©2020 Астана Ақшамы
Аптадағы айтулы шаралар
Осы аптада елімізде көптеген маңызды іс-шаралар болады. Бұл жөнінде әдеттегідей әр дүйсенбідегі брифингте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев хабарлады.
Елбасы Қытайға ресми сапармен барады
Осы аптаның соңында Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қытай еліне ресми сапары жоспарланып отыр.
Бұл – Қытай Халық Республикасының Төрағасы және Қытай коммунистік партиясы Орталық комитетінің Бас хатшысы болып Си Цзиньпин тағайындағалы екі ел басшысының алғашқы кездесуі болып отыр.
Кездесу барысында Біріккен Ұлттар Ұйымы, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы және Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі Кеңес шеңберінде халықаралық күн тәртібіндегі аса өзекті мәселелер талқыланбақ. Өзара жасалған келіссөздер негізінде бірқатар құжаттарға қол қойылу жоспарланған.
Қытайға сапары аясында Мемлекет басшысы «Инновация, жауапкершілік және ынтымақтастық: Азиядағы ортақ дамудың жолдарын іздеу» тақырыбымен жыл сайын өтетін Боао Азиялық экономикалық форумына қатысып, сөз сөйлейді.
Қазақстан мен Украина ынтымақтастығы
Ал 4-5 сәуірде Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Серік Ахметовтің Украинаға алғашқы ресми сапары басталады.
Жоспар бойынша, Үкімет басшысы Украина Президенті Виктор Янукович және осы елдің премьер-министрі Николай Азаровпен кездеседі.
Үкіметаралық келіссөздер кезінде 2013-2014 жылдарға арналған Қазақстан –Украина ортақ іс-қимылдар жөніндегі «Жол картасы – 4» атты жоспарына және басқа да құжаттарға қол қою көзделіп отыр.
Ал, бүгін әдеттегідей Үкімет басшысы Серік Ахметовтің төрағалығымен Министрлер кабинетінің отырысы өтеді. Онда егістік жұмыстарына дайындық барысы талқыланып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков республика диқандарына мемлекеттік қолдау іс-шаралары туралы баяндама жасайды.
Депутаттар ел аралауға шығады
4 сәуірден бастап Парламенттің қос палатасының депутаттары ел өңірлерін аралауға аттанбақ.
Республиканың барлық аймағын қамтитын кездесулерде халық қалаулылары жұртшылықты Парламенттің ағымдағы заң шығармашылығы қызметімен әрі 2050 жылға дейінгі Қазақстанның даму Стратегиясы – елдің жаңа саяси бағыты тұрғысында жаңа заңнамалық бастамаларымен таныстырмақ.
Парламент депутаттарының халықпен кездесуі барысында жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, инфрақұрылымды, әлеуметтік қамтамасыз етуді жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау, жұмыспен қамту бағдарламасы мен қоршаған ортаны қорғау саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру мәселелері кеңінен талқыланатын болады.
Апаттан сақтану амалдары
Брифингте апатты жағдайлардың алдын алу шаралары жөнінде ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров баяндама жасады.
Оның айтуынша, өткен жылы жасалған шаралар нәтижесінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері 6969 адамды құтқарған, 2704 адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілген.
Қыс басынан бері құтқарушылар қар құрсауынан 9581 адам мен 3457 бірлік техниканы құтқарған және қауіпсіз жерге көшірген.
Осы жылдың тек 7-10 наурыз күндерінің өзінде ТЖД аумақтық органдары кезекші-диспетчерлік қызметінің телефонына 80 мыңнан астам адам хабарласып, көмек сұрапты. Құтқарушы бөлімшелер іздеу-құтқару жұмыстарына 152 рет шығып, 3316 адамды және 1418 бірлік техниканы, соның ішінде 31 автобусты қауіпсіз орынға көшірген.
Қар құрсауы жағдайында адамдардың қаза болуына байланысты оқыс оқиғалар болмаған.
Министрдің орынбасары оттан, судан болатын оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында әзірліктерін күшейтіп, қауіпсіздік мәселелерін үнемі бақылауда ұстап отырғанын атап өтті.
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ