АПТА АЙНАСЫ

0 88

Көрнекілікпен оқытудың көмегі орасан

Соңғы кездері білім ордаларында өз бетімен қазақ тілінде сөйлеу мақсатында көрнекі құрал, диалог арқылы оқушылардың қызығушылығын арттыру мәселесіне үлкен мән берілуде. Бұл – игі бастама, жақсы қадам.

Мұндай әдіспен оқыту оқушылардың білімге деген қызығушылығын оятып, қабілет-қарымын арттыра түсетіндігін, сондай-ақ, сөйлеу мәдениетінің біртіндеп қалыптасатынын дәлелдесе керек. Бұл жөнінде орыстың ұлы классик педагогы К.Ушинский: «Бала түрмен, бояумен, дыбыспен, жалпы түйсіктермен ойлайды. Осыдан келіп, олар үшін оқытудың қажеттігі туындайды. Ол дерексіз ұғымдарға және сөздерге құрылмайды, көрнекілік бала тікелей қабылдайтын нақты образдарға негізделеді» деген болатын.

Диалогтік және көрнекі құралдармен оқытудың құрылымы мен аясы кең. Мәселен, орыс тілінде оқитын сыныптарда қазақ тілін үйрету үшін әртүрлі әдіс-тәсілдер арқылы жұмыс жүргізу – таптырмас құралдың бірі. Оқушының ой-өрісін, таным-түсінігін, ынта-зейінін сурет-сызба, кестелер, ойын түрлері, тақырыпқа сәйкес көрнекі құралдар көмегімен ұдайы жетілдіріп отыруы, сондай-ақ, үзілісте, сабақтан тыс уақытта бір-бірімен диалог арқылы тіл сындыру жаттығуларын жасауы – әрбір ұстаз еңбегінің жетістігі. Біріншіден, мұндай әдіс мұғалімнің терең білімі мен асқан шеберлігін қажет етеді. Міне, сонда ғана мұғалім өз оқушысына қажетті дүниені бере алады деген сөз. Қазір заманауи техниканың дамыған кезеңі. Іздегеніңізді әп-сәтте таба қоясыз. Тек қабілетті, ізденімпаз шәкірт болса, жетіп жатыр. Жасыратыны жоқ, біз кеңестік дәуірдің аяғына тақау білім алдық. Ол кезде компьютер деген атымен жоқ. Бәлкім, бірлі-екілі болса, болған да шығар. Есімде, сол кездері бізге ЭВМ деген сабақ жүрді. Компьютерді көрмеген соң, мұғалімнің қызылкеңірдек болып түсіндіргенінен ештеңе ұға қоймайтынбыз. Соны оқып бітірдік қой.

Арада жылдар өтті. Кейін қалаға келген соң компьютермен жұмыс істеуге тура келді. Амал жоқ, басынан бастап үйрендік. Ұққаным, ауызекі тілде айтқан бір басқа да, көз алдыңда бүге-шүгесіне дейін көрсетіп, түсіндірген бір басқа екен. Осыдан кейін көрнекі құралдар арқылы тіл үйрету жұмыстарын балабақшадан бастап үйретсе де артықтық етпейтініне көз жеткіздім. Әрі бүгінгі сәби – ертеңгі оқушы, шәкірт. Мектепке де бесаспап дайындықпен келген болар еді. Балабақша меңгерушілері мен тәрбиешілеріне мемлекет тарапынан көңіл бөлініп, басымдық берілсе игі.

Дана НҰРМАНОВА,
№15 мектеп-лицейдің қазақ тілі
мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

 Дара спортшылардың даңқына орай…

Алдағы уақытта Олимпиада чемпионы Илья Ильин және мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен «Астана» президенттік спорт клубына бөлек жоба ретінде енуі мүмкін.

«Қазіргі таңда «Астана» президенттік спорт клубына «Астана» велокомандасы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» футбол клубы, «Астана арландары» бокс клубы, «Астана» баскетбол клубы, «Астана – Дакар» клубы, «Астана» су полосы командасы енді. Сондай-ақ, бүгінде Илья Ильин мен Денис Тен бөлек жоба ретінде кіреді деген жоспар бар» деп мәлімдеді «Самұрық – Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарушы директоры Дархан Қалетаев.  Шілде айында «Астана» президенттік клубы Мемлекет басшысына таныс-тырылатын болады.

Тиімсіздіктен тоқтатылды

Астана-Алматы жүрдек пойызы темір жол магистралі жобасы бюджет үшін өте қымбатқа түсетіндіктен тоқтатылды. 

«Президенттің тапсырмасы бойынша қосымша сараптама жүргізілді. Жобаның қымбаттығы мен аталған бағыттағы тасымалдарды әуе көлігі арқылы жүзеге асыруға болатынын ескере отырып, «Астана-Алматы» темір жол магистралі жобасы тиімсіз деген қорытынды жасалды» деп мәлімдеді Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз қызметі.

 «Рамстор» көгерген йогурт сатты 

Редакциямызға Айжан есімді тұрғын хабарласып, мұңын шақты. Ол «Самал» шағын ауданында орналасқан «Рамстор» сауда орталығынан 12 дана «Чудо» йогуртын сатып алған екен, соның үшеуі көгеріп кетіпті. Мұндайды күтпеген ол чегімен бірге сауда орталығына барып, йогурттарды саудадан алып тастауды сұрайды. Алайда, ондағылар өнімді тек басқаға ауыстырып немесе тұтынушыға ақшасын қайтарып бере алатынын, бірақ йогурттардың бәрін сатудан алып тастай алмайтындарын алға тартқан. «Сауда орталығы мұндай өнім сатуға тиіс емес. Бұл – тұтынушының құқығын бұзу» дейді оқырманымыз.

Біз мәселенің мән-жайына қанықпақ боп, «Рамстордың» директоры Серікқали Бейсеновке хабарластық.

«Сауда орталығының сөрелеріне түсетін кез келген азық-түліктің сертификаты бар. Өнімдердің шығарылған уақыты мен жарамдылық мерзімі де қатаң қадағаланады. Ал йогурттердің көгеріп кетуі оның ішіне ауа кіріп кетуінен болуы мүмкін. Кейбір тұтынушылар сүт, айран секілді ақ тағамдарды сатып аларда, оның шетін ашып көреді. Термикалық өңдеуден өткен йогурттар тығыз жабылады, оларға ешқандай ауа кірмеуге тиіс. Ал сәл ауа кірсе, ол өнім жарамдылық мерзіміне қарамай, көгеріп кетеді» дейді ол.

Аптаның facebook сауалы

Қалқаман Сарин:
Астанадағы жастар театрындамыз. Б. Соқпақбаев «Менің атым Қожа» қойылымы. Көрерменнің сиқы мынау. Кім кінәлі?..

 Жарас Кемелжан:

Астанада өнердің ортасы жоқ қой. Ал Алматы деген ән әуелеп, күй төгіліп жатқан қала емес пе!

Жанар Қуатқызы:

Бәрі жарнамаға қарап қалған жоқ! Жастардың қызықпаушылығынан осы хәлге жетіп отырмыз. Егер ұлттық тәрбие тек қана қағаз жүзінде ғана іске асырылмай, өмірде де жүзеге асырылса, олай болмас еді.

Рустем Карынсауов:

Қандай қойылым – сондай көрермен шығар. Ол жағын да ойлап қояйық. Жалпы, «Менің атым Қожа» театрлық қойылымға келе ме?

 

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

twenty − 2 =