Апта сауалы

0 122

КОЛЛЕДЖ ТҮЛЕКТЕРІ КЕШЕНДІ ТЕСТ ТАПСЫРУЫ КЕРЕК ПЕ?

Рахман АЛШАНОВ,
ҚР ЖОО қауымдастығының төрағасы:

Бәрімізге белгілі, жоғары оқу орнына түсуге ниетті мектеп түлектері бірыңғай ұлттық тестілеуден өтеді. Ал, мектепті 2-3 жыл бұрын бітіріп қойғандар оқуға түсу үшін белгіленген жоғары оқу орындарының қабырғасында кешенді тест тапсырады.
Ал, колледж түлектері осы уақытқа дейін жоғары оқу орнына емтихансыз қабылданып келді.
Біз осы олқылықтың орнын толтырып жатырмыз. Биылдан бастап колледж бітірушілері де көппен бірге тестілеуден өтеді.
Колледж студенттерінң арасында 9-сыныпты, 11-сыныпты бітіріп келгендері бар. Олардың әрқайсысына лайықты бағдарлама жасалады.
Бұл өзгерісті биыл енгізудің қажеті жоқ дейтіндер арамыздан табылып жатыр. Бірақ, саннан гөрі сапаға қол жеткізуді ойласақ, мұны созбақтай берудің қажеті жоқ.
Неге десеңіз, соңғы 7-8 жылда колледж бітірген жастардың саны 130 мыңнан асып кетіпті. Олардың 100 мыңы білімін жоғары оқу орнында одан әрі жалғастырған. Мамандық алдым, жұмыс істеймін дейтіндері небәрі 30 пайыздың о жақ бұ жағында. Бұдан не түюге болады? Колледждер маман емес, жоғары оқу орнына түсетін студенттерді даярлаумен айналысып келген деген сөз. ҰБТ мен кешенді тест тапсырудан қашқан оқушылардың бәрі колледжді сағалаған. Жоғары оқу орнына ешқандай емтихансыз түсуді ғана көздеген. Оның үстіне колледж түлектерінің бірден екінші курсқа қабылданатын басымдығы тағы бар.
Егер өз біліміне сенімді болса, тест тапсырудың қорқатындай дәнеңесі жоқ. Жақында ғана колледж түлектерінің бір тобы байқау тесттерін тапсырып көрді. Нәтижесі жаман емес. 60 пайызы 50-ден жоғары балл жинады. Егер тесттен өте алмаған екен, онда қолында колледждің дипломы бар, жұмыс жасасын. Колледжді не үшін оқыды? Жұмыс істеймін деп пе, әлде жоғары оқу орнына түсудің оңай жолы осы екен деп пе?
Енгізілген осы өзгеріске қатысты Павлодардың студенттері тіпті аштық жариялауға дейін барыпты. Жалпы, дәл осы мәселеден дау-дамай тудырудың еш қисыны жоқ.

Жарылқасын ОРАЛБАЙҰЛЫ,
колледж түлегі:

Мектеп оқушылары колледжге тек ҰБТ-дан құтылу мақсатымен түседі екен деген пікірмен келіспес едім. Мектеп бітірген соң, жинаған балым мемлекеттік грант негізінде оқуға түсуіме жетпеді. Ал, ақылы оқуды жағдайым көтермейді. Амал жоқ, колледжге түсуге мәжбүр болдым. Міне, қазір таңдаған мамандығым бойынша колледж дипломын алдым. Өз салам бойынша тәп-тәуір білімімді жетілдірдім. Жұмыс та таптым. Бәрі де жақсы. Бірақ, өмір бір орында тұрмайды. Қызмет те солай. Жұмыс ауыстыру керек, бұдан да жақсы қызметте істегің келеді. Ол үшін әрине қолыңда жоғары оқу орнының дипломы болу керек. Бұрын, колледж бітіріп келген жастарға жоғары оқу орнына түсу үшін біршама жеңілдіктер жасалатын. Ал, биылдан бастап колледж бітірушілерін бұдан айырмақшы. Яғни, кешенді тест тапсыру керек екен.
Оқушы колледжде алған білімінің негізінде тест тапсырса, жарайды дер едік.
Осыдан үш жыл немесе одан да көп жыл бұрын оқып кеткен мектеп бағдарламасындағы қазақ тілі, математика, тарих секілді негізгі пәндерден қалай кешенді тест тапсыра алады? Қанша жерден білімді десек те, бұл колледж түлегі үшін оңай нәрсе емес. Колледж бітірген соң, мектептегі білімін қайта тексеретін болса, колледждегі білімді не үшін алды? Бәрінің нәтижесін уақыт көрсете жатар. Өз басым бұл өзгерісті аса құптай қоймаймын.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twelve + 13 =