АПТАДАҒЫ АУЫС-ТҮЙІС

0 69

Аптаның алғашқы жұмыс күні Үкімет үйіндегі бірқатар ауыс-түйіспен басталды.

Ең үлкен өзгеріс Үкіметті алты жылға жуық басқарған Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысының Жарлығымен  Президент әкімшілігінің жетекшісі қызметіне тағайындалды. Өткен аптада Президент әкімшілігінің бұрынғы жетекшісі Аслан Мусин Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі Есеп комитетінің төрағасы болып тағайындалған болатын.

Ал, Министрлер кабинетінің кілті бұған деген Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары болған Серік Ахметовке тапсырылды.

Арасында атынан ауып түскендері болмаса да, Министрлер кабинетінің бірді-екілі мүшесі орынтағымен қоштасуына тура келді.

Жаңадан жасақталған құрамның қатарына бір кездері Қаржы және Денсаулық сақтау министрліктерін басқарған Ерболат Досаев қайта оралды. Енді ол Экономикалық даму және сауда министрлігін басқаратын болды.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі қызметінен босаған Гүлшара Әбдіхалықова Қазақстан Республикасы Президентінің кеңесшісі – Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық – демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы орынтағына жайғасты. Бұған дейін  Сыртқы Істер министрі болған Ержан Қазыханов  Қазақстан Республикасы Президентінің көмекшісі қызметіне тағайындалды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі болып  бұған дейін Шығыс  Қазақстан облысы әкімінің орынбасары қызметін атқарған Серік Әбденов тағайындалды. Ал, Сыртқы істер министрлігінің тізгінін енді еліміздің Америка Құрама Штаттарындағы Төтенше және өкілетті  елшісі болып келген Ерлан Ыдырысов ұстайды.  Оның 1999 – 2002 жылдары аталған ведомствоға жетекшілік еткенін айта кеткен жөн.

Бұған дейін Мәжіліс спикері мен «Нұр Отан» ХДП  төрағасының бірінші орынбасарлығы қызметін қоса атқарып келген Нұрлан Нығматулин енді бар іскерлігі мен тәжірибесін Парламенттің төменгі палатасы жұмысына басшылық жасауға жұмсайтын   болады. «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары қызметі бұған дейін Сауда және экономикалық даму министрі болған Бақытжан Сағынтаевқа бұйырды.

Сондай-ақ, Қырымбек Көшербаев Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңесшісі қызметінен босатылып, Премьер-Министрдің орынбасары болып тағайындалды.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty + 11 =