Апта айнасы

0 87

Апта шешімі

Осы аптада 24 полицей қызметінен босатылды.
Елімізде 1200-дей полицей қылмысты ашудың орнына, қарақшыларды жазадан арашалап, құйтырқы әрекеттерін жасырған. Бұл туралы ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, қызмет бабын асыра пайдаланған 24 полицей жұмыстан қуылса, қалғаны қатаң сөгіс алған. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, халықтың сенімінен шығатын, азаматтардың құқылары мен бостандықтарын қорғайтын, халықаралық стандарттарға сай қызмет жасайтын полиция құру мақсатында  «Ішкі істер органдары туралы» жаңа заң жетілдірілу үстінде.

Апта керектері 

Меруерт ӘБУСЕЙІТОВА,
тарих ғылымдарының докторы, профессор:
«Ұлттық тарихты зерттеу жұмысында ұзақ мерзімді Мемлекеттік бағдарлама болғаны абзал. Мақсатқа жету үшін тарих ғылымы саласына дарынды жастарды тартып, ғылыми кадрлардың санын арттыруымыз керек».

Төлен ӘБДІК, жазушы:
«Бүгінгі жазушы кеңестік санадан арылу керек. Кеңестік номенклатураның шекпенінен шығу керек».

Апта сызбасы

«Қазақ құрылыс және сәулет ғылыми-зерттеу және жобалау институтының» жетекші қызметкерлері  елдің аумақтық даму көрінісін қамтитын бас сызба әзірледі. 

Бас сызбаны құрудағы негізгі мақсат – әр аймақтың ерекшелігін ескеріп, Қазақстан аумағын тұрақты түрде дамытуға ден қою. Құжатта республикалық маңызы бар өндірістік, көліктік, инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылымдарды дамыту тетіктері қарастырылған. Сонымен қатар тарихи-мәдени маңызы бар жерлер мен жер асты байлығы мол аумақты қорғау мен қолдануға да ерекше көңіл бөлінді. Табиғи және техногенді сипаттағы қауіпті құбылыстарға бейім жерлер айрықша белгіленген. Сондай-ақ, бас сызбада ел экономикасына серпін берген барлық бағдарламалар қамтылды. Оның ішінде «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бойынша іске қосылған мыңға жуық нысан бар. Айта кететіні, еліміздің аумағын ұйымдастырудың бас сызбасы алғаш рет әзірленіп отыр.

Апта ақжолтайы

Еліміздің бұқаралық ақпарат құралдары жаңа арнамен толықты. 1 шілдеден бастап, «Қазспорт» телеарнасы өз жұмысын бастайды. 

Осыдан бір жыл бұрын Президент арнайы спорт арнасын ашу туралы  тапсырма берген. Бүгінде дайындық жұмыстары толықтай аяқталды. Жаңа арнаны «OTAU.TV» теле-тарату жүйесінен басқа бірқатар кабельдік желілердің көмегімен көруге болады. Арна реcпубликаның 65 пайыз аудиториясын қамтымақ.

Апта мәселесі

Осы аптада Үкімет отырысында тариф сапасын жетілдіру мәселесі қаралды. 

2017 жылдан бастап көп пәтерлі үйлердің бәрінде ортақ жылуды есептеу құралдары орнатылады. Оларды қондыру, күтіп ұстау монополистерге жүктеледі. Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Үкіметке осындай ұсыныс жасады. Агенттіктің бұл ұсынысы қолдау тапса, тұтынушылардың бұған дейін сатып алған есептегіш құралдарының қаражаты монополист тарапынан қайтарылады. Қолданыстағы коммуникациялардың тозығы жеткендігін ескерсек, бұл есептеу құралдары жылуға төленетін қаражатты 70%-ға дейін үнемдеуге мүмкіндік береді. «Тариф құны да тұтынушылар қалтасын қақпайды» дейді  ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің төрағасы Мұрат Оспанов.

Аптаның оқыс оқиғасы

Астанада Есіл өзеніне құлап кеткен «Toyota Corolla» көлігінің жолаушылары анықталды. 

Полиция қызметкерлерінің айтуынша, көлікті 24 жастағы бойжеткен жүргізген. Автокөліктегі төрт жолаушы Промышленный кентіне бет алған көрінеді. Алайда, жүргізуші тізгінге ие бола алмай, жолдан шығып кетіп, тура өзенге барып құлаған. Қазіргі таңда 4 мәйіттің де аты-жөні анықталған.
Аталмыш оқиға бойынша қылмыстық іс қозғалып, керекті сараптамалардың барлығы белгіленді. Сол сараптаманың қорытындысы бойынша нәтиже шығарылатын болады.

Апта салтанаты 

«Отан Ана» алаңында қаржы полициясы академиясын «Заңтану», «Құқық қорғау қызметі» және «Кеден ісі» мамандықтары бойынша бітірген 114 түлек қаржы полициясы және кеден қызметі офицерлерінің қатарына қабылданды. 

Қаржы полициясы академиясы он екі жыл ішінде мемлекеттік білім беру деңгейіндегі ұстанымын  нығайтты. Салтанатты жиынға ата-аналар, қала қонақтары қатысты. Шарада оқу бітіру рәсіміне арналған шеру болды. Оқу алаңында әскери оркестрдің сүйемелдеуімен курсанттар мерекелік марш орындады. Сондай-ақ, академия тыңдаушыларының қызметтік оқу-жаттығулары мен ұрыс тәсілдері көрсетіліп, дәстүр бойынша қоштасу биін биледі.

Жадымдағы жеті күн

Маржан Арапбаева, әнші:

Әр атқан таңның өз несібесі бар деп ойлаймын. Әйтеуір, қайнаған тірліктің бел ортасында жүрміз ғой. Жайма шуақ ауа- райына, адамдардың мерекелік көңіл күйіне қарап менің де еңсем көтеріңкі. Тыңдарман қауымға сүйінші хабарым бар. Осы аптада жаңа әнім дүниеге келді. Дәл қазір өңдеу жұмыстары жүріп жатыр. Алла қаласа, халықтың алдына жаңа әнмен шығуға аз уақыт қалды.

Шілденің 4-6 аралығында «Аялаған Астана» атты жас әншілердің байқауы өтпек. Соған қызу дайындық үстіндемін, себебі, талантты шәкіртіммен бірге ән салып, бағымызды сынап көрмекпіз. Бір ерекшелігі, әнді тек жанды дауыспен айтамыз. Барынша әсерлі, жоғары деңгейде өнер көрсетуге тырысамыз. Жеңіп шығып, «Новая волна» конкурсына жолдама алсақ деген үмітіміз бар. Нәтижесін уақыт көрсетеді.

Бұл апта мен үшін сәтті болды. Көптен бері спорттан қол үзіп қалып едім. Сол олқылықты толтырып, фитнеске баруды қайта бастадым. Бойымнан күш қуат, сенімділік сеземін. Сонымен қатар, отбасыма уақытымды көбірек бөлу мақсатында, балалардың демалысын пайдаланып, Бурабайға барып келдім. Табиғат аясында, жақындарыңмен сейіл құрғанға не жетсін, шіркін… Уақыттың қалай өтетіндігі адамның өзіне де байланысты ғой. Ізденіс пен еңбекке толы күннің қызықсыз болуы мүмкін емес. Сондықтан үнемі жаңа дүниеге ұмтыламын. Жалпы, әр күнім үшін, Аллаға мың шүкір айтамын.

Жазып алған Әйгерім БАЛҒАБАЕВА,
ЕҰУ-дің 2-курс студенті

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

ten − four =