Аптаның айшықты шаралары

0 77

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев дүйсенбі сайын өтетін дәстүрлі брифингте алдағы күндерде елімізде болатын айтулы шаралар жөнінде айтып берді. Бұл жолы журналистермен кездесуге «ҚазМұнайГаз» ҰҚ АҚ басқарма төрағасы Ләззат Қиынов келіп, ақпарат құралдары өкілдерінің сұрағына жауап берді.

Еліміздің билік саласындағы жаңа­лық­­тарға тоқталған Алтай Әбибуллаев 2-3 мамыр күндері ҚР Парламенті қабырғасында Қазақстанның зейнетақы жүйесін жаңғырту туралы және «Батыс Еуропа –Батыс Қытай» халықаралық транзиттік дәлізі аясында «Оңтүстік – Батыс», «Шығыс – Батыс» тас жолдарын дамытуға арналған заң жобалары талқыланатынын жеткізді.

Ал, Үкіметтің бүгін болатын отырысында еліміздің индустриалдық-ин­новациялық дамуының қоры­­тын­­ды­­лары әңгіме өзегіне айналады. Бағдарламаның жүзеге асырылу барысы төңірегінде ҚР Премьер-министрінің орынбасары-Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев, «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бішімбаев және «Атамекен» одағы» Ұлттық экономикалық палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов баяндама жасайды.

Сондай-ақ, министрлер кабинетінің отырысында жылу беру маусымының қалай өткендігі қорытындылатын болады.

2 мамырда ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары-Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Маңғыстау облысына барады.

Ал, бүгін Үкімет басшысының орынбасары Ербол Орынбаев пен денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Республикалық нейрохирургия ғылыми орталығындағы Біріккен халықаралық комиссиясының аккредитациялау рәсіміне қатысады. Бұл ғылыми орталық үшін маңызды қадам болғалы тұр. Халықаралық комиссияға ресми тіркелу дегеніміз –Нейрохирургия орталығының әлемдік деңгейге сай медициналық қызмет көрсете алатынын айғақтайды.

Газ, мұнай саласында ілгерушілік бар

Брифингте «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қолға алған жұмыстары жөнінде әңгімелеген басқарма төрағасы Ләззат Қиынов өткен жыл компания үшін табысты болғанын атап өтті. Атап айтқанда, мұнай және газ конденсатын өндіру 21,4 миллион тоннаны құраған. Газ тасымалдау көлемі 2,5 пайызға артып, еңбек өнімділігі 11,4 пайызға ұлғайған. Ал стратегиялық жоспарлы көрсеткішпен салыстырғанда, мұнай тасымалы көлемі 0,5 пайыз жоғарылаған.

– Өткен жылдың басты ерекшелігі – «ҚазМұнайГаз» компаниясының он­­жылдық кезеңдің даму стра­те­­гия­­сы­­ның­ қабылдануы болды, – дейді Ләззат Кетебайұлы.

Ол «Қашаған» кен орнынан 1,5-тен 3 млн тоннаға дейін мұнай өндіру жоспарланып отырғанын, оның бәрін шетелге шығаруға арналған инфрақұрылым дайын екендігін жеткізді.

– Бірақ, біз Қазақстанның «Қаша­­ған­­дағы» үлесін ұлғайтпаймыз. Қо­­лы­­мыздағы 16,8 пайыз үлесіміз жет­­кілікті. Біз онда негізгі күшке айналғымыз кел­­мейді, негізінен, серіктестерімізбен жұ­­мыс істеуді дұрыс санап отырмыз, – дейді ол.

Алда межеленген ірі жобаларға да тоқтала кеткен басқарма төрағасы қазіргі таңда Қарашығанақ жобасын одан әрі дамыту стратегиясы жасалу үстінде екендігін және Елбасының тапсырмасымен Астана қаласын және еліміздің солтүстік аймағын газдандыру жобасы сәтті жүзеге асырылып жатқанын атап өтті.

Қазіргі таңда «Батыс-Солтүстік-Орталық» магистралды газ құбырының жобалық-сметалық құжатын жасау аяқталған. Тағы бір ірі жоба – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбыры құрылысы болып отыр. Бұл жоба жүзеге асырылса, Қазақстанның оңтүстігі түгелімен газдандырылып, осы өңірдің шетелдік газға тәуелділігі жойылатын болады.

«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясында жұмыс істейтін қызметкерлердің көптігі біркездері сын тезіне ілінгені белгілі. Осыған байланысты қойылған сауалға да жауап берген Ләззат Қиынов бүгінгі күні компаниядан 147 адам қысқартылғаны, бұл жалпы қызметкерлердің 26 пайызы екенін айтты.

Қымбат НҰРҒАЛИ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 7 =