Апта ақжолтайы

0 81

Еңбек етсең, ерте шығасың

Жаңа зейнетақы реформасы аясында ауыр жұмыс істейтін әйелдер зейнетке 50 жасында шығады. Астанада Отбасы күніне арналған халықаралық конференция барысында ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова осылай мәлімдеді.  

«Көп балалы әйелдерге зейнетке ертерек шығуы үшін мемлекет тарапынан қолдау көрсетіледі. Экологиялық апат аймағында тұратын әйелдер 45 жасында зейнетке шықса, ауыр жұмыс істеген әйелдер 50 жасында шығады» дейді ол.  Сондай-ақ, қорында жеткілікті мөлшерде ақша болған жағдайда әйелдің зейнетке ертерек шығуға мүмкіндігі бар екен.

Белгісіз бейіт болады

Қазақстанда лаңкестерге арналған құпия зират пайда болады.

Үкіметтің арнайы қаулысына сәйкес, лаңкестік әрекет жасау немесе арнайы операция кезінде өлтірілген бүлікшілердің денесі бұдан былай туған-туыстарына берілмейді. Олардың қай жерге көмілетіні құпия сақталмақ. Бейіттерінің басына ешқандай белгі қойылмайтын көрінеді
әрі жерлеу рәсімдерімен жер­гілікті әкімдіктер айна­лыспақ. Лаңкес­тердің мұндай құпия зираттары әлемнің бірқатар елдерінде бар.

Қырық жас – қауіпті

Хельсинг университетінің ғалымдары еркектер мен әйелдер ауруға ең көп шалдығатын қауіпті жасты анықтады.

Мыңға жуық аурулардың тарихын зерттеген ғалымдар ерлер үшін қауіпті жас қырық болса, әйелдер үшін отыз жасқа дейінгі аралық деген тұжырымға келіп отыр. Дәл осы кезеңде олар инфаркт, инсульт, иммунитеттің төмендеуі сынды ауруларға тез бейімделеді екен.

Билік бұқарамен  байланыспақ

Елбасының арнайы тапсырмасына сәйкес, ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында облыс және Астана мен Алматы қалаларының әкімдері БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп тұратын болады.

Мақсаты – билік пен бұқараның арақатынасын барынша жақындату. Аймақтарда әкімдердің жасап жатқан жұмыстарын егжей-тегжейлі талдау, кемшін тұстарын ескерту.

Шара ағымдағы жылдың 27 желтоқсанына дейін жалғасады. Осы аралықта 16 әкім есеп береді деп жоспарлануда. Кеше алғаш рет шараның шымылдығын Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев ашты. Ол өзі жетекшілік ететін өңірдің әлеуметтік-эко­но­микалық, саяси жағдайымен таныс­тырып, журналистердің сауалдарына жауап берді. Орталықтың ресми өкілі Алтай Әбибуллаевтың айтуынша, келесі жұмадағы брифингке Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхамбетов келіп, өңірдің хал-ахуалын баяндайтын болады.

Гүлмира АЙМАҒАНБЕТ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

14 − 3 =