«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақмола әуежайы

0 24

Өткен ғасырдың 20-жылдары Ақмола қаласында ұшақ құрастыруға халықтан жылу жиналған. Бұл туралы көне тарих беттеріндегі кейбір құжат мәліметтерінен белгілі болып отыр. Сонымен алғашқы аэропланды ақмолалықтар 1930 жылы көріпті. Алайда қаланың айналасын көктемгі тасқын су басып кетіп, әуежайға адамдар тек пароммен ғана жетіп жүрген.

Аэропорт Акмолинск - 03 (2)

Қазіргі Қабанбай батыр даңғылы мен Сарайшық көшелерінің қиылысында сол кезде қаладан 3 километр қашықтықта тұңғыш рет Ақмола әуежайы тұрғызылды. Екі-үш ұшақ қонып, ұшатын шағын алаңнан жүз метрдей жерде саманнан тұрғызылған аэровокзал мен ұшқыштардың шағын ғана үйі тұрды.

Көне көздер байырғы жадыларына сүйеніп, алғашқы аэроплан Есіл өңіріне 1930 жылдың қыркүйек айында келді дегенімен, Ақмола әуежайының ресми құрылған күні 1931 жылдың 1 желтоқсаны болып саналады. Өйткені осы күні Семей мен Ақмола арасында тұрақты әуе қатынасы орнапты.

Бұл туралы Мемлекеттік мұрағаттың ғылыми-зерттеу бөлімінің меңгерушісі Ғазиза Исахан былай дейді:

«Бұл туралы жергілікті өлкетанушы Андрей Дубицкийдің «Есіл жағалауындағы қала» атты кітабында жан-жақты баяндалады.

Петропавл мен Ақмоланың арасына алғаш әуе қатынасы орнайтынын естігенде жергілікті халықтың қуанышында шек болмаған. Республиканың орталығынан шалғайда жатқан Арқа төсіндегі шағын шаһардың бұл жаңалығы лезде тарап, адамдар енді басқа аймақтардағы жақын-жуықтары мен ағайын-туыстарына емін-еркін қатынасуға болатындықтарына ризашылықтарын білдіріпті. Кітапта А.Дубицкий «Ақмола әуежайы 1934 жылы салынды» деп жазғанымен, тарихи деректер Ақмолада әуе кемесі 1930 жылы пайда болғанын айғақтайды.

Әуежайға бару үшін жолау­шылар көпір болмағандықтан, Есіл өзенінен пароммен өтетін. «Ұшу уақыты дүйсенбі күні таңертең» немесе «Сәрсенбі күні түсте» деп қабырғаға қағазға жазылып, ілініп қоятын.

Ұшқыштар да басқа жақтан келген мамандар болды. Алғашында оларға арқаның ақ түтек бораны мен сақылдаған сары аязына төзу қиынға соққан тәрізді. «Ол кездегі авиаторлар үстеріне қалың тон киіп, аяқтарына ағылшын етігін киіп жүрді» деп еске алады ақмолалық Сергей Марков өз естелігінде.

Ал жолаушылар К-4, К-5, ПР-5, П-5, ПО-2 ұшағымен тасымалданған. 1934 жылдан бастап ұшақтар Алматы – Бертрас – Қарағанды – Ақмола – Атбасар – Қостанай – Свердловск; Қарағанды – Петропавловск – Қорғалжын – Ақмола – Жаңаарқа – Пресновка тас жолдары арқылы ұшып жүрген. Ал 1946 жылы алғаш рет ПО-2 ұшағы әуеге көтерілген.

Одан кейін 1947-1948 жылдары аэропорт жаңа жабдықтармен толығып, радиостанция салынған. Штаты 50 адамға дейін өсіп, ЛИ-2 ауыр ұшақтарын қабылдайтын дәрежеге жеткен.

1951 жылдан бастап ИЛ-12, кейінірек – ИЛ-14 ұшақтары,  1954 жылы жергілікті авиа­эскадрилья шығып, ЯК-12, АН-2 алынды.

Ал 1963 жылы қаладан 18 километр қашықтықта салынған Ақмоланың жаңа әуежайы ИЛ-18 ұшағын қабылдады».

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды