 шымнан соққан үй, 16 ағаш үй, 17 талдан, қамыстан өрген үй болса, тұрғындардың өзiнiң салған 292 ағаш үйi, 25 жер үйi, 8 қамыстан тоқыған үй болды.
1840-шы жылдары Батыс Сiбiр генерал-губернаторлығының әкiмшiлiгi Ақмоланың халқын өз жақтастары есебiнен көбейту мақсатында 2-шi Сiбiр линиялық батальоны солдаттарын осында жiбердi. Солдат отбасылары бекiнiстен шығысқа қарай қоныстанып, кейiн ол қоныс «Солдатская слободка» атанып кеттi. Бұл қазiргi «Самал» мөлтекауданы жақ, кейiн келе қаланың өз iшiне қосылды. 1846 жылы «Сiбiр казак-орыс әскерi туралы» жаңа ереженiң қабылдануына байланысты отаршылдық әкiмшiлiк казак-орыс отбасыларын күштеп қоныс аударуға мүмкiндiк алды. Осылайша Горькая линиядан (Солтүстiк Қазақстан өңiрiндегi тұзды көлдер) казак-орыстың 100-ден аса отбасы Ақмолаға келдi. Бекiнiс iшiндегi жер шамалы болғандықтан, жаңа қоныстанушылар «Солдат слободкасы» маңынан орын алды. 1847 жылғы деректерден «Солдат слободкасымен» қатар «Казачья станица» дегендi көретiнiмiз осы себептi.
Ақмола бекiнiсiнде «Солдат слободкасымен» бiрге iргесi көтерiле бастаған мекеннiң бiрi – «Татар слободкасы». Оның бастауында 1844 жылы Қоңыр-құлжа Құдаймендiұлының бастамасымен бекiнiстiң қас бетiне, қазiргi Абай көшесiне қарай салынған екi қабатты мешiт үйi тұр. Ақмоланың алғашқы аға сұлтаны дiн iсiн жүргiзуге арнайы Бурабай деген молда шақырады. Бұл кезеңде қазақтың бүкiл далалық өңiрiнде аға сұлтандардың бастама-сымен мешiт құрылыстарының жүре бастағаны белгiлi. Ең алдымен Бөкей хандығында Жәңгiр хан өзiнiң Жасқұстағы ордасында мешiт ашып, бала оқытып, дiн жүйесiн жасаса, кейiн осы бастама қазақ даласының өзге де орталықтарынан жалғасын тапты. Соның алғашқыларының бiрi 1744 жылы Ақмола қорғанының сыртынан көтерiлген мешiт болатын.
Ақмоланың алғашқы мешiтiнiң өзге өңiрлердегi мешiттерден бiр айырма-шылығы, қалаға сауда керуенi келгенде солардың құрметiне, амандығына арнап дұға оқылатын. Бұл шамасы Қараөткелдiң саудасы қайнап тұрған тым ерте замандардан қалған дәстүр болса керек. Қазақ даласындағы дәстүрлi сауда жолдарының бойындағы қалашықтарда мешiт құрылысының алдымен жүретiнi де осы сөзiмiзге дәлел болады. Кейiн келе мешiттi айналдыра мұсылмандар қоныс сала бастады. Олардың арасында ұсақ саудагерлер де, қолөнершiлер де, дiн адамдары да, кездейсоқ келiп қалған адамдар да бар едi. Деректер бұлардың басым көпшiлiгi Орта Азиядан көшiп келген сарттар едi дейдi. Ресейлiктер Еуропаның бүкiл түрiк тiлдес елдi татар деп атайтын дағдысымен бұл қонысты «Татарская слободка» атап жiбердi. Қоңырқұлжа сұлтанның 1844 жылы салғызған екi қабатты ағаш мешiтi 1920 жылға дейiн мұсылман баласына қызмет iстедi. Белгiсiз себептермен мешiт 1920 жылы жанып кеттi, бiр жазбаларда бұл жылы қалада өрт болып едi делiнедi.
1855 жылы Қараөткелде ағаштан қиып православиялық шiркеу салынып, 1856 жылдан бастап тұрақты түрде жұмыс iстедi. 1900 жылы бұл «әулие Константин мен Елена» атындағы шiркеудi «Казачья станицаға» көшiрдi.
Қазақстанды әскери отарлау кезеңiнiң аяқталуына байланысты 1860-шы жылдары бұрынғы бекiнiстерге қала статусын беру жүргiзiлгенi белгiлi. Қараөткелдiң қала атануы Түркiстан-Ташкент аймағының Ресейге бағы-нуынан бұрынырақ болды. 1861 жылы Батыс Сiбiр генерал-губернаторы Санкт-Петербургке «Батыс Сiбiр аймағы бойынша тамаша сауда орны болуға мүмкiндiгi мол» Ақмола қонысына қала атағын беру туралы өтiнiшпен шықты. 1862 жылдың 7 мамырында Iшкi iстер министрлiгi Сiбiр комитетiне Ақмоланы қала атауға болатыны туралы ұсыныс жасап, Сенат осы жылдың 23 қазанында жарлығын шығарды. Ресми түрде Ақмоланың округтiк қала мәртебесiн алғаны туралы жұртшылықты таныстыру 1863 жылдың 16 маусымында болды. Осы мәселеге байланысты Омбыдан Сiбiр қазақтары облысының басшысы Г.С.Фридерикс бастаған делегация Қараөткелге келiп бекiнiстiң iшiнде зеңбiрек атылып, дұға бағышталып, мерекелiк шаралар өттi.
Қараөткелдiң қала мәртебесiн алуы сауда-саттық iсiне қолайлы жағдай туғызды. Алғашқы кезеңде бекiнiстi қайта құру, кеңейту туралы әңгiмелер болғанымен, қаланың азаматтық функциялары жеңiп кете бердi. Осы кезеңде қала халқының мұсылман бөлiгi қоныстанған Татар слободкасы мен бекiнiс қорғанының арасында сауда орындары қаулап көтерiлдi. Қазiргi Кенесары көшесi аталатын көше осы кезеңде Үлкен Базар көшесi атала бастағаны жоғарыда айтылған әңгiмеге дәлел. Үлкен Базар, Кiшi Базар көшелерiн жағалай салған сауда лапкелерiнiң саны сексеннен асып кеттi. Осы жерде Қараөткел бекiнiсiн қазiр қай көшелердiң арасынан iздеу керек деген сұрақ туындайды. Үлкен Базар көшесi қазiр Кенесары аталатынын жоғарыда айттық, бұл бекiнiстiң қас бетi. Бекiнiстiң екi қапталын қазiргi Желтоқсан және Сарыарқа көшелерiнен iздеу керек.
1864 жылғы санақ бойынша Қараөткелде 4777 адам өмiр сүрсе, соның басым көпшiлiгi «Казачья станица» мен «Татарская слободкада» мекендейтiн. Бекiнiстiң өз iшiнде 36 мекеме үйi, 39 жеке меншiк үй болды. Станицада – 119 үй, 4 қазыналық мекеме үйi болды. Татар слободасында – 105 үй. Қаланың өзi осы кезеңде 25 шаршы шақырым аймақты алып жатқанымен, оның шаруашылық мүдделерi қала аймағынан ондаған шақырым сыртқа шығып кеттi. Ақмола орыс-казактары Есiлдiң сол жағын пiшенге, бау-бақшаға пайдаланды, Жаман-Шұбар сияқты нулы, ағашты жерлер де солардың меншiгiне көштi.
1876 жылы Ақмола бекiнiсi ресми түрде жабылды, бұдан әрi Ақмоланың азаматтық қала есебiнде тiршiлiгi толыққанды жүрдi. 40 жылдан астам Есiл бойынан бастап қазақтың Сыр бойындағы қоныстарына дейiнгi аймақты Ресей қарамағына алу саясатын жүргiзудiң орталықтарының бiрi, жуан жұдырық қызметiн атқарып келген бекiнiс бейбiт қалаға айналды. Ресейдiң ендiгi Орта Азиялық саясатын экономикалық күш-қуаты, сауда қарым-қатынастары шешетiнi де ХIХ ғасырдың екiншi жартысында белгiлi бола бастады.

Жамбыл АРТЫҚБАЕВ,
Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң профессоры

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen + nineteen =