©2020 Астана Ақшамы
Аптаның айшықты оқиғалары
Осы аптада ел билігінде бірқатар маңызды шаралар өтеді. Үкімет басшысы Серік Ахметов пен оның орынбасарлары бірнеше министрліктердің алқа мәжілісіне қатысады. Бұл туралы Астанада ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев мәлімдеді.
– 5 ақпанда ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов жаңартылған энергия көздерін дамыту мәселелері жөнінде Үкімет отырысын өткізеді. Аталған мәселе Қазақстанның индустриялық-инновациялық дамуы, ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесін Астанада ұйымдастыру шаралары және «жасыл экономика» аясындағы бағдарламаны жүзеге асыру тұрғысында өте маңызды, – деді А. Әбибуллаев.
Сондай-ақ, 8 ақпанда ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі мен Қаржы министрлігінің алқа отырыстарына Премьер-министрдің орынбасары Ербол Орынбаев ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мен ҚР Статистика жөніндегі агенттігінің алқа отырыстарына қатысады. Бұған қоса, Премьер-министрдің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасының Өңірлік даму министрі Бақытжан Сағынтаев Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарына жұмыс сапарымен барады. Ол дауыл-дан зардап шеккен елді мекендерді қайта қалпына келтіру жұмыстарының барысымен танысады.
Аптаның тағы бір айшықты жаңалығы – Сенат Төрағасы Қайрат Мәми Ватиканға жұмыс сапарымен барады.
– 5-7 ақпан аралығында ҚР Парламенті Сенатының Төрағасы және Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылар съезі хатшылығының басшысы Қайрат Мәми Ватикан мемлекетіне жұмыс сапармен аттанады. Cапар барысында ол Рим папасы Бенедикт XVI-ның қабылдауында болып, Ватиканның басқа да жоғары лауазымды өкілдерімен кездеседі деп күтілуде, – деді орталықтың ресми өкілі.
Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ