Аптадағы айтулы шаралар

0 81

Осы аптада елімізде көптеген маңызды іс-шаралар болады. Бұл жөнінде әдеттегідей әр дүйсенбідегі брифингте ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің ресми өкілі Алтай Әбибуллаев хабарлады.

Елбасы Қытайға ресми сапармен барады

Осы аптаның соңында Мемле­­кет бас­­шысы Нұрсұлтан Назар­баев­­тың Қытай еліне ресми са­па­­ры жоспарланып отыр.

Бұл – Қытай Халық Республикасының Төрағасы және Қытай коммунистік пар­­тиясы Орталық комитетінің Бас­­ хатшысы болып Си Цзиньпин тағайындағалы екі ел бас­­шы­­сы­­ның алғашқы кездесуі болып отыр.

Кездесу барысында Біріккен Ұлт­­тар Ұйы­мы, Шанхай Ын­ты­мақ­­­­тастық Ұйымы және Азия­­да­­ғы өза­ра іс-қимыл және сенім шарала­­ры жө­­ніндегі Кеңес шеңберінде ха­­лықаралық күн тәртібіндегі аса өзекті мәселелер талқыланбақ. Өза­­ра­ жасалған келіссөздер негізінде бір­­­қатар құжаттарға қол қойылу жос­­парланған.

Қытайға сапары аясында Мемлекет басшысы «Иннова­ция,­ жа­уап­кершілік және ынты­мақ­тас­­тық: Азиядағы ортақ дамудың жол­­дарын іздеу» тақырыбымен жыл сайын өтетін Боао Азиялық экономикалық форумына қатысып, сөз сөйлейді.

Қазақстан мен Украина ынтымақтастығы

Ал 4-5 сәуірде Қазақстан Респуб­ли­ка­сы­ның Премьер-министрі Серік Ах­ме­товтің Украинаға алғашқы ресми са­пары басталады.
Жоспар бойынша, Үкімет басшысы Украина Президенті Виктор Янукович және осы елдің премьер-министрі Николай Азаровпен кез­де­се­ді.­

Үкіметаралық келіссөздер кезінде 2013-2014 жылдарға арналған Қазақстан –Украина ортақ іс-қимылдар жөніндегі «Жол картасы – 4» атты жоспарына және басқа да құжаттарға қол қою көзделіп отыр.

Ал, бүгін әдеттегідей Үкімет басшысы Серік Ахметовтің төрағалығымен Министрлер ка­би­нетінің отырысы өтеді. Онда егістік жұ­­мыс­­та­­ры­­на дайындық барысы талқыланып, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков республика диқандарына мемлекеттік қолдау іс-шара­­ла­­­­ры туралы баяндама жасайды.

Депутаттар ел аралауға шығады

4 сәуірден бастап Парламенттің қос палатасының депутаттары ел өңірлерін аралауға аттанбақ.

Республиканың барлық аймағын қамти­тын кездесулерде халық қалаулылары жұрт­­шы­­лық­­­­ты Парламенттің ағымдағы заң шы­­ғар­­ма­­шы­­лығы қызметімен әрі 2050 жылға дейінгі Қа­­зақ­­станның даму Стратегиясы – елдің жаңа саяси бағыты тұрғысында жаңа заңнамалық бас­­тамаларымен таныстырмақ.

Парламент депутаттарының халықпен кез­­де­­суі барысында жергілікті өзін-өзі басқаруды да­­мыту, инфрақұрылымды, әлеуметтік қамта­­ма­­сыз етуді жетілдіру, кәсіпкерлікті қолдау, жұ­­мыспен қамту бағдарламасы мен қоршаған орта­­ны қорғау саласындағы мемлекеттік сая­­сатты іске асыру мәселелері кеңінен талқы­­ла­­на­­тын болады.

Апаттан сақтану амалдары

Брифингте апатты жағдайлардың алдын алу шаралары жөнінде ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі Валерий Петров баяндама жасады.­
Оның айтуынша, өткен жылы жасалған шаралар нәтижесінде ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің күштері 6969 адамды құтқар­ған, 2704 адамға алғашқы медициналық көмек көр­­сетілген.

Қыс басынан бері құтқару­шы­­­лар қар құрсауынан 9581 адам мен 3457 бір­­лік техниканы құтқарған және қауіпсіз жерге көшірген.

Осы жылдың тек 7-10 наурыз күндерінің өзінде ТЖД аумақтық органдары кезекші-диспетчерлік қызметінің телефонына 80 мыңнан астам адам хабарласып, көмек сұрапты. Құтқарушы бөлімшелер іздеу-құтқару жұмыстарына 152 рет шығып, 3316 адамды және 1418 бірлік техниканы, соның ішінде 31 автобусты қауіпсіз орынға көшірген.

Қар құрсауы жағдайында адамдардың қаза болуына байланысты оқыс оқиғалар болмаған.

Министрдің орынбасары оттан, судан болатын оқыс оқиғалардың алдын алу мақсатында әзірліктерін күшейтіп, қауіпсіздік мәселелерін үнемі бақылауда ұстап отырғанын атап өтті.

Қымбат ТОҚТАМҰРАТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

20 − 6 =