«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақ ұлпалы Астана

0 201

Желтоқсанның басынан бері күн райы жылымық болып, қыстың ауылы әлі алыс сияқты көрінген. Ал жексенбіде жұрт ұйқысынан оянғанда, жердің жүзі ақ ұлпаға оранып үлгерді. Сенбінің түнінде толассыз жауған қар тұрғындарды біраз әбігерге түсіруде.

45 МЫҢ ТЕКШЕ МЕТР ҚАР ШЫҒАРЫЛДЫ


Қар жауып, көктайғақ болуына орай қалалық қызметтер де күшейтілген жұмыс режиміне көшті. Осы орайда «Астана Тазалық» ЖШС бас директоры Боранбай Болатбеков көше тазалау жұмыстары бойынша БАҚ өкілдеріне арнайы сұхбат берді.
– Бүгінгі уақытта қаладағы қар тазалығына 1076 техника бірлігі, 2200-ден аса жұмысшы жұмылдырылды. Көктайғаққа қарсы қала көшелеріне 550 текше метр құм мен тұз қоспасы себілді. 45 мыңдай текше метр қар шығарылды. Күндіз адамдардың жүріп-тұруына, көлік қозғалысына бөгет жасамау үшін тазалық жұмыстары, негізінен, түнгі уақытта жүргізіледі. Сонымен қатар, таңғы сағат 7.00-ден 9.00-ге дейін көлік қозғалысына бөгет болмас үшін техникалық үзіліс болады. Жалпы, 24 сағат бойы жұмыс істейміз. Кешкі сағат 20.00-ден бастап екінші ауысым жұмысқа кіріседі, – деген Боранбай Болатбеков, – ауа райын үнемі бақылап отырамыз. Болжам бойынша осы аптада әлі де қар жауады деп күтілуде. Қазгид­рометтің мәліметіне сүйенсек,
22 мм қар 10 мм-ге шөккен. Бұл да аз қар емес. Дегенмен қаланы қардан дер кезінде тазалау жұмыс­тары қарқынды жүргізілуде. Мектеп, аурухана сияқты әлеу­меттік нысандардың кіреберіс­теріне жол ашылып, қала көшеле­рі әлі де тазаланып жатыр, – деді.
Сонымен қатар, сұхбат барысында кәсіпорындағы жанармай отынының жеткілікті екенін тілге тиек еткен Боранбай Болатбеков жұмысшылардың жалақысы былтыр екі рет көбейгенін, алда әлі де көбейетінін, сондай-ақ сыйлықақы да төленіп тұратынын айтып өтті.

КӨКТАЙҒАҚТА АБАЙЛАҢЫЗ!
Ресми мәліметтерге сүйенсек, Сарыарқа ауданы бойынша 576 жұмысшы мен 269 техника бірлігі, Есіл ауданы бойынша 726 жұмысшы мен 354 техника бірлігі, ал Алматы ауданы бойынша 919 жұмысшы мен 453 техника бірлігі жұмылдырылған. Ал 28 қазаннан бері қаладан шығарылған қар көлемі 54 мың текше метрді құраған.
Ауа райы болжамына сәйкес, бүгін, яғни 12 желтоқсан күні қалада тағы да қар жауып, солтүстік-батыстан секундына 9-14 метр жылдамдықпен жел тұрады деп күтілуде. Температура түнде -15 -17, күндіз -11 -13 градус аралығында болмақ.
Қала билігі елорда тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік шараларын және көлік жүргізу кезінде арақашықтықты сақтауға, тез қимыл-әрекет жасамауға және жылдамдық режимін асырмау­ға шақырады. Сол сияқты жаяу жүргіншілерге де жолда мұқият болу керек. Жолды тек жаяу жүргіншілерге рұқсат етілген жерден ғана өткен абзал. Қала көшелерінде арнайы техникалар жұмыс істеп жатқандықтан, қозғалыс біраз баяулауы мүмкін. Осыған орай, қала бойынша қатынау бағдары мен уақытын алдын ала ескерген жөн.

Нұрдәулет Кәкішев

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды