©2020 Астана Ақшамы
Ақ қарда андыздаған ардагерлер
Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы орталық стадионда ардагерлер арасында шаңғы жарысы өтті.
Іс-шараға 100-ге тарта шаңғышы ат салысты. Олардың арасында жасы 70-тен асқан ардагерлер де бар. Шараға қатысушылар 400 метрлік стадионды 4 рет айналып шығуы тиіс болды және мұндай жарыс елордамызда бірінші рет өткізіліп отыр.
«Спорттық іс-шараны өткізудегі мақсат – адамды рухани жағынан жетілдіріп, шымырлыққа тәрбиелеу, ортада салауатты өмір салтын қалыптастыру. Екіншіден, ардагерлерді бір араға жинау, көңілдерін көтеру. Жалпы, ардагерлер белсенді болуы керек. Жастар біздің сөзімізбен қатар, ісімізден де өнеге алуы тиіс», – дейді Астана қаласы Ардагерлер кеңесінің төрағасы Бекен Әлімжанов.
Шаңғы жарысы 60-65, 65-70, 70-75 жас аралығындағы үш топ спортшылар арасында өтті. Бірінші топ арасынан В.Кучинский, екінші топтан А.Антонов және үшінші топтағы ардагерлер арасынан 72 жасар Р.Михеева бірінші келді.
«Мен жүгіруді 45 жасымда бастадым. Содан бері 27 жыл өтті, 72 жасқа келсем де, жүгіруді тастаған емеспін. Күн сайын 6 шақырым жүгіремін. Тіпті жаяу жүру үшін көлігімді де сатып жібердім», – дейді Раиса Михеева.
Іс-шараны ұйымдастырушылар кросс аяқталған соң ардагерлерге арнайы дастарқан жайып, құрмет көрсетті.
Ербол ЖАНАТ