Апта жаңалығы

0 144

Қазақ баспасөзі тағы бір талғамы биік, талабы зор апталық газетпен толықты. Басылым «Ұлт Times» деп аталады.
Құндылықтардың қадірі қашып, қолымыздағы барды қастерлей алмай жүрген мына қоғамда «Ұлт Times-тың» ұстанымы қандай болмақ деген сұрақтың тууы заңды.

Басылым басшылығының сөзімен айтсақ, «…Ынтымағы жарасқан қоғам ыдыраудың сәл-ақ алдында тұр. Сындарлы шақта оң-солын айтады-ау деген оппозицияның да оңдырып жүргені шамалы. Қадау-қадау мәселені қадап айтатын қадірі болмай тұр. Бұрынғының бас болар от тілді, орақ ауызды би-шешені де жоқ. Шетінен түгел мәймөңке, әрі жәдігөй! Қайтпек керек? Біз осы тұста қажетпіз-ау! Рас, дәп осы тұста «ҰЛТ TIMES» бой көрсетсе дейміз! Ұлтты ұйыстыра алатындай үнпараққа айналсақ деп армандаймыз. Қоғамның қордаланып қалған қоңыр тірлігін қолдан келгенше көтеруге күш салсақ деп үміттенеміз».

Газет бетіндегі қосымша айдарлардың қос сөздерден құралуы газеттің өзіндік ерекшелігін айқындайды.
«Нақпа-нақ», «Әңгіме-дүкен», «Қым-қуыт», «Әл-ауқат», «Түп-тұқиян», «Ел-жұрт», «Салт-сана», «Жайма-шуақ» сынды газеттегі бет атаулары қоғамның түйткілді мәселелерін көтеруді мақсат тұтады. Алғашқы санынан-ақ салмақты мақалаларды көзіміз шалды.
«Times» деген атауының өзі айтып тұрғандай, қазақтың Ұлт сағаты соқты деп білейік біз де.
P.S.
«Ұлт» сөзін ұстанған шығармашылық ұжымның арасында «Астана ақшамы» газетінен қанат қаққан Амангелді Қияс, Ерлібай Қадырбай, Гүлжан Рахман, Еркеғали Бейсенов, Мұратбек Алмасбекұлы секілді ақмылтық журналистер бар екенін мақтанышпен айта кеткіміз келеді.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

19 − 1 =