«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Aq jol өз таңдауын жасады

0 130

Кеше AQ JOL demokratialyq partiasy президент сайлауына қатысатын өз үміткерінің есімін жариялады. Ол – Мәжіліс депутаты Дания Еспаева. Елімізде тұңғыш рет саяси партия тарапынан саяси додаға әйел үміткер қатысады. Алғашында партиялық тізімдегі үміткерлердің саны алтау болды. Солтүстікқазақстандық заңгер Евгений Кинцель, жамбылдық кәсіпкер Асан Қошмамбетов, Қазақстан құрылысшылар одағының төрағасы Талғат Ерғалиев, Мәжіліс депутаты Дания Еспаева, шығысқазақстандық құқық қорғаушы Қуат Рахымбердин, атыраулық кәсіпкер Серік Ерубаевтар сайлауда бақ сынауға тәуекел еткендерін мәлім етті. Алайда құрылтайға қатысқан 254 делегаттың 190-ы құпия дауыс беру тәсілімен Дания Еспаеваның кандидатурасын бірауыздан мақұлдады.

Құрылтай қалай өтті?

Енді партия құрылтайындағы оқиғаларды рет-ретімен баяндайық. Басқосуды ашып, сөз сөйлеген партия төрағасы Азат Перуашев 2019 жылғы 9 маусымдағы кезектен тыс президент сайлауына орай AQ JOL-дың сайлау алдындағы бағдарламасының жобасын жария етті. Одан кейін сайлауға қатысқысы келетін 6 үміткер өздерінің бағдарламасымен таныстырды. «Қазақстан жаңа тарихи дәуірдің босағасын аттағалы тұр! Еліміз тәуелсіздік жариялағаннан бастап, бүгінгі бақуатты да күшті мемлекетке жету үшін үлкен де күрделі кезеңнен өтті. Біз Ұлт көшбасшысы бастап, дарынды халқы қостаған бұл батырлардың жолына бүгінде аса ризалықпен қараймыз. Олардың қайсарлығы мен батылдығына тарих әлі өз бағасын берер. Ал болашаққа арналған бұл бағдарламада біздің азаматтарымыз жаңа кезеңде жағдайларының одан әрі жақсарып, қарыштап дамуы үшін қандай кедергілер мен асулардан өту керек екенін анықтап, бағалауға тырысамыз. Ал бүгінгі заманда нарықтық экономика мен саяси еркіндік – бұл көздің ағы мен қарасындай егіз ұғым. Экономикалық монополия бар елде демократия бола алмайды. Адал бәсеке жоқ жерде жаппай кәсіпкерлік те жоқ. Сондықтан жақсы өмірге жаңа мүмкіндіктер ашу және осы жолдағы кедергіден үзілді-кесілді бас тартуымыз керек. Бұл деген – жемқорлық, әділетсіздік, надандық. Жақсы өмірдің негізі шенеуніктер емес, нарықтық экономика, демократия және әлеуметтік әділдік болып саналады» деп мәлімдеді партия төрағасы Азат Перуашев. Бағдарламаның жобасында жеті бөлім бар. Олар: «Тұрақты дамудың негізі – бәсекелестік және жаппай кәсіпкерлік», «Тәуелсіздік және Алаш ұлттық идея ретінде», «Білімді ұлт және әділ қоғам», «Жұмыссыздықты азайту», «Тұрғын үй мәселесі», «Демократия және парламентаризм», «Жемқорлықпен және оффшорлық қылмыстармен күресу» деп аталады.

Мен сайлауға қатыспаймын!

Құрылтайдағы жұрт күтпеген жаңалықтың бірі Азат Перуашевтің сайлауға қатысудан бас тартуы болғаны рас. Бұған де­йін төрағаның тілшілердің: «Сіз сайлауға түсесіз бе?» деген са­уалына: «Оны партияның құрылтайы шешеді» деп екіұшты жа­уап бергені рас. Құрылтайда ол сайлауға неге қатыспайтынын түсіндіріп берді. «Шын мәнінде, жұрт мені қатысады деп ойлады. Партия мен оның жетекшісі бір деген ұғымнан арылу керек. «AQ JOL» осыны дәлелдегісі келді. Өйткені ел қолдаған партияның Перуашевтен гөрі ауқымы да, беделі де жоғары. Өңірлерде біздің партия көшбасшысы бола алатын өкілдеріміз бар. Олар – ұлттық деңгейдегі бәсекеге түсе алатын тұлғалар. Сондықтан мен бұл жолғы президент сайлауына түспейтін болып шешім қабылдадым» деді ол.

Дания Еспаева кім?

«Мен Ақтөбеде туып-өстім. Мемлекеттік банкте қатардағы қызметкерден банк директорына дейін өстім. Мәслихат депутаты болдым. Қазақтың қаһарман қызы Әлия Молдағұлованың жерлесімін. Әлия­ның ерлігі ешқашан ұмытылмайды. Бейбіт заманда ондай ерлік жасамасам да, тәуелсіз елімнің жарқын келешегі үшін адал еңбек еткім келеді» деген ойларымен бөлісті үміткер. Залдан біреу: «Егер Сіз алда-жалда президент болып кетсеңіз, істі неден бастайсыз?» деген сауал қойды. «Экономикадан бастаймын.Өзімнің мамандығым – қаржыгер. Ұлттық қордың ақшасы қарапайым халықтың бүгіні мен ертеңіне жұмсалуы қажет. Соған күш саламын. Екіншіден, көпбалалы аналардың мәселелерін шешемін. Бүгін Мәжілісте «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға түзетулер енгіздік. Мәселен, батыр аналардың басымдықпен үй алуға мүмкіндігі болуы тиіс. Бөлек кезекпен баспана берілсе, әділдік болады. Бұл – менің жеке ұсынысым. Еліміздегі халықтың 52 пайызы – әйелдер. Мемлекетте әйел, бала мәселесі өте ушығып тұр. Солардың бәрін рет-ретімен шешуге кірісер едім» деді Дания Еспаева.
Қысқаша өмірдерек мәліметтерін келтірелік. Ол 1961 жылы 5 наурызда туған. Тұрмыста, екі баласы бар. Мамандығы – экономист-қаржыгер. Ақтөбе облыстық мәслихатының депутаты. Отбасы және әйелдер істері жөніндегі комиссия мүшесі. 2016 жылы «AQ JOL» партиясының атынан Мәжіліске депутат болып сайланды. «Құрмет» орденінің және «Ең үздік қаржыгер» атағының иегері.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды