АҚ ДАСТАРҚАН МЕН АЛТЫН САҒАТ

0 127

Сәкен Сейфуллин мен Гүлбаһрам 1926 жылы Қызылорда қаласында отбасын құрды. Қызы Лаура 1929 жылы туып, 1932 жылы қайтыс болды. 1936 жылы ұлы Аян дүниеге келеді. Аянның 1 жасқа толу күніне әке-шешесі қатты дайындалады. Екеуі қуаныштан қатты толқып, қонақтарды жақсылап күту үшін базардан барып ақ дастарқан сатып алады. Алайда, ақ дастарқан қуанышқа жайылмады. Сол күнгі ұлының қуанышын бөлісуге қадірлі достары, жақын-жуықтар келеді деп елегізіп жүргенде Сәкенді НКВД адамдары тұтқынға алып кетеді.

«Халық жауының» әйелі Гүлбаһрам күйеуінің жеке заттарын ақ дастарқанның ішіне салып, беліне орап, тіміскі көздерден де сұқ қолдардан да аман алып қалған. Осы дастарқан жайында Балтабай Адамбаевтың естелігінде айтылған. Ол Гүлбаһрам Сейфуллинаның үйіне Сүйіндік Сапақовты («Тар жол, тайғақ кешу» романында айтылатын С.Сейфуллиннің серігі) ертіп барған екен. «Есікті Гүлбаһрамның өзі ашты. Сәкенмен 18 жасынан жолдас болып, 28 жасында қалған Гүлбаһрам жеңгейдің бетін әжім, шашын қылаң шалған, қаны тасып жүрегі ауруға шалдыққан шағы… Осы кезде «шай дайын» деп бөлмеге Қарлығаш деген қыз бала кірді. Сонда Гүлбаһрам – Тұра тұр, қалқам, Сәкеннің жолдасы мен інісіне Аянның ақ дастарқанынан шай берейін, – деп бұрыштағы жағыланды ашып, столға үлкен ақ торғын дастарқан әкеліп жайды. Шай құя отырып, дастарқанның тарихын әңгімелейді.

– Мен Сәкеннен бір ұл, бір қыз тудым. Қызымның аты – Лаура, (Сәкен еркелетіп Дәрдана деп те атайтын), 1932 жылы Мәскеуде рабфакта оқып жүргенде жасы екіге толмай қайтыс болды. Сәкен өте балажан еді, Лаураның өліміне қатты қайғырды. Одан кейін 1936 жылы ер бала тудым. Сәкен оған да қатты қуанды және Мирзоянға ұқсас болсын деп (ұмытпасам, Мұхтардың (Әуезов) ұсынысы бойынша) атын Аян қойды. Аян бір жасқа толарда той жасауға әзірлендік. Тойға Қазақстанның басшылары Мирзоян, Садуақасов, Сегізбаев және басқа адамдар шақырылды. Олар келетін болды. Аянның тойына арнап алдын ала бірсыпыра жаңа заттар сатып алдық. Солардың ішінде төргі стөлге жаюға қол орамалымен осы ақ дастарқан алынған еді. Аян 1936 жылы 16 қарашада туған. Той болмай, жаңа дастарқан жайылмай қалды. Тек, 1957 жылы Сәкеннің достары Сәбит Мұқанов, Есмағамбет Ысмайлов, Мұхамеджан Қаратаевтарды үйге шақырып, ақ дастарқанды бірінші рет шешіп дәм бердім» дейді. Яғни, С.Сейфуллиннің ардақты есімі ақталғаннан кейін, халқына адалдығы дәлелденгеннен кейін, ақ дастарқан алғаш рет жайылды. Құдды бір, ақынның ақтығының дәлеліндей, бірнеше жылдан кей­ін­ жайылған ақ дастарқан сол күн­дер­дің белгісіндей сақтаулы тұр.

Ақынның жары Сәкен аман-есен оралар деген үмітін үзбей, біраз заттарды көзінің қарашығындай сақтайды. 1973 жылы Гүлбаһрам дүниеден өткенде Сәкен Сей­фул­линнің заттары Алматы мұражайына өткізілген. Соның ішінде, Сәкен Сейфуллиннің алтын сағаты да бар.
1936 жылы кеңінен аталып өткен С.Сейфуллиннің әдеби және қоғамдық қызметіне 20 жыл толуына байланысты мемлекет өкіметі сыйға тартқан. Жұбайы Гүлбаһрам Сейфуллинаның қо­лында сақталынып, 1960 жылдары Целиноград қаласындағы та­­рихи-өлкетану мұражайына тапсырылған. 1988 жылдан бері мұ­­ра­жай жәдігерлерінің қатарын тол­тырып тұр.

Ақынның алтын қалта сағаты Швейцарияның «НҮ МОZER» фирмасында шамамен 1870-1880 жылдардың сәнінде жасалынған. Тәп-тәуір сағат жоғарғы сынапты алтын 18 к/750 проба/ салмағы 100 гр. 1882 жылы шыққан. Диаметрі 45 мм, үш қақпақтан тұрады. Сыртқы қақпақта Сәкен Сейфуллин есімі жазылған, ішкі қақпақта «HY MOZER & CE»­ «ECHAPPEMENTE AN­CHE» «RERRES» «QU­A­LI­TE­LE­PA­I­NE»­ фирмасы деген жазу бар.

Қазіргі таңда құнды жәдігер Сәкен Сейфуллиннің жұмыс кабинетінде орнын тапты.

Маржан МЫРЗАБЕКОВА,
С.Сейфуллин мұражайының  
ғылыми қызметкері

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × four =