АПТА САУАЛЫ

0 85

КРЕДИТОМАНИЯ ҚАНДАЙ КЕСЕЛ?

Ақсымбат ТӨЛЕУХАНОВА,
психолог:

Кредитомания – кәдімгі нашақұмарлық, маскүнемдік секілді ауру. Өкініштісі, қарапайым халық мұны әлі де жете түсінген жоқ.

Бір рет несие алып, оны игілігіне жұмсаған жан міндетті түрде екінші рет тағы алады. Және бір емес, бірнешеуін қатар алуы да мүмкін.

Біздің кемшілігіміз, несиені ресімдегенде «ақша қолға тисе болды» деген ойда тұрамыз. Ал, банктің бір қулығы – пайыздық көрсеткіш, үстеме ақы секілді мәліметтерді өте ұсақ әріптермен жазып қояды. Келісімшартта көрсетілген талаптарды екінші орынға қоятындықтан, мұны көп адам байқамайды. Қазақ «Дәніккеннен құныққан жаман» дейді. Адамдардың құныққаны соншалық, өз атына несие алғанымен қоймай, өзгелердің атынан да ресімдеп, артынан сазға отырғызып кететін оқиғаларға куә болып жүрміз.

Адам бойындағы кредитомания дертінің қарапайым белгілері деп мен мынаны айтар едім: мәселен, күнделікті өмірде көрінгеннен 100 теңге, 50 теңге сұрап жүретін жандарды жиі кездестіруге болады. Бұл ақшаны өздері қарыз деп санамайды. Бірақ, 500 мың теңге ал, 5 теңге ал, бәрі де шариғат бойынша сенің мойныңдағы қарыз болып есептеледі. Сондықтан, қарыз алудан, қарызды қайтарымсыз қалдырудан сақтанайық.

 Жансая ИМАНБЕКОВА,
«Халық банкі» АҚ-ның аға бақылаушы кассирі:

Мен қызмет ететін банк бөлімшесінде күніне кем дегенде 6-7 адам несие ресімдейді. Олардың несиеге алатын сомалары әрқалай. Ал, өте ірі көлемдегі соманы  аптасына 7-8 адам, кейде одан да көп адам алып жатады.

Арнайы құжаттарды толтыру кезінде олардың көбі ақшаны өздерінің бизнес жоспарларын жүзеге асыру үшін немесе жиһаз, көлік сатып алу үшін қажет екенін көрсетеді. Жасыратыны жоқ, ақшаны тек осы мақсатта жұмсайтындары кем де кем. Өзіміз куә болып жүргендей, несиеге алған ақшасына той-томалақ өткізеді, қымбат құндыз тон сатып алады. Бірақ оның ақшаны қайда жұмсағанына банк бас ауыртпайды, тек уақытылы төлеп тұрса болды. Сондықтан, несиені алмас бұрын әрбір адам маған несие не үшін керек, мәселені шешудің бұдан өзге де жолдары бар шығар, қарызымды жылдар бойы жауып отыруға жалақым жете ме деген мәселе төңірегінде жақсылап ойлану керек. Өкінішке орай, қарапайым халық осыны ұмыт қалдырады. Банк берген несиеге тегін дүние деп қарайды. Осындай сауатсыздықтан, жауапсыздықтан келіп кредитомания кеселі туындайды.

Рас, несиенің арқасында жеке бизнесін ашып, тұрмысын түзеп алғандар да баршылық. Ол үшін алдын ала жоспарыңызды түзіп, есебіңізді құрып алғаныңыз абзал.

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

5 × 3 =