Апта айнасы

0 115

Ауқымды жобалар жалғасады

Осы аптада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­ «Теңізшевройл» Қазақстан-Америка бірлескен кәсіпорнының құрылғанына 20 жыл толу мерекесіне арналған салтанатқа қатысты. 

Салтанатты рәсімде Елбасы теңіз жобасының тарихы кеңестік кезеңнен басталғанын айтты. Өткен 20 жылда «Шеврон» компаниясы елімізге шамамен 20 миллиардтай доллар инвестиция салған. Атырау облысының әлеуметтік дамуына 800 миллион доллар жұмсалған. «Мыңдаған қазақстандық мамандар даярланды, онда біздің 3300 азаматымыз жұмыс істейді. Бүгінде Атырау еліміздегі ең әсем қаланың бірі болып саналады, біз оны Қазақстанның мұнайлы астанасы деп атаймыз» деді Н.Назарбаев.
Бүгінде бірлескен жұмыс одан әрі жалғасын таппақ. Алда жаңа міндеттер бар. Компанияны одан әрі дамыту, жоспарланған өндіру көлемін ұлғайту жүзеге асатын болады.

 Ұлттық құндылық ұмытылмас

«Қазмедиаорталығында» Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың идеясымен жүзеге асырылған «Қазақстанды таныту» телевизиялық жобасының тұсаукесері өтті.

Ұмыт бола бастаған кейбір ұлттық құндылықтарды жаңғырту үшін қолға алынған жоба қазақ халқының мәдениеті мен тұрмысын баяндайды. Екі минуттан аспайтын он бейнероликті қамтитын топтама түріндегі тележоба «Қазақстан» және «Хабар» арнасы арқылы көрерменге жол тартты.

Астанадан – Үрімшіге

Астана мен Үрімші арасында жолаушылар пойызы қатынайтын болды.

Осы аптада халықаралық «Астана -Үрімші» темір жол қатынасы қалпына келтіріліп, №54 жолаушылар пойызы қайта жүре бастады. Пойыздың жолда жүру уақыты – 39 сағат 12 минут. Пойыз Қарағанды, Ағадыр, Мойынты, Балқаш-2, Саяқ, Ақтоғай, Достық стансаларында аялдайды. Құрамында бес купелік вагон бар.

Апта  тағайындауы

Мемлекет басшысының Жарлығымен Ермұхамет Қабиденұлы Ертісбаев Қазақстан Республикасының Грузиядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.

Апта  «керектері»

Герольд БЕЛЬГЕР, 
жазушы-аудармашы:
«Шын жазушы биліктің емес, өзінің сөзін сөйлеп, арды мойындатқызуы керек».

Өмірзақ АЙТБАЕВ,
филология ғылымдарының докторы, терминолог:
«Өзіміздің сөздік қорымызда кірме сөздердің аудармалары болып жатса, оны өз тілімізге ыңғайлау керек».

Жәмила САДЫҚОВА,
«Темекі түтінінен азат Қазақстан үшін» ұлттық коалициясының жетекшiсi:
«Қорқорға салынатын қоспаның 30 пайызы – темекі. Қорқор арқылы таралатын түрлі инфекциялар көп. Сондықтан оған 100 пайыз тыйым салу керек».

Гүлмира Аймағанбет, Әділбек Жапақ

Пікір жазу

Почтаңыз жарияланбайды

eight − 1 =