АПТА САУАЛЫ

0 77

ДЕНЕШЫНЫҚТЫРУ САБАҒЫН ҰЛТТЫҚ БІРЫҢҒАЙ ТЕСТІЛЕУГЕ ЕНГІЗУ ҚАЖЕТ ПЕ?

Жұматай ӘЛИЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:

Денешынықтыру пәнін Бірыңғай ұлттық тестілеу пәндерінің қатарына, тіпті жоғары оқу орындарында мемлекеттік емтиханға енгізу қажет.

Қазақстанның көк байрағын жеті рет көкке көтерген Лондондағы жетістіктеріміз, бұқаралық спортты жаңа заманға сәйкес жаңартудың жо­лын көрсетіп отыр. Спортты дамыта отырып көптеген әлеуметтік проблемаларды шешуге бо­лады. Атап айтқанда, орташа өмір сүру ұзақтығын ұлғайту, аурулардың алдын алу, ең бастысы, дене шынықтыру мен спортты дамыту – бұл ұлттың болашағын жақсартады.

Келесі жылдан бастап мемлекеттік бюджеттен олимпиада ойындарының барлық түрлерінен спортшыларды даярлау үшін «Олимпиадалық даярлық орталықтарына» жеткілікті қаржы бөлу қажет. Дене шынықтыру сабақтарының сағатын көбейту керек.

Барлық аймақтарда, әсіресе, ауылдық жерлерде жеке спорт басқармаларын құруды да ұсынар едім. Ауылдық жерлерде жыл бойы жұмыс істейтін спорт ғимараттарын, сапалы құрал-жабдықтармен қамтылған дене шынықтыру кешендерін салуымыз керек. Спорт инфрақұрылымының шығысына бөлінетін қаржыны көбейтіп, «100 мектеп» пен «100 аурухана» бағдарламасы секілді 100 дене шынықтыру кешендерін салуды қолға алсақ, тіпті жақсы болар еді.

Айсұлтан ЖАҚЫПБЕКОВ, ардагер ұстаз, КСРО спорт шебері:

Жасыратыны жоқ, орта мектептердегі денешынықтыру сабағын оқытуда олқылықтар көп. Бұл пәнді алаңға шығып доп тебу ғана деп түсінбеу керек.

Әлем чемпиондары мен Олимпиада ойындарының бәрі мектеп қабырғасынан бастап қалыптасуы керек. Ол үшін, әрине, денешынықтыру пәніне мән беру керек. Бұл мәселе жақында Пар­ламент қабырғасында көтерілді. Өте құптарлық бастама. Мектеп бітіруші түлектер де, жоғары оқу орнының студенттері де спорттан сынақ тапсыр­са артық етпейді. Олардың бәрінен Олимпиада чемпиондары шықпаған күннің өзінде біз осы бастаманы жүзеге асыру арқылы ұлт денсаулығын жақсартуға қол жеткізе аламыз. Бүгінде бас қаламызда спортпен айналысамын деген адамға барлық жағдай жасалған. 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

15 − four =