АҚМОЛА АТАУЫНЫҢ ХИКАЯСЫ

0 1  001

Бұл атаудың шығу тарихына «мола», «сүт», «қорған», «қамал», «батыс» ұғымдарының еш қатысы жоқ. Бұл – есім …

Ел жадында:
Қарабалуан, Жәнібек,
Қаздауысты Қазыбек,
Өлі де болсаң тірісің,
Өз атамның бірісің,
Сыйынатын пірімсің, – деген сөз бар.
Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы да бір орайда:
Қарабалуан, Жәнібек,
Қаздауысты Қазыбек,
Тұлға болып артына
Жетім қалған халқына –
Бір тиянақ қазық ед, – дегені бар.

Қаздауысты Қазыбек – исі қазаққа аты мәлім ұлы би. Жәнібек – Шақшақ Қошқарұлы Жәнібек тархан. Екеуі де – көпке белгілі тарихи тұлға. Ал, ерекше қасиеттерімен дараланған осы екі тұлға қатарында аталғандай Қарабалуан кім?

Қарабалуан – лақап есім. Шын аты – Жанұзақ. Мұрағаттық құжаттарда Қарабалуан Алдиярұлы болып деректеледі. Мысалға, 1738 жылғы Ресей бодандығына ант бергендер тізімінде Арғын Қарабалуан Алдияр ұлы делінген. Алдияр жастай қайтыс болып, Қарабалуанды әкесінің ағасы Мадияр тәрбиелеп өсіреді. Мадияр би – Міржақып Дулатовтың арғы ба¬басы, яғни ру атасы. Мадияр ұрпағы кіші Арғындағы белгілі Мадияр руын құрайды. Міржақыптың әдеби бүркеншік атының бірі – Мадияр екенін білеміз. Бұл руды мажарлар (Венгриядағы мадиярлар) өз тегіне санайды.

Ертеде Кіші жүзде бір ас болып, өрістес кіші арғындар да шақырылады.
Мадияр бастап барған ел жақсылары қатарында атасына ерген Жанұзақ та болады. Аста болған дәстүрлі балуандар күресінде ас беруші жақтың түйе балуанына шығатын кісі болмай, жұрт дағдарысып қалады. Осы сәтте Жанұзақ Мадиярдың алдына келіп:
Ата, батаңды бер, мен шығайын, – дейді.

Аңырып қалған Мадияр:
Сенің түйе балуанмен күресетіндей не өнерің бар? – дейді.

Сонда Жанұзақ:
Үш-төрт жылдық қу тобылғыны бұрағанда майын шығарамын, – дейді.
Ә, олай болса, аруақ – құдай жар болсын, тәуекел, – деп бала да болса, соқтауылдай жігіт тұлғалы Жанұзақты күреске шығарады. Қайратын бұрын да әр ыңғайда байқап жүргендіктен, сеніммен ризалық береді. Үміт ақталып, Жанұзақ барған бетте ұстаса кеткен түйе балуанды көтеріп алып, басынан асыра үйіріп алып соғады. Қошеметшілер «Қарабалуан, Қарабалуан!» – десіп, шек¬пен жауып көтеріп әкетеді. Қара Төлке атанған шешесіне тартқан Жанұзақтың түрі бояуы қанық қара болса керек.Со¬дан былай ол Қарабалуан атанып кетеді.

Шақшақ Жәнібекпен аталас, бірге өскен ол Жоңғар басқыншыларына қарсы Отан соғысында талай ерліктерімен танылады, жасақ басқарады. Ордабасы жиынына, Бұланды, Аңырақай шайқастарына қатысып, Бұқар жырау жырында батырлар санатында аталады. Қарабалуан – Жанұзақ Алдияр ұлы 1688 жылы Қаратауда туып, 1749 жылы Арқада қайтыс болады. Халықтың ұйғарымы бойынша, Шақшақ Жәнібек тархан Түркістанға апартып жерлейді. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі тізімде есімі жазулы.

Қарабалуан-Жанұзақтан Ақмалай, Жұмағұл, Меңіс, Барақ атты төрт ұл туған. Бұлардың бәрі де Орта жүз хандығында белгілі адамдар болған. Барақ Абылай ханның жасақ басшыларының бірі болып, ерлігімен аты шыққан. Қарабалуаннан тараған ұрпақтардан Жазы, Беген, Ілияс Ома¬ров, Сәлімжан Ғалиев, Мәлік Фазылов, Бекет Өтетілеуов, Жайсаңбек Молдағалиев сынды белгілі тұлғалар шыққан.

Қарабалуанның Ақмалай атанған ұлының шын аты Ақмолла екен. Анасы – Төле бидің жиені Жасқана. Кейін келіндері ат тергеп, Жақсыана атандырған. Ақмолла дүниеге келген күні Қарабалуанның үйіне татардың Ақмолла атты белгілі бір кісісі келіп қонады. Балаға ат қою жолы құтты һәм құрметті қонаққа тиіп, ол Бу малайға (татарша бала деген сөз) өз есімімді берейін, өскенде бек оқымысты мол¬ла болсын деп азан шақырып, есімін Ақмолла қояды. Анасы үлкен кісінің атын атауға именіп, әрі тіл-көз тимесін деп татардың баланы малай дейтіні құлағында қалып, еркелете Ақмалай деп атайды. Содан, үй-іші, әулет болып солай атағандықтан, көпке Ақмалай болып танылады. Ақмалай өсе келе орысша, татарша, арабша жазып, сөйлей білген сауатты кісі болады. Өз уақытының билік ісіне араласқан, белгілі би болады. Абылай ханның жерлеу рәсіміне арнайы шақырылғандар қатарында болған. Уәли ханның кеңесшісі болып жүріп Саркөлдегі (қазіргі Қостанай өңірінде) еліне келе жатып, жолай тұтқиыл дерт¬тен қайтыс болады. Ол заманда жолүсті қайтыс болған адамды кигізге орап, түйеге теңдеп бос қоя береді екен де, қай жерге барып шөксе, сол жерге әлгі кісіні жерлейтін болған. Ақмалайды да солай жерлеген. Түйенің барып шөккен сол жері – Есілдің Қараөткел тұсы екен.

Ақмалайдан Жаң, Жаңнан – Жазы. Жазы би атанған. Аға сұлтан Шыңғыс пен Кенесары хан тартысында Жазы Шыңғыс жағында болған. Алайда, Жа¬зыны Кенесары да сыйлаған. Екі жақты бітістіру ниетінде болған Жазы Кене¬сарыны талай қысылшаңда патшаның жазалаушы әскеріне тап болудан сақтап қалып отырған.
Жазы тіл білгендіктен, 18 жасында Омбыға барған қазақ өкілдерінің құрамында болады. Генерал-губер-натор М.Сперанскийдің ілтипатына бөленіп, екі жыл сонда құпия кеңесшісі болады. Екі жылдық татар діни мектебіне түсіреді. Сперан¬скийден кейінгі губернаторлар да қазаққа қатысты мәселелерде Жа¬зыны шақырып отырған. Жазы тіл білуімен қатар, қазақтың әдет-ғұрып, салт-сана, жол-жорасы мен шежіре, руаралық қарым-қатынас һәм жер жағдайын жетік білген. Бұл сол тұстағы орыс шенеуніктеріне қазақ жұртын басқаруға аса қажетті де маңызды мағлұмат болатын.

Жазының тарихи да,тарихта қалған бір ісі – Шегара комиссиясының бастығы болғандағысы. Ол Сібір мен Қазақ жерінің, Сібір мен Орынбор губернаторлығының және Орынбор губерниясы мен Қазақ жерінің шегара¬сын белгілеген. Бұл істе ол аса білгірлік танытып, тарихи деректерді, ерте замандағы қорғандардың орнын, Есім хан тұсындағы шегаралық қорғандар сорабын пайдаланған. Оның бұл ісіне орыс шенеуніктері мен ғалымдары таңғалысқан. 1 Николай патша қабылдап, «Ресей империясының мұрагерлікті құрметті азаматы» атағын және «Казак әскери старшина» шенін берген.

Кейінде Жазы жүргізген сол ше¬гара белгісі «Жазының қара жолы» атанып, орыстар «Почтовый тракт» деген. Бұл туралы Жазыға жиен белгілі жазушы Ғабит Мүсірепов естелігінде сөз етеді. Ал, Ғабеңнің«Оянған өлкесіндегі» Игілік бай Жазының немересі екен. Халық ақыны Нұрхан Ахметбеков «Мәңгіге дейін жоғалмас, Жазекем тартқан омақа» десе дегендей-ақ, Есілдің батыс жағын бой¬лай 15-20 шақырымдай қашықтықта Қараөткелден Омбыға дейін кісі бой¬ындай үйілген омақалардың сорабы әлі күнге дейін тізбек тартып жатыр.

Жазы Жаңұлы Ресей патшасы жарлығымен құрылған Қараөткелде әскери бекініс салу жөніндегі Федор Шубин басқарған экспедиция құрамында бола¬ды. Экспедиция Жазының айтуы бой¬ынша, қазіргі Астана қаласының негізі болып тұрған жерден әскери бекініс салуға белгі қояды. Ал, бұл бекіністі қалай атау жөнінде сөз болғанда «Бұл жердің нендей ерекшелік дерегі бар?»– деген Шубинге Жазы Ақмолла хика¬ясын айтып береді. Шубин бастаған экспедиция мүшелері бекініс аты «Ак¬моллинск» болсын деп ұйғарысады. Кейін орыстар Акмолинск, ал қазақтар Ақмола атап кеткен. Яғни, орыс тілінің ықпалымен молла сөзі мола тұлғасына түсіп, мүлде басқа мағына, Ақмола, яғни ақ бейіт мәніне ауысып кеткен. (Мұндағы бірқатар деректер Әкімбек қажы Қабденұлының «Арғын, Таз (Алдияр) руының шежіресі» кітабынан зерделенді. Қостанай-2008).

Ақмола атауы Қыпшақ Нияз бидің обасына байланысты қойылған деген сөз – жансақ әңгіме. Обаны қазақ мола демейді, оба: топырақ түсіне қарай Қараоба, Қызылоба, Ақоба дейді, Тасоба да бар. Сосын, Орынбасар Тұрашұлының «Бәйтерек бұтақтары» (Қостанай-2005) деген шежіре кітабындағы Ақмола бекіністен бұрын дуан аты болған деген сөз де ұшқары (108 б.). Әуелі бекініс салынған, содан кейін барып ол дуанға айналған. 1831 жылдың аяғына қарай Ақмола округі құрылып, «1832 жылдың 9 қаңтарында Ресей императоры І Николай жаңа Ақмола сыртқы округінің ресми ашылу¬ына өз рұқсатын берді. Ақмола сыртқы округінің ресми ашылуы 1832 ж. 22 та¬мызда жергілікті халықтың көпшілігінің қатысуымен салтанатты жағдайда өтті», – дейді дерек (Астана энциклопедиясы. «Атамұра»-2008. 37 б.). Бұл мекеннің патшалық Ресей заманындағы бастауы – осы.

Қыпшақ Нияз биді хан болды деген ешбір деректі құжат та, оның хан бо¬латындай орайы да жоқ. Түркістанда уақытша хан болған Арғын-Қуандық Нияз батыр. Ол Сәмеке ханның тұсында даңққа бөленіп, үлкен бедел иесі болған. Сәмеке хан қайтыс болғаннан кейін оның орнына уақытша билік жүргізген. Кейін Әбілмәмбеттті таққа отырғызып, өзі оның бірінші уәзірі болған. 1740 жылы Әбілмәмбет хан, Абылай сұлтан, Нияз батыр бастаған Орта жүздің ел ағалары Орынборға Ресейге бодандыққа ант беруге барады. Абылай сұлтан жоңғарларға тұтқынға түскенде 1742 жылы Әбілмәмбеттің ұлы Әбілпейіз бен өзінің бір ұлын «ақ үйлі аманатқа» алып, Абылайды тұтқыннан басату үшін Жоңғарияға елшілікке барады. Кейін Абылай Нияз батырға Ташкент қаласы төңірегіндегі иелікті билеуге береді. Жасы ұлғайған шағында Сарыарқаға – Ортау, Ақтау өңіріне көшіп келеді. Нұра бойын, Қорғалжынды жайлайды. Қайтқан соң Түркістанға Қожа Ах¬мет Яссауи кесенесіне жерленеді. Бұл Нияздың да Ақмола атауына қатысы жоқ. (Бұл деректер профессор Зарқын Тайшыбаев құрастырған «Қазақтың ханы Абылай» атты екі томдық құжаттамадан екшелді. Алматы-2011).

Бір кезде Ақмола сөзі – ақ мол, яғни сүт көп деген мәнде деген де пікір болды. Ақмола сөзін «ғылымиландырып», одан әрі «тарихиландыра» түсу мақсатында «жаңалық» ашып жүргендер де бар. Қайрат Ғабитханұлының жалған сөз тектеуіне сүйенген Алдан Смайыл: «Ақмола – ғұндардан қалған атау. Оның мәні – «батыстағы қамал, батыстағы қорған», – деп ой түйеді. (Алдан Смай¬ыл, «Астана: ғасырлар деректері» «Алтын тамыр» жорналы №1-2010).

Моланы қорған деп санау – осы кезге дейін обаны қорған (орыс зерттеушілерінің курган дегенінен) деп санап жүргендегідей жаңылыс таным. Қай кезде, кім айтса ол айтсын, бұл – жаңсақ түсінік. Қорған деген кез келген төбені қазсаң, астынан кісі жерленген қабір шығады. Көшпелілер ұғымында жеке мола тұрмақ, қорымның өзі қорған саналмаған. Қорған –қорған, қорғаныс шебі. Ол – қалалы мекендер¬де ғана салынған бекініс. Қазақтың жер атауларында Ақмола ғана емес, Қарамола, Қызылмола, Жармола, Тасмола, Қышмола, Аралмола, Бақсы моласы, Хан моласы, Әулие моласы, Қыздың моласы дегендей сан түрлі ата-улар бар. Мұның ешқайсысы да түстікті көрсетпейді, топырақ түсі мен нақты кім жерленгенін мәлімдейді. Әрі ешқайсысы да қорған емес, тек кісі жерленген орын. Белгілі адамдардың бейіттерінің үстіне сұпы, там, оба, дің, үй, күмбез, кесене деп аталатын шағын құрылыстар салынған. Алайда, бұлар да қорған емес. Мысалға, Жошы хан, Алаша хан, Домбауыл, Ары¬станбаб кесенелерін қалай қорған дерсіз. Тіпті, ең үлкен кешенді құрылыс Қожа Ахмет Яссауи кесенесінің өзі де – қорған емес, ғибадат орны.

Мола – адам мәйіті жерленген орын. «Мола болғыр» деген қарғыс сөз – ажал келсін деген сөз. «Моладай болып» деген сөз – қабір үстіне үйілген биік топырақты меңзеп, тентектік жасаған жасөспірімді жекіген сөз. «Моладай қылып» – бір нәрсені тым орынсыз үйіп қойғанды айтады. «Моласын¬дай бақсының» дегенде Абай нақты кісі жерленген орынды бейнелеген. Ақмолладан – Акмоллинск, Акмолинск, Ақмола, одан Целиноград, одан қайта Ақмола деп жансақ аталып келген қала атауының Астана атанып Қазақ тарихының жаңа парағын ашуы орынды болды. Енді Ақмола облысы мен Ақмола ауданының атаулары да уақытқа сай өзгертілгені, яғни дұрыс атау берілгені жөн болмақ. Даланың арғы тарихы бір басқа да, қала атауының белгілі кезеңдегі тарихы бір басқа. Ал, сөз тектеуде бопса мен болжам емес, нақтылық, солай болса екен дегендік емес, солай болғаны керек.

Сабыржан ШҮКІРҰЛЫ,
Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, жазушы

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 + nine =