АПЫРМАЙ, АСТАНАҒА ЖЕТУ ДЕ АРМАН!

0 114

Бірде аяқ-қолы жоқ адам шаһарды бетке алып, домалай жылжып бара жатыр екен. Жолшыбай кездескендер: «Мына түріңмен қашан жетесің?» деп мазақ етіпті. Мойымаған мүсәпір: «Орда орнында тұр ма? Ешқайда көшіп кеткен жоқ па?» деп сұрапты. «Жоқ» депті атты жолаушылар. «Орда орнында тұрса, мен де бір күні жетемін, арман қаланы бір көрермін!» деген екен.  

Бұл тәмсіл Астананы бір көрейік деп арнайы келгендерге де, бір күні бір жетермін деп, оқталып жүргендерге де қатысты айтылған сияқты көрінеді. Расында, ел ордасын көруге деген елдің ықыласы ерекше. Астанаға ағылып келіп жатқан халықтың санында да шек жоқ. Әсіресе, шілденің алғашқы аптасында еліміздің түкпір-түкпірінен елорда салтанатына арнайы келмек. Сол қонақтардың құрметіне осы күндері түрлі мерекелік іс-шаралар ұйымдастырылуда. Дулы думан ортасында болуды аңсаған жұрт Астанаға апаратын пойызға билетті алдын ала алып қойған. Ал аяқ астынан елордаға жолы түскеннің қалаға жетуі қиын-ау… Себебі, мереке қарсаңында ғана емес, жаз шықса, «билет жоқ» деген сөзді жиі естиміз.

Иә, жақын аптаның айналасында Астанадан кете алмайсыз, не Астанаға жете алмайсыз, билет жоқ. Мен қарапайым халықтың қалтасын қағатын жүрдек пойыздардың немесе әуе компанияларының «қымбат» билеттерін айтып отырған жоқпын. Орташа мүмкіндігі бар азаматтардың темір жолдың ортаңқол мүмкіндігімен діттеген жеріне қиналмай жетіп қалатын плацкарт вагондардың билеттерін айтамын.

Астанаға бастайтын саяхатшылар сүрлеуі тапталып, жататын жайы, түстенер асы қолжетімді болғанда арман қаланы бір көруге көптің қолы жетер еді. Ал, қолыңызда билет болмаса, онда не айтуға болады?..

Айгүл УАЙСОВА,
a.uaisova@astana-akshamy.kz

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

two × 4 =