Ақ үй алыстан айбар шекті

0 105

Байден билікке келгенде «алдағы 4 жылда АҚШ-тың Ресей мен Қытайға қатысты саясаты қандай болуы мүмкін?» деген мәселе қызықты түйінге айналды. Себебі өткен 4 жылда Трамп Ресейге қатты қысым көрсетпегенмен, Қытайды АҚШ-тың басты жауы санап, экономика, саясат жағынан қатты қысым жасады. Ендеше бүгінгі мақаламызда сыртқы саясатта Трамптан басқаша бағыт ұстанатынын әу бастан-ақ аңғартқан Байден қазір «Қытай мен Ресейге қатысты қандай әрекетке барады?» деген түйінді қаузайық.

АҚШ пен Қытай әлі де аңдысып отыр

Жақында АҚШ президенті Джо Байден Қытай басшысы Си Цзиньпинмен телефон арқылы сөйлесті. Байден билікке келгеннен бері Қытай басшысымен сөйлеспеген. 7 ақпан күні CBS телеарнасына берген сұхбатында «Қытай басшысына қоңырау шалуға ешқандай себеп жоқ» екенін айтқан Байден Си Цзиньпинді «ол өте ақылды және қатал» деп бағалап, «ол біреуді сынамайды, сондықтан мен де оны сынағым келмейді, бірақ демократия Си Цзиньпиннің сүйегінде де жоқ» деп мәлімдеген болатын. Алайда арада бір апта өтпей жатып, екі ел басшылары телефонмен тілдесті.
Ақ үйдің хабарлауынша, Байден сөйлесу кезінде Қытайдағы адам құқығы, АҚШ-пен сауда қатынасы, халықаралық қауіпсіздік және климаттың өзгеруі мәселелерін қозғаған. Сонымен қатар, Байден әңгіме барысында АҚШ-тың қауіпсіздігі, америкалықтардың өмір салтын қорғау және Үнді-Тынық мұхиты аймағының «еркін әрі ашық» қалуы сияқты мәселелерге басымдық беретінін атап өткен. «Мәжбүрлі, әділетсіз» экономикалық әдістер мен Ганконгтегі наразылықтың басып-жаншылуы, Шыңжаңдағы адам құқығының бұзылуы мәселелеріне де қатты алаңдайтынын айтқан Байден «Американың мүддесіне қажет болған жағдайда Бейжіңмен жұмыс істеуге дайын екенін» де білдірген. Екі ел басшысы коронавирус індетімен күрес, жойқын қару түрлерінің таралуы мәселелері төңірегінде де пікір алмасқан.

Байден де Қытайдан іш тартты ма?

Қытай және Ресеймен болған қарым-қатынасты айқындау, сондай-ақ бұл елдерге қарата өнімді саясат ұстану Джо Байден әкімшілігінің ерекше басымдық беріп отырған түйіні екені жасырын емес. Дегенмен билікке келерде «АҚШ-тың басты жауы – Ресей, ал Қытай – басты бәсекелес» деп мәлімдеген Байден бастапқыда Ресейге қарағанда Қытайға жұмсақтау саясат ұстанғанын аңғартқан. Дейтұрғанмен соңғы кездері жасаған мәлімдемелеріне қарағанда, Байденнің Қытайдан да іш тарта бастағаны байқалады.
Екі ел басшысының сөйлесуінен кейін АҚШ президенті Джо Байден АҚШ заң шығарушыларына Қытай агрессивті түрде АҚШ-тан инфрақұрылым жағынан озып бара жатқанын ескертті. «Олар көп ақша салады, миллиардтаған доллар инвестиция жасайды, оларда теміржол саласында үлкен, жаңа бастамалар және сағатына 225 мил жылдамдықпен жүретін теміржолдар бар, егер біз қозғалмасақ, олар бізді алдымыздағы асымыздан айырады» деді Байден осы айдың басында АҚШ қоршаған орта және қоғамдық жұмыстар комитетінің мүшелерімен болған кездесуде.
Сонымен қатар, Байден Пентагонға Американың Қытаймен болған қатынас стратегиясын сараптау туралы да тапсырма берген. Президент кеңесшілерінің Қытаймен экономикалық және сауда қатынасын жандандыру мәселесімен де айналысып жатқаны хабарланды. Дегенмен Байден әкімшілігі әзірге Трамп әкімшілігі енгізген сауда тарифтерінің күшін жоюды жоспарлап отырған жоқ. Джо Байденнің сөзіне қарағанда, Қытайға қатысты тиімді саясат жүргізу үшін үкіметтің талпынысы, конгрестің қолдауы және жүйелі одақтастар керек. «Тек солай ғана Қытай туғызған мәселелерге төтеп береміз және алдағы бәсекеде Американың жеңуін қамтамасыз ете аламыз. Біз Қытайдың экономикалық ереже бұзушылықтарына қарсы тұрамыз» деп мәлімдеді АҚШ президенті.
Демек, Қытай мен АҚШ қатынасы қазір сын үстінде тұр. Егер Қытай Байден билігімен тіл табыса алмаса, онда АҚШ одақтастарымен бірлесіп, Қытайды тағы да қыспаққа алуы әбден мүмкін. Өйткені соңғы кездері АҚШ-тың әскери-теңіз күштері мен Бейжің армиясы Оңтүстік Қытай теңізінде бетпе-бет келуі жиілеп, шиеленіс бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткен. Сонымен қатар, Қытай ұшақтарының Тайвань кеңістігіне баса-көктеп кіруі де көбейген. Ал АҚШ болса Тайваньды қолдайтынын ашық ескертіп, Қытайға алыстан айбар шегіп отыр.

Ресейді қос бүйірден қыспаққа алмақ

Өткен айда Байден мемлекеттік департаментте сыртқы саясат бойынша баяндама жасап, «Америка Құрама Штаттары Ресейді өз әрекеттері үшін жауапқа тартады» деген еді. «Мен президент Путинге біздің сайлауларымызға араласу, кибершабуылдар жасау, өз азаматтарын улау секілді Ресейдің агрессивті әрекеттеріне Америка Құрама Штаттарының мойынсұнатын күндері артта қалғанын түсіндіруге тырыстым. Біз Ресейді еш ойланбастан барлық әрекеттері үшін жауап беруге мәжбүрлеп, өз халқымыздың өмірлік мүдделерін қорғаймыз» деді ол.
Навальный ісі жөнінде де сөз қозғаған АҚШ президенті «Навальныйдың саяси астары бар қамауға алынуы және Ресейдің жиындар ұйымдастыру бостандығын басу әрекеттері бізді және бүкіл әлем қауымдастығын қатты алаңдатады» деген Байден Ресей Алексей Навальныйды тез арада және ешқандай шарт қоймастан босату керек деп санайтынын жеткізді.
Навальный ісі демекші, Навальныйдың улануына және оның Ресейге қайтып келгеннен кейін тұтқындалуына байланысты Ресейдің Еуроодақпен болған қатынасы да күрт ушықты. Атап айтқанда, Еуроодақ түрмеге қамалған Навальныйды және оның жақтастарын дереу босатуды талап етті. Бірақ Ресей оны құлағына қыстырмай, Еуроодаққа мүше елдердің 3 дипломатын елден қуып, отқа май құйып, жағдайды одан әрі ушықтырып жіберген еді. Осы жағдайға байланысты Еуроодақ Ресейге санкция салудың да жоспарын жасап жатқанын мәлімдеді. Алайда жақында Ресей Сыртқы істер министрі Сергей Лавров тілшілерге берген сұхбатында «Егер санкция күшейсе, Ресей Еуроодақпен қарым-қатынасты үзуге даяр» деп мәлімдеді.
Еуроодақтың сыртқы істер ведомствосының басшысы Жозеп Боррельдің Мәскеуге сапарынан кейін Еуропарламент сессияларында санкция салу мәселесі талқыланған. Себебі дипломат Ресейге сапары кезінде Мәскеудің Брюссельмен қатынасты жақсартуды жоспарлап отырмағанына көзі жеткенін айтқан. Оның бағалауынша, Ресей демократияға бағыт түзеу және заң үстемдігін орнату жөнінен Еуропаның үмітін ақтамаған.
Бұған дейін құпия дереккөзге сүйенген Reuters агенттігі Еуроодақтың Ресей президенті Владимир Путин төңірегіндегі адамдарға да санкция салуы мүмкін екенін хабарлаған. Егер санкция салынса, Путин айналасындағы адамдардың активтері бұғатталып, олардың Еуропа елдеріне сапарлауына тыйым салынуы мүмкін.
Өткен аптада Еуропа елдері мен АҚШ Ресейді Украинаның шығысындағы Киев және Мәскеу қолдаған сепаратистер арасындағы ұзақмерзімді қақтығысты шешуге кедергі жасады деп айыптады. Сондай-ақ Минск келісімі жөніндегі конференциядан кейін БҰҰ қауіпсіздік кеңесі жариялаған бірлескен мәлімдемеде кеңеске мүше еуропалық мемлекеттер – Ұлыбритания, Франция, Ирландия, Норвегия және Эстония, сондай-ақ Германия елдері Мәскеу мен Киев арасындағы Минск келісімдерінің дұрыс орындалмай жатқанын, Ресейдің Донецк пен Луганск өңіріндегі тұрақсыздық үшін жауап беруі керектігін жеткізді. Қысқасы, Еуроодақ пен АҚШ-тың Ресейге қаратқан қысымы күн сайын күшейіп келеді. Бұл соңғы жылдары салынған санкция мен пандемияның әсерінен экономикасы тұралай бастаған Ресей үшін өте тиімсіз болғалы тұр.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

four × five =