Ақаңы едi Алаштың

0 185

Алаштың сал-серiсi атанған Ақселеу Сейдiмбек аға – бiр кiсiлiк ғұмырына мың кiсiлiк тұғыр орнатқан белгiлi қаламгер, ғалым-этнограф, қазақтың әдебиетi мен мәдениетiне еңбегi сiңген қайраткер, бiртуар тұлға. Осылай жалғасып кете беретiн атақ-даңқына қарамастан, ол кiсiнiң қарапайымдылығы мен кiсiлiгi ерекше едi. Шығармашылығымен сыртынан таныс ағамызбен университетте кездестiм. Кездескен сәттен-ақ, менi көптен бiлетiн адамдай, ашық-жарқын сөйлесiп, әңгiмеге тартты.

– Ал, қызым, әңгiме айт, – деп бастады сөзiн салған жерден. Бастапқыда не айтарымды бiлмей абдырап қалдым. Дегенмен, жол тауып шығарма-шылығымен бұрыннан таныс екендiгiмдi, «Аққыз» шығармалар жинағын оқығанымды айтқанымда, ағаның жүзi нұрланып, маған ризашылық кейiппен қарап; Ә-ә, қалай екен? – дедi.
– Ұнады, – дедiм бiрден.
– Қайсысы ұнады?
– Рышман, – дедiм ойланбастан.
– Несi ұнайды?
– Сiзге ұқсайды, – деппiн сасқанымнан. Сол кезде ол қарқылдап күлiп жiбердi.
– Атың кiм едi, сенiң?
– Сәруар.
– Сәруар, Сәруар, қатырасың ағаңды, – деп, тағы ұзақ кеңкiлдеп күлiп алды.
– Ой, аға, мен оны оқушы кезiмде оқығанмын, – дедiм.
Ұмытпасам, 7-сыныпта оқып жүрген кезiм болар, осы «Күзеуде» повесi «Жұлдыз» журналында жарияланды. Ол кезде әкем Аплаш «Жұлдыз», «Қазақстан әйелдерi», «Жалын», «Мәдениет және тұрмыс» секiлдi республикалық әдеби-көркем басылымдардың барлығына жазылатын. Бiз отбасында жетi бала едiк. Ересек үш-төртеуiмiздi әкем әрбiр журналға ие етiп қоятын. Ие болғанда, бiз оның жыртылып қалмауын, жоғалып кетпеуiн бақылайтынбыз. Мен «Жұлдыз» журналының «қожайынымын». Сондықтан ондағы шыққан қызықты шығармаларды мен бiрiншi оқи-тынмын.
Емiс-емiс балалық шақта оқыған дүниелерiмдi еске түсiрiп отырмын. Кiтап мазмұны кино лентасындай бiрде үзiлiп, бiрде тiзiлiп көз алдымнан өтiп жатыр. Ал, кейiпкерлер дүниесi қайда, оқиғалары қандай, сасқалақ-тағаным сонша, бетiм қызарып кеттi бiлем, аға әрi қарай қазбаламады. Әңгiме әуенiн басқа жаққа бұрып әкеттi.
– Сол жазған азды-көптi дүниелерiмiздi келер ұрпақ оқып, бiлiп жатса, бiзге одан артық не керек, – деп толқи сөйлеп отырды.
Балалық шақта оқыған «Сарыарқаның саумал иiстi сары ала жапырақты күзi едi», – деп басталатын «Аққыз» атты повестер мен әңгiмелер жинағы бүгiн үстелiмнiң үстiнде жатыр. Аға туралы естелiк жазарда қайта қарап отырсам, «Күзеуде» повесiндегi табиғат көрiнiсi, жазушы сипаттаған қоңыр күздiң кескiн-келбетi, мың құбылып, бiрде тынып, бiрде елеусiз ғана бой тербейтiн қоңыр салқын лебi ескен уақыттың көрiнiсi, қыс алдында соңғы рет дәурен күйiн бiр шертуi арқылы өзiнiң ғұмыр бойы тартып келген «Дәурен-ай» күйiнiң қағысын келтiрiп, домбыра тиегiн дөп басып тұрғандай кейiп танытатыны анық. Бұдан жазушы ағаның шығарма кейiпкерлерi мен шытырман оқиғаларды саумал иiстi, салқын желдi, сайын даладан iздейтiнiн сездiм. Туған жердiң топырағы мен ауасының иiсiн ала-бөтен сезiп, қасиетiн дәрiптеген жанның осы Сарыарқаның саумал қымызы туралы айтқан бiр әңгiмесi есiмде қалыпты.
«Бiздiң Жаңаарқада бiр азаматтың үйiнде (атын ұмытып қалдым) қысы-жазы саумал қымыз үзiлмейдi. Бiр күнi қыс кезiнде қонақ болып, үйiне түссек, биенi бүгiн сауып отырғандай, саумал қымызды сапырып-сапырып алдымызға алып келдi. Иiсi бұрқыраған қасиеттi сусынның дәруi бойды ерiксiз баурап, құмарта түстiк. Бие байлап отыр екен деп ойладым. Бие байлап отырсың ба, – деген сұрағыма үй иесi үнсiз ғана жымиыспен жауап бергендей болды. Бiр уақытта: «Ой, Ақа, сiз де айтады екенсiз-ау! Қыс iшiнде қайдағы бие сауған? Жазғы қымыз ғой» демесi бар ма? Таң қалдым. Сонда қалай? Қымызды қалай сақтаған, саумал күйiнде деген ой келдi. Бұл сауалға сұратпай-ақ иесi өзi жауап бердi. Сөйтсек, жаңағы азамат кәдiмгi шампан шыныларын жәшiктеп жинап алады екен де, саумал қымызды толтыра құйып тығынын бұрап қоя бередi екен. Қымыз құйылған уақытта iшiнде ауа қалмаса, сырттан ауа бармаса, қасиеттi сусын сол күйiнде сақталатындығын айтты» деп таңдана әңгiмелеп бердi.
Сол көптi көрген қариялардың көзiндей, артына тастап кеткен сөзiндей болған, өзi де қазақы қалыпты туған даласының көкорай шалғыны, көк майса жерi, саумал иiсi арқылы кеудесiне сыйдыра бiлген, кең иықты, кербез ағамыздың ортамыздан кетiп қалатынын сол кезде сездiк пе. «Ендi бiзге әңгiмелерiңмен әңгiмелесу ғана қалды. Тiршiлiкте бағаңа жетiп, жаныңды түсiнiп, сырыңды ұға алмасақ, кеш, аға!» – дегiм келедi.
Сәруар ҚАМАЕВА,
Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетiнiң доцентi

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

3 × 4 =