«Астана ақшамы»
Ел жүрегі – елорда шежіресі

Ақ халатты абзал ана

1 қазан - қарттар күні

0 308

Астанада жиырма жыл бас дәрігер болған Гүлжан Бейбітованың өмір жолы өнеге десек жаңылмаймыз.

Денсаулық сақтау саласының үздігі, жоғары санатты дәрігер Гүл­жан Ғазизқызы Ақмола об­лысының Ақкөл ауданындағы Ақсукен ауылында дүниеге келген. Ол өмірлік ұстанымы мен қағидатын бала күнінен анықтап алғандай. Олай дейтініміз, сонау бір жылдары алғаш рет ба­лабақшаға барған күні-ақ орыс тәрбиешісі, қазақша атын айтуға тілі келмейтінін желеу етіп, «Галя» деп атамақ болады. Оған қаршадай қыз «орыстарда қазақша есім жоқ, сол сияқты қазақтарда да орысша есім жоқ, менің есімім – Гүлжан» деп жауап беруі оның намысшылдығы мен мақсаткерлігін айқындағандай еді.
Балабақшадан бастап ағынға қарсы жүруге қаймықпаған бала әкесі – Ұлы Отан соғысының ардагері, партия қызметкері Ғазиз бен ардақты анасы Саржанның жөнсіз әлпештеуі мен орынсыз қолпаштауынсыз орта мектепті орыс тілінде үздік бітіріп, одан кейін медициналық білім ордасында жүріп, «Оян, қазақ!» деп аталатын жастар қозғалысын ұйымдастыруға қатысады. Қайда жүрсе де: оқу­да да, қызметте де қазақ тілді мамандардың еңбегі ескеріліп, олардың біліктілігі өз саласында лайықты орнын алуға күш жұмсады. Осылайша ұлттық кадрлардың ешкімнен кем еместігін дәлелдеп шығады. Жаңадан бой көтерген Астанада денсаулық сақтау саласын дамытуға белсене кірісіп, үнемі халық алдында жүрді.
Бүгінгі күнде Гүлжан Бей­бі­то­ва ғұмырының мерейлі беле­сіне көтеріліп отыр. Еңбегінің зейнетін көріп жүрген кезі. Бүгінде «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің орталық кеңесіндегі ардагерлердің ден­сау­лығын қорғау жөніндегі тұрақты коммиссия төрағасының орынбасары, Астана қалалық мәс­лихатының депутаты, «Нұр Отан» партиясының белсенді мүшесі болған Гүлжан апамызды әрдайым елордадағы қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан көресіз.
Сәл шегініс жасап айтар болсақ, елордадағы меди­ци­налық институтты тәмам­да­ғаннан кейін Гүлжан Ғазизқызы Жолымбет кенішінде бес жыл мамандығы бойынша қызмет етті. Осы емдеу мекемесіндегі қызмет қарымына басшылық көңіл аударған болу керек, оған Астанада жаңадан ашылатын №6 емхананың бас дәрігері болып баруға ұсыныс жасалады. Шындығында, бұл емханаға арналған ғимараттың құрылысы бітпей, қалқиған қабырғалары ғана тұрған еді. Содан не керек, Гүлжан дәрігер білек сыбана іске кірісті. Былайша айтқанда, бас дәрігерлік міндетпен қоса, құрылысшы мамандығын игеруге де тура келді. Өзіне етене жақын, ыстық көрінетін осы ғимаратта жиырма жылдан аса бас дәрігер болып қызмет етті. Емдеу мекемесіне тіркелген тұрғындардың саны бастапқы жылдары қырық мыңнан асып, соңғы кезеңде тоқсан мың адамға дейін жетті. Емхана ұжымы бірнеше рет салалық байқауға қатысып, Астана қаласындағы ең үздік емханалардың бірі деген марапатқа ие болды.
Кейін осы емдеу мекемесі үшін бес қабатты ғимарат салынды. Зейнетке шыққанша Гүлжан Ғазизқызы оның құры­лысының басы-қасында жүрді. Бүгінде аталмыш емдеу орнында елордадағы Алматы ауданының тұрғындарына дәрігерлік көмек көрсетілуде. Ал өзінің төл пер­зенті санатындағы Абылай хан даңғылы бойындағы бұ­рын­ғы ғимарат №11 емхана дәрежесінде жұмыс істеуде.
Біздің кейіпкеріміздің ел ал­дындағы еңбегі лайықты ба­ға­ға ие болды деп мақтанышпен айта аламыз. Гүлжан Ғазиз­қызы – Қазақстан Республи­касы денсаулық сақтау сала­сы­ның үздігі, есімі «Қазақстан­ның денсаулық саласы» анық­тамалық арнайы басылымына екі рет енгізілген. Ол Елбасы Жарлығымен «Құрмет» ор­де­німен, «Еңбекте үздік шық­қаны үшін», «Ерен еңбегі үшін», «Астана» медальдарымен мара­патталған. Қазақстан Республикасы Президентінің бірнеше алғыс хаттарының иегері.
Отағасы Бәдуан Имашұлы – Ақмола облыстық «Арқа ажары» газетінде ат ауыстырмай қырық жылдан аса еңбек еткен, есімі елге белгілі журналист. «Қазақстанның құрметті журналисі». Зайыбы Гүлжанның негізгі қызметінен басқа қо­ғам­дық жұмыстан да қалмай жүруі осы қамқоршы азаматтың әрдайым жанынан табылып, қолдауын сезінгендіктен де болар деп ойлаймыз. «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегері болған отбасының ұлдары Айдар, Айдын, Айбек әлдеқашан шаңырақ көтерген, Гүлнәр, Әсел, Айжан секілді жүзіктің кө­зіндей келіндері бар. Көзінің қуанышы, өмірінің жалғасындай болған немерелерінің ортасында жүрген абзал ана, мейірімді әже, білікті дәрігер Гүлжан Ғазизқызы өмі­рінің бір үзік сыры осындай.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды