«Ақ әжелер» әуелетті

0 15

«Ақ әжелер» ансамблі Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына арнаған концертін өткізді. 2012 жылы композитор Жалғас ­Кеңесов құрған өнер ұжымында кілең зейнет жасындағы апалар мен әжелер ән салады.«Ақ әжелер» ансамблінің концертіне әдейілеп бардық, көрдік. Бойларына ұлттық киімі жарасқан мейірбан жүзді әжелеріміз «Желсіз түнде жарық ай» әнін шырқай жөнелгенде, көңіліміз кәдімгідей көтеріліп жүре берді. Кешегі күні бірі мұғалім, бірі дәрігер, басқа да мамандықтың иесі болған апалардың үндері үйлесіп, әдемілеп ән салғаны шынымен де сүйсіндірді. Бұл ретте ансамбль жетекшісі, белгілі өнерпаз Жалғас Кеңесовтің еңбегі орасан екені айтпай-ақ аңғарылады.
– «Ақ әжелер» қатарында көптен жүрмін. Өзім Президент мәдени орталығында қызмет істеп, сол жерден зейнетке шыққанмын. Содан бері осы ансамбль құрамындамын. Ұлттық және мемлекеттік мерекелерде өтіп жататын концерттерге қатысамыз. Негізінен, халық әндерін, сонымен қатар жетекшіміз, композитор Жалғас Кеңесовтің әндерін орындаймыз. Қалалық әкімдік мәдени шараларға шақырып тұрады. Түйіндеп айтқанда, жақсы ұжым болып жүрміз, зейнеткер екенбіз деп қарап отырмаймыз, – дейді бізбен әңгімесінде әнші әжелеріміздің бірі Сұлушаш Елубайқызы.
Иә, құрамында 25 әже топтасқан ансамбль қала тұрғындары арасында құрметке бөленіп жүргені қуантады. Ансамбль мүшесінің үлкені Күләш Бейсенова апамыз 80 жастан асса да, ұжымның әр концертіне үлкен жа­уапкершілікпен әзірленеді. Өйткені «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» үйренген ансамбльдің әрбір жетістігі ортақ мерей екенін жан-тәнімен түйсінеді.
«Достық» үйінің әдемі залында өткен концерт көрерменнің де көңілінен шыққанын аңғардық. Олай болса «Ақ әжелер» ансамблінің әншілеріне алар асуларыңыз көп болсын демекпіз!

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды