Апта сауалы

0 88

ВЕТЕРИНАРЛЫҚ ИНСПЕКЦИЯ ҚЫЗМЕТIНIҢ САПАСЫ ҚАНДАЙ?

Балғабай МАЙҚАНОВ,
С.Сейфуллин атындағы қазақ  агротехникалық университетi Ветеринария және мал шаруашылығы технологиясы факультетiнiң деканы:

– Мал шаруашылығы саласында қордаланған мәселелердi шешу және ветеринария жүйесiн дамыту мақсатында бiрқатар шараларды iске асыру қажет. Ветеринарлық инспекция қызметiн жоғары деңгейге көтерген жөн. Бiр жағынан, эпизоотикалық ахуалға жауапты ете отырып, заңдардың орындалу барысын қадағалайтын маманмен толықтырып,  екiншi жағынан техникалық-материалдық жабдықтармен және транспорттық құралдармен қамтамасыз етуiмiз керек.
Себебi сол, ветеринариядағы  инспекциялық  қызметтiң тұтастығын қамтамасыз ету өте маңызды. Осыған орай, ветеринарлық қадағалауды шекарадағы кедендiк қызметтiң бақылауына бермеу керек.
Өйткенi, мұндай қадам бекiтiлген ортақ заңмен, ортақ нормативтiк актiлермен жұмыс жасайтын тұтас ветеринарлық қызметтiң бiркелкiлiгiн бұзады.

Балауса ЕЛЕШОВА,
мал дәрiгерi:

– Расы керек, бүгiнде ветеринарлық инспекция қызметiнiң сапасы сын көтермей тұр. Мұның себептерi көп. Ең алдымен осы саланың белгiлi мамандары айтып жүргендей, ветеринар мамандар дайындауға мемлекеттiк бiлiм гранттарын кемiнде 2 есе көбейту керек.
Бұған қоса, елiмiзде ветеринар мамандарын  дайындауға айрықша көңiл бөлiнуi керек. Осы мамандыққа мемлекеттiк тапсырысты арттыру қажет. Әсiресе, құс шаруашылығы, ара шаруашылығы, ихтиология  және ветеринарияның қысқа бағыттарын ашу арқылы оқып жатқан студенттердiң мамандықтарын тереңдете оқуына жағдай жасау мәселесi орынды көтерiлiп жатыр деп есептеймiн. Дәл осы мамандыққа бөлiнген мемлекеттiк гранттар саны 600-дiң шамасында ғана болып отыр. Сондықтан осы грантты кем дегенде 2-3 есеге көбейтсек қана мәселенiң түйiнi шешiлуi мүмкiн.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

12 − 5 =