АПТА САУАЛЫ

0 91

Жыл сайын қарашаның үшінші жексенбісі елімізде жол-көлік оқиғаларының құрбандарын еске алу күні ретінде аталып өтеді.
Атаулы күнге орай Астанада осы аптада «Жүргізуші, өмірімді сақта» деген атпен акция ұйымдастырылды.
Жол сақшыларының айтуынша, көлік  апаттарының көрсеткіші жылдан-жылға артып барады. Олардың дені   жүргізушілердің жол ережесіне бағынбауы салдарынан орын алады екен. Соңғы уақытта жүргізушінің жол үстіндегі жауапкершілігін арттыру үшін алдымен жазаны қатаңдату керек деген пікірлер жиі айтылып жүр.

ЖОЛ ЕРЕЖЕСІН БҰЗҒАН ЖҮРГІЗУШІЛЕРДІ ҚАЛАЙ ЖАЗАЛАҒАН ДҰРЫС?

Жұмабек ТӨРЕГЕЛДИНОВ, Сенат депутаты:
– Көлікті мас күйінде жүргізгендер қылмыстық жауапқа тартылып, жылдамдықты шектен тыс арттырғандарды көлік жүргізу құқынан 5 жылға дейін шеттету керек! Өйткені, жол апаттары негізінен осындай жүгенсіз жүргізушілердің кінәсінен орын алып жатады.

Ал, қарсы бағыттағы жолға шығып кеткен жүргізушіні 12 айға дейін жүргізуші куәлігінен айырып, бағдаршамның тыйым салынған белгісіне қарамай өте шыққандардың төлейтін айыппұлын 5 есеге дейін арттыру қажет. Мұндай өрескел қателік бір жыл ішінде екінші рет қайталанса, онда жүргізуші құқынан 12 айға дейін айырған дұрыс болар. Қолында жүргізуші куәлігі жоқ бола тұра, көлік басқаратын адамдар да аз емес. Ондай жандар 10 тәулікке дейін әкімшілік қамауға алынсын дер едім. Оған қоса, тәжірибесі 5 жылға толмаған және жасы 25-ке жетпеген азаматтарға қоғамдық көліктің  тізгінін бермеу керек.  Ал жүргізушілік тәжірибесі 1 жылға толмағандарға түнгі 11-ден таңғы 6-ға дейін

көшеде көлік жүргізуге мүлде тыйым салған жөн.
Жол ережесін бұзған жүргізушілерге қолданатын жазаны осылайша қатаңдатпаса болмайды. Өйткені, бұған дейін белгіленген әкімшілік жазаның нәтижесін көріп отырған жоқпыз. Жол ережесін бұзғандар небәрі 5- 20 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеп, жазадан оңай құтылып кетіп жүр.

Панабек БЕЙБІТОВ, Астана қаласының тұрғыны:
– Көлік жүргізгеніме он жылдан астам уақыт болды. Менің көзім жеткен бір нәрсе, жүргізушілер көп жағдайда жол ережелерін абайсызда бұзады. Мәселен, қазір жер-көктің бәрі көктайғақ. Бағдаршамның қызыл түсі жанған кезде тежегішті игере алмай қалатын сәттер жиі болады. Шыны керек, мұндай жағдай кейде өз басымнан да өтіп тұрады. Осындай себептермен амалдың жоқтығынан ереже бұзуға мәжбүр болған жандарға жол полициясының түсіністікпен қарағаны жөн деп ойлаймын. Ал, ішімдік ішіп, жол ережесін өрескел бұзғандарды өз басым қолдамаймын. Мұндай жандарды  қылмыстық жазаға тарту керек деген пікірлер айтылып жүр. Жол апатынан көз жұматындардың санын азайту үшін жазаның бұл түрі де керек шығар. Бірақ, бірінші рет ереже бұзып тұрған жанды мұндай жазаға тарту  тым артық кеткендік деп санаймын. Егер ереже бұзу екінші, үшінші рет қайталанып жатса, онда әңгіме басқа. Аталған жазаны енгізуге болады.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

seventeen − 11 =