АҚ ОЛИМПИАДАҒА АРНАЛДЫ

0 97

тастанбек1

Кеше 7-23 ақпан аралығында Сочиде өтетін 22-інші Қысқы олимпиада ойындарына байланысты ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің төрағасы Тастанбек Есентаев Орталық коммуникациялар қызметінде БАҚ өкілдерімен кездесу өткізіп, спортшыларымыздың дайындығы төңірегінде аз-кем мағлұмат берді.

Ол 2012-2013 жылдары ұлттық құра­­ма­дағы спортшылардың 193 оқу-жат­тығу жиынына қатысып, Әлем кубогы, Әлем және Азия біріншілігі, сондай-ақ неше түрлі халықаралық дәрежедегі рейтингтік 175 жарыста жақсы нәтижеге қол жеткізгенін айтты.

– Біз алдағы Сочи олимпиадасында ерлер арасында сынға түсетін шаңғышыларымызға, фристайлдан ерлер және әйелдер құрамаларына, сондай-ақ Денис Кузин, Денис Тен сияқты спортшыларымызға көбірек сенім артамыз. Ванкувер олимпиадасында Қазақстан 64-інші орында болса, ал биыл төрт спортшымыз әлем біріншілігінде жүлдегер атанып, қорытындысында 19-орынға табан тіредік. Енді біз алдағы ақ олимпиададан кем дегенде екі жүлде мен жалпы есепте 20-23 орындарды көздеп отырмыз, – деді агенттік төрағасы.

Жалпы алғанда, 908 медаль сарапқа салынатын Сочи олимпиадасына әлемнің сексен шақты мемлекетінен 5000-нан аса спортшы жиналады деп күтілуде. Тастанбек Құтжанұлының айтуынша, ақ ойындар жолдамасының басым бөлігіне Шығыс Қазақстан, Ақмола, Павлодар, Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Қарағанды облыстары және Алматы қаласының атлеттері ие болып отыр.

– Олимпиададағы көрсеткішіне байланысты спортшыларға шамамен 700-6000 АҚШ доллары көлемі аралығында айлық жалақы тағайындалатын болады. Құраманың дайындығы үшін спорттың сегіз түрінен 17 шетелдік маман келісіммен жұмыс істеуде. Олардың арасында жақсы жетістікке жеткізіп үлгер­ген­дері де бар. Дегенмен, біздің спортшылардың арасында шетелдік легионерлер жоқ. Хрусталеваға келсек, ол бізге бұрын, яғни, өткен олимпиада мезгілінде келген болатын, – деген Тастанбек Есентаев олимпиадаға жанкүйерлер алып бару мәселесін де қарастырып жатқаны туралы және бұқараны тікелей спорттық ақпаратпен қам­та­масыз ету үшін бірнеше тілшіні ерте кетуді көздеп отырғанын айтты. Агенттік төрағасы кездесу соңында тілшілердің сұрақтарына жауап берді.

Төрт жылда айналып бір соғатын олимпиада ойындарына небары­ елу­ шақты күн қалғанын ескерсек,­ біз­дің команданың әр мүшесі өз дайын­дық­тарын қазірден бастап тыңғылықты арттыру керек.

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

13 − seven =