Ақбота КЕРІМБЕКОВА: ӘНШІ БОЛМАСАМ, КӨП БАЛАЛЫ АНА БОЛАР ЕДІМ

0 258

– Сіз алғаш сахнаға гитарамен шығып едіңіз, ол аспапты сіздің қолыңыздан қазір неге көре алмай жүрміз?
Елнар ҚАЖЫКӘРІМ, студент

– Концерт бергенімде гитарамен екi ән орындадым. «Келем дешi» әнiне түсiрiлген бейнебаянымда да гитара тартып тұрған сәттер бар. Қазiр жастардың денi эстрадалық бағыттағы әндердi тыңдайды. Бiрақ гитарамды тастаған емеспiн және репертуарымда онымен орындалатын әндерiм баршылық. Сахнада эстрадалық әндердi орындап жүргенiммен, облыстарға шыққанда сұраныс болып жатса, осы аспаппен ән салып беруге дайынмын. 

– Ән таңдаудағы талғамыңыз өте жоғары. Бұл ретте кімнің ақыл- кеңесіне сүйенесіз?
Айтолқын ӘЛІМХАНОВА, бухгалтер

-Өмірде өзімнің дегеніммен жүретін адаммын. «Әннің де естісі бар, есері бар» дейді Абай атамыз. Сондықтан да, мағыналы, мәнді әндерді таңдауға тырысамын. Кейін анама тыңдатып, сол кісінің ой-пікіріне жүгініп, ақылдасып, кеңесіп отырамын.

– Қазақ эстрадасындағы кемшілік деп нені айтар едіңіз?
Көркем ҚАЖЫХАНҚЫЗЫ, оқырман

– Халықтың өнерге деген құрметі қалмай барады. Қазір екінің бірі әнші ғой. Кім көрінген сахнада жүр. Ән айтып жүргендердің бәрін жаман десем, көпке топырақ шашқандай болармын, бірақ әншілердің санын көбейтіп жүргендердің тең жартысы музыкаға қатысы жоқ адамдар. Олардың не сөзінде мағына жоқ, не музыкасында мән жоқ.

– Сіздің киiм кию стилiңiзге де ара-тұра пiкiрiн бiлдiрушiлер табылады. Қалай қабылдайсыз?
Әсем ЖУМАШКИНА, мұғалім

– Орынды сынды тыңдап, нәтиже шығаруға тырысамын. Мен сахнаға жалаңаш шығып жатқан жоқпын. Немесе қып-қысқа киiммен шығып жатыр ма екем? Мен өзiме қонымды киiмдi киемiн. Пәленбай ақшаға тiктiрiп, бiр-екi рет қана киiп, ысырап жасап нем бар? Затым әйел болса да, табиғатымнан қымбат киiм мен жылтыр әшекейге құмар емеспiн. Маған кейде стилистер, кейде құрбыларым көмекке келiп, таңдауға көмектеседi. Бiрақ көп жағдайда өзiмнiң талғамыма сүйенемiн. Мен әншiмiн, мiндетiм – әнiмдi шырқау. Тарихта менiң жылтырыған киiмiм емес, жүректерге жеткен әнiм қалады.

– Бильярдты мықты ойнайды деп естідік. Сол рас па?
Ақан КӨПТІЛЕУ, оқушы

– Анда-санда бильярд ойнайтыным рас. Жалпы, кішкентайымнан спортқа жақын болатынмын.

 – Сiздiң орындауыңыздағы әндердiң көпшiлiгi мұңлы, лирикаға толы болып келедi. Мұның сыры неде?
Индира НАУРЫЗБАЕВА, оқырман

– Алла әр әншіге үніне, дауысына қарай бағыт-бағдар береді ғой. Рас, менiң репертуарымдағы әндердiң көбi мұңды. Бәрi табиғатыма жақын әндер. Халық менi солай таныса, демек мұңды әндерiмдi ұнатып, тыңдайтын секiлдi. Дауысым, үнім лирикаға жақын болғандықтан, сондай әндерді орындаймын. Бiрақ көңiлдi әндерім де жоқ емес, баршылық.

– Әнші болмасаңыз кім болар едіңіз?
Панаркүл БЕГДЕРБЕКОВА, оқырман

– Әнші болмасам, көп балалы ана болар едім. Не болмаса, әскери адам болар ма едім… 

– Үй шаруасына қалайсыз?
Валентина ОБИЖАЕВА, аспаз

– Әйел адам болған соң, үй шаруасына ептімін. Барлық әйел заты секілді ас әзірлеп, үй жинау менің де қолымнан келеді. Қолым қалт еткенде дүкен аралап, үйге азық-түлік алуды ұмытпаймын.

– Ең алғаш сахнаға шыққан сәтіңіз есіңізде ме?
Шынар ЕСЕНОВА, оқушы

– Есімде. Бес жасымда балабақшада жүрген кезімде Дінмұхаммед Қонаев атамыздың алдында өнер көрсеткен болатынмын.

Әзірлеген Еркежан КӨПТІЛЕУҚЫЗЫ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

10 − nine =