Ақ түндер әуені

0 127

Кеше Бейбітшілік және келісім сарайында Санкт-Петербургтің Астанадағы мәдени күндерінің салтанатты ашылуына орай концерт өтіп, «Кескіндеме өнеріндегі Санкт Петербургтің тарихы мен мәдениеті» және «Петербург симфониясы» атты көрмелер тұсауын кесті. Бұл салтанатты шараға Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов және Санкт-Петербургтің губернаторы Георгий Полтавченко қатысып, жылы лебізін білдірді.

Санкт-Петербургтің сәлемін ала келген Ресейдің еңбек сіңірген қайраткері Владимир Поповтың көркемдік жетекшілігі әрі дирижерлігімен Санкт Петербург Мемлекеттік Орыс концерт оркестрі өнер көрсетті. Жеке вокалдық партияларды Санкт Петербург қаласының Михайловский театрының солисі – Мария Литке (сопрано) мен халықаралық конкурстардың жүлдегері, Ресей Бірінші арнасындағы «Голос» және «Один в один» телебағдарламаларының қатысушысы, Мәскеудегі «Новая опера» театрының солисі Евгений Кунгуров (баритон) орындады.
Концертте Штраустың, Рахманиновтың, Глинканың, Свиридовтың, Понкьеллидің, Кальмананың, Алябьевтың классикалық шығармалары, сондай-ақ, орыс халық әндері мен жүректі тербетер лирикалық туындылар шырқалды.
Ал ресейлік қылқалам шеберлерінің еңбектері жинақталған «Кескіндеме өнеріндегі Санкт Петербургтің тарихы мен мәдениеті» атты көрме Ақ түндер қаласының өткен тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігінен сыр шертеді. Көрмеде Петербург-Ленинград кескіндеме өнері мектебінің биік дәстүрін жалғастырып жүрген отыздан аса суретшінің жұмыстары қойылыпты. Олардың қатарында белгілі қылқалам шеберлері Владимир Алексеев, Виктор Пермяков, Александр Москвичев, Евгений Дубицкий, Рудольф Яхнин, Эвелина Соловьева, сонымен қатар, жас суретшілер Михаил Гавричков, Светлана Звонова және басқалар бар.
«Петербург симфониясы» көрмесі былтыр жалпыресейлік Санкт Петербург фотоконкурсында үздік деп танылған 20 еңбектен құралған. Бұл көрме тақырыптық жағынан да, жанрлық жағынан да әралуандығымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, Петербордың жаңашыл суретшілерінің бағыт-бағдарын, қарым-қабілетін де бағамдауға мүмкіндік бар. Жұртшылық Владимир Антощенков, Юрий Дядюченко, Александр Матросов, Владимир Никитин, Анна Шишкина сынды суретшілердң фотожұмыстарын, Людмила Таболинаның пикториалды суреттерін, Дмитри Чумичевтің қазіргі заманғы пейзаждары мен Ресей фотожурналистикасының танымал шебері Павел Маркиннің фоторепортаждарын тамашалап, рухани әлемге алады.
Бүгін Тәуелсіздік сарайында Санкт Петербургтиің бүгінгі кескін-келбетін бейнелейтін фотокөрме ұйымдастырылатынын да өнерсүйер қауымның есіне сала кетейік.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

nine + seven =